Смайылов үкіметі «жарымжан жобалармен» жұмыс істей ме?

624

Біздің ел қазынасында қыруар қаржы бар. Ұлттық қорды айтып отырмыз. Әсіресе қиын, нақты айтқанда әлемдік қаржылық дағдарыс орын алғанда және басқа да жағдайларда жұмсалады. Дұрыс, мұны қолдаймыз. «Бірақ есепсіз кетіп жатқан ақшаны қадағалайтын біреу бар ма, үкіметте?» деген де кейде ой келеді.

Бұлай деуімізге бір себеп бар. 2019 жылы Асқар Мамин үкіметінің тұсында ерекше бір бағдарлама қабылданды. Атын атап айтар болсақ, «Қарапайым заттар экономикасы». Бұл бағдарлама қабылданды, ал одан кейін не болды? Жалпы «қарапайым заттар экономикасы» дегеніміз не? Сол тұстағы үкімет мұндай аты жақсы бағдарламаны неге қабылдады? «Қарапайым заттар экономикасын» дамытудың мақсаты — халықтың қажеттілігін қанағаттандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру. Сөйтіп, 2019 жылдың басында «қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша қазақстандықтар жыл сайын, тіпті күн сайын пайдаланатын тауарлар шығарылады. Тіпті қисық ине мен қасық, тіпті тұрмыстық техникаға дейін отандық өнімді тұтынатын боласыз. Жақсы бағдарлама, тамақ, киім, аяқ киім, тұрмыстық техника, жиһаз, құрал-сайман, барлығы да отандық өнім болады. Сырттан тасқын болып келіп жатқан импорттық тауарлар жергілікті тауармен алмастырылады. Мұндағы мақсат – ең алдымен отандық тауар өндірушілерге қаржылай қолдау көрсету. Жақсы емес пе, бәрі де отандық, қазақстандық өнім. Осы мақсатқа ел қазынасынан 600 миллиард теңге бөлінді. Тіпті кейін қаржының көлемін 1 триллион теңгеге дейін ұлғайтты. Атап айтар болсақ, Ұлттық банк өз қаражаты есебінен және оның басқаруындағы қаражаттар есебінен 600 млрд теңге бөлді. Оның ішінде 400 млрд теңге – өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерді ынталандыруға, 100 млрд теңге – агроөнеркәсіптік кешенде қайта өңдеуге, тағы 100 млрд теңгесі – агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріске бағытталды. Қыруар қаржы емес пе? Тіпті «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында отандық 65 тауар шығару ұсынылды. Күнделікті пайдаланатын өнімің отандық болса, тіпті жақсы ғой. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сол кезде өнеркәсіп тауарларының шамамен 82 пайызы, азық-түлік өнімдерінің 35 пайызы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің 23 пайызы сырттан келетінін мойындап, жария етті. Сондықтан «министрлік сырттан келетін өнімнің орнын осылай отандық тауарлар басады» деп халықты сендірді. Бірақ бағдарлама қабылданған 2022 жылға дейін қандай өзгеріс болды? Ешқандай.

Бір ғана мысал, өңдеумен айналысатын шамамен үш жүздей ірі және орта жобалардағы «қарапайым заттарды» қаржыландыруға қарамастан, үш жылдың ішінде отандық тауарларды өндіретін кәсіпорындардың санында еш өзгеріс болған жоқ. Есепсіз, бақылаусыз, құмда саны, суда ізі жоқ, босқа кеткен қыруар қаржы-ай?!  2019 жылдың басында 712 кәсіпорын болса, 2022 жылдың басындағы көрсеткіш – 714. Сонда айналасы үш жылдың ішінде отандық тауар өндіретін кәсіпорындарда еш даму болмаған болып тұр ғой. Бұл ешнәрсе емес, атап айтқанда Қазақстан нарығында отандық 65 тауар пайда болады» деген үміт көкке ұшты ма? Қайда сол отандық 65 тауар? Ешкім білмейді. Жоқ әлде, 2019 жылдың наурызында пандемия басталғанда, сол індетпен бірге жоғалды ма? Ал «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына жұмсалған 600 миллиард теңге тиісті бағытқа жұмсалды ма? Әлде Асқар Маминмен бірге құрдымға кетті ме? Ашығын айтайық, дәл қазір біздің үкімет сол «2019 жылдың басында қабылданған «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы туралы жақ ашпайды. Үндемейді. Басқа-басқа емес, дәл осы бағдарлама жайлы қазіргі үкімет басшысы Әлихан Смайылов білуі тиіс. Сол кезде ол Маминнің үкіметтегі орынбасары болды. Бірақ дамып кеткен отандық нарық жоқ, ешқандай 65 тауар отандық нарықты толтырған жоқ. Сол баяғы әуен, күнделікті пайдаланатын тауарлардың барлығы сырттан келеді. 30 жылдың ішінде қисық ине де шығармаған үкіметтен не үміт күтуге болады? Рас, жұртшылық жиі айтатын отандық «көк тазигіміз» бар. Бірақ тазик, ПАЗИК емес қой.

Ұлттық Экономика министрлігі «жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы іске асырылады, сөйтіп, нарық отандық тауармен толтырылады», деп жұртшылықты сендірді. Олар «отандық кәсіпорындарды дамыту мақсатында жеңілдетілген несие беріледі» деп тағы халықты алдағандай болды. 139,6 млрд теңге сомасына 209 жоба мақұлданды, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс саласында. 321 млрд теңге сомасына 306 жоба қарастырылды. Ал сол жобалардың бүгінгі халі нешік? Жүзеге асты ма? Ешкім де айтып бере алмайды. Демек бұдан шығатын қорытынды не? Біздің үкімет аты әдемі естілетін осындай жобаларды жасауға әуес. Бірақ еш нәтижесі жоқ. Біз жазып отырған «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы Ресейден көшірілгенін сарапшылар сол кезде де айтты. Ал қазір ше? Бүгін біздің үкімет «Ұлттық 10 жоба» бағдарламасымен жұмыс істеуде. Бұл да кезінде Ресейде іске асқан жоба. Ақиқаты, Ресейден көшірілген жобалардың оңғаны бар ма? Оны Қазақстанға әкелудің қандай пайдасы бар