«Министр Аймағамбетовтен талап етемін!»

817

Біздің биліктің өпіремдігін сипаттауға сөз жетпейді. Білім және ғылым министрлігі де сол жолға түскісі келіпті. Әңгіме педагогтарды аттестаттауға енгізіліп жатқан өзгеріс туралы.

Бұдан былай педагогикадан педагог-модератор- 18, педагог-сарапшы-21, педагог-зерттеуші-24, педагог-шебер-27 балл жинауы керек екен. Сонда мазмұнды дүние болса ғой. Шала-шарпы аударыла салған, іліп алары шамалы, космополитттік педагогикадан жоғары нәтиже сұралады екен.

Енді мұндай өзгеріске министрлікті не мәжбүрледі? Білім сапасы шетелдің сол педагогикасын білмегеннен түсіп жатыр ма? Жалпылай алғанда, мұғалімдер қауымы жаңартылған мазмұнның философиясын түсінді емес пе? Өзім сабақ беретін тарихты алсам, сыни ойлау деңгейін көтеріп, оқушыларды проблемаларды шеше алуға, өзі ізденіп білім алуға үйрету керектігі айтылған. Ал, тарихи оқиғалар мен даталарды есте сақтауға акцент берілмейтіні жазылған. Сөйте тұра, 11- сыныпты бітіргенде түлектердің алдынан ҰБТ-да мыңдаған даталар мен статистикалық деректер шығады. Сыни ойлап, проблемаларды оқушының өзі шеше алу үшін тағы да білім қоры керек қой. Ендеше, мұндай екі түрлі стандарттың керегі не? Бұдан бірінші кезекте кім сорлайды? Оқушы сорлайды. Жаттандылық керек емес деп алып, қазақ әдебиетінен ҰБТ-да бір ғана Ғабит Мүсіреповке қатысты 207 сұрақ беру-оқушыға жасалған психологиялық зорлық емес пе? Былтырлары аталған жазушыға қатысты 184 сұрақ болса, биыл көбейе түсіпті.

ҰБТ-ның тапсырмаларын тым күрделендіріп, екі-үш жауапты сұрақтарды қосу да сындарлы шешім болды дей алмаймыз. Қазірден бастап, соны түзеген жөн деп есептеймін. Бұрынғы оқушылар бір жауапты сұрақпен де оқуға түсті. Енді келіп, кейінгілерге қиянат жасауды кім ойлап тауып жүр?

Жаңартылған бағдарламаның жаттандылыққа қарсы екені айтылған ғой. Егер солай болса, мұғалімдер шетелдік педагогиканың негізгі идеясын түсінді. Соның ішінде өзім үшін бір ғана тұсы: оқушының өз еркімен ізденуі туралы жері ұнайды. Бұл да сосын естімеген жаңалық дей алмаймыз. Отандық педагогикада бұрыннан бар дүние. Бекжан Сұлтанғалиев деген математик ағайымыз бригадалық әдісті ширек ғасырдан астам бұрын қолданушы еді. Сыныпты 4-ке бөліп, әр топтың басшысына өз білгенін топтағы 4-5 оқушыға үйреттіретін. Жемісі жаман да болмайтын. Л.Выготский айтты деп жүрген ЖАДА-жақын арадағы даму аймағы мен «көпіршені» біз солай өзіміз жасағанбыз.

Білім саласында қолға алатын шаруалар жеткілікті. Әсіресе, бағдарламаны жөнге салу керек. Бұрындары тарихты 6-сыныптан бастап оқитын еді. Үш жылдан бері соны бір жыл ерте бастайтын болды. Мұның мүлдем дұрыс болмағанын бірден айттық. Жас ерекшелігін ескермей жасалған бағдарлама балалардың тауын қайтарып, оқуға ынтасын кетіруде. Бастауыштан жаңа келген баланы өйтіп бірден қиынға салмау керек еді. Министрліктің тарихты бір жыл ерте енгізгенде көздегені 10-11- сыныптың оқушыларына саясаттану мен әлеуметтануды оқыту болған ба деген ой келеді? Мектеп бағдарламасын шектен тыс ғылымиландырудың керегі не?

