Шымкент: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жеке құраммен кездесу өтті

496
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында Жергілікті полиция қызметі басқармасы, Патрульдік полиция полкінің мәжіліс залында Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Ермахан Әділханұлы Абдраманов төрағалық еткен кезекті жиын өтті.
Іс-шараға Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Б.Сейсебаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Ж.Әлжанова және А.Сманов атындағы мешіттің бас имамы Б.Шотабеков қатысты.
Жалпы күн тәртібінде жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңының талаптарын бұзбау туралы толығырақ талқыланды.
«Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасы» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды ҚР Президенті Қ.Ж. Тоқаев Мемлекет саясатының ең басты бағыты екенін атап өткен болатын. Осы орайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Заңы, оның маңыздылығы мен талаптары кеңінен түсіндірілді. Жедел жиналыста департамент бастығының орынбасары полиция қызметі мен сыбайлас жемқорлықтың мүлдем сыйымсыз ұғым екенін жіті алға тартып, бұл қылмысқа қарсы иммунитетті еселей күшейту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, алға қойылған жоба-жоспарлар жүйелі жүзеге асып жатқанын жеткізді. Тіпті, миллионды қалада полицейлердің парадан бас тарту жайттары жылдан жылға артқанын айтып, оңды өзгерістер орын алып жатқанығы жөніндегі нақты дәйек-дәлелдерді ұсынды. Сондай-ақ, басқосу барысында парақорлыққа жол берген жағдайда қолданылатын заң талаптары, тағайындалатын жаза жөнінде бүкпесіз баяндалды.
Бұдан бөлек, жеке құрамға тиісті жұмыс кестемен қатар тұрмыста да қызметтік-әскери тәртіпті қатаң сақтау туралы ескертілді.
Сыбайлас жемқорлық элементтерінен полиция қызметкерлерінің қатарын тазарту курсындағы басшылықтың принципті ұстанымы да атап өтілді.
Бұл бағыттағы іс-шаралар нұсқамалары пысықталып, нақты әрі жүгенді тапсырмалар берілді. Әр қызметкердің жекелей талап-тілегі мен мұң-мұқтажы тыңдалды. Психологиялық әрі моральдық тұрғыда кеңестер беріліп, полиция қызметіндегі идеология мен имидждің рөлі, мамандыққа деген құрметті арттыру және жауапкершілікті жіті сезіну мәселелері басты назарға алынды.
«Жемқорлықтың бір ғана жайты – қылмыстық жауаптылық пен жұмыстан шығаруға әкеп соғады, сонымен қатар адамның өмір бойына мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органдарында жұмыс істеу мүмкіндігінен айырады. Парақорлықпен күресу – әрбіріміздің міндетіміз. Отанға адал қызмет ету – қасиетті борышымыз. Біз Отанымызды қандай жағдайда болмасын, адал қорғауға ант бердік. Сондықтан, қоғамның тынышы мен тынысын бақылаушы ретінде қызметтеріңізге, бұл үшін қабылдаған анттарыңызға адалдық танытуға шақырамын және зор сенім білдіремін!», — деді полиция полковнигі Ермахан Әділханұлы.
Айта кетейік, Шымкент қаласы Полиция департаменті алдағы уақытта да мұндай маңызы мол жиналыстарды жиі ұйымдастырып, тиісті заңнама мен талап-ережені қатаң құнттайтын болады.
Өз кезегінде шымкенттік полицейлер барша қоғамды және қала тұрғындарын елімізді өркендету жолында сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмау, тиісінше оның алдын алу бағытында аянбай, бірлесе әрі жұмыла қызмет атқаруға шақырады.