Басқа сабақтардың да оңып тұрғаны көрінбейді. Бір құрдасым 5-сыныпта оқитын қызының орыс тілінің тапсырмасын көрсетті. Көлемі бір жарым беттен тұрады екен. Менің өзімді безіндіріп жіберді. Қазақстанның географиясын да құртыппыз. Тоғызыншы сыныпта жеке оқылатын пәнді әр сыныпқа бөлетіні айтылып еді: тамтығы да қалмапты. Қазақ әдебиеті де солай екен. 7-сыныптың оқушылары Исатай Тайманұлының көтерлісін өтерде Исатайды білмеді. Біздер бесінші сыныпта Махамбеттің өлеңдерін оқып, Исатайдың асқақ тұлғасымен танысқан едік. «Тастөбенің түбінде, Түніменен түйіндік»,-деген жолдар арқылы тарихтан оқымай тұрып та әдебиеттен Тастөбе шайқасын білгенбіз. «Қарой» әңгімесінен Махамбеттің қай жерде, қашан қаза болғанына дейін санаға түйдік. Кеше ғана дүниежүзі тарихынан 7-сыныптың бірде-бір оқушысы порттың не екенін білмеді. Айта берсе, мұндай мысалдар көп қой. Әйтеуір, бұрын пәндер арасында сабақтастық болатын. Жаңартамыз деп жүріп, соны жоғалтыппыз.

Қазақстан тарихынан оқушыларға Жетісу, Сарыарқа, Алтай деген тарихи-географиялық аймақтарды түсіндіру де бір қиямет болды. Қазақстанның географиясын құртқанның жалғыз пайдасы сол болса керек. Биологияға зер салсам, биохимияға айналыпты. Оқулықтары институттың химия факультетінің кітабына ұқсайды екен. Қазақ тілінен грамматиканы да өлтірді. Диктант жазбаған оқушылар тарихтағы грек авторларын «грек афтырлары» деп жазатын болды. Қысқасы, қай пәннің бағдарламасына да мықты сараптама, біраз өзгеріс керек.

Жаңартылған бағдарламаны құптамайтындар белгілі білім-ғылым қайраткерлері ішінде де жетерлік. Мұрат Жұрынов бірде біздің химиядан 7-сыныпта оқитынымызды АҚШ-та 9-сыныпта өтетінін айта келе, еліміздің орта мектептеріндегі оқу бағдарламасының көп елдерден көш ілгері екенін айтқан еді. Әдебиетші ғалым Дандай Ысқақов та Ұлыбритания мектептерінің посткеңестік мемлекеттердің бағдарламасына ден қоя бастағанын былтыр ғана жазды. Әділ Ахметов ағамыз да АҚШ-тан келген білім саласы мамандарының біздің елдің білім жүйесіндегі стандарттарды ұнатпай, өзгеруге үгіттегенін айтқан болатын.

Сонымен, мен ғана емес, мұғалімдердің дені педагог кадрларды аттестаттауда педагогикадан шекті балды көтеру-дұрыс шешім емес деп санайды. Өз басым қайта пәндік балды көтеруге қарсы емеспін. Мұғалім үшін космополиттік педагогикадан өз пәнін жете білу- он есе маңызды. Жалпы, біліктілік тестін тапсырудың мақсаты ұстаздың білімін бағалау емес пе? Бұған қосымша жетістіктер папкасын талап ету-қисынсыз болатын. Жарайды деп, сонысына да көнген едік. Енді мынадай депривациядан кейін министрлік мұғалімдердің біліктілігін көтеріп, жалақысын жоғарлатқанын қаламайтын болып тұр деп ой түйеміз.

Асхат Аймағанбетов мырза! Мұның алдында да мектептерді жеделдетіп интернетке қосуды қолға алу мен экология пәнін енгізуге қарсылығымды білдіріп жазба жарияладым. Соған атыңызды атасам да жауап берген жоқсыз. Мен сұрап өтінбеймін, талап етемін. Волюнтаризмді қойып, қордаланған проблемаларды шешу керек. Жоғарыда солардың бір шеті айтылды. Талап бізден, шешім сізден болсын.

Р.S. Мен өз басымды ойлап отырған жоқпын. Аттестаттаудан үш жыл бұрын алғашқылардың бірі болып, бірінші кезеңнің бірінші күні-ақ өттім. Сарапшыға тапсырғанмен, шебердің білімін жинадым. Содан бірер ай бұрын ғана мұғалімдердің пән олимпиадасының облыстық кезеңінен ІІ орын алған едім. Басқа да жетістіктерім болған. Сөйтіп, сол кездің өзінде бір саты жоғары санатқа лайық болсам да педагог-зерттеушіні қанағат тұтқан едім.

Серік Зиятов, Қазақстан мұғалімі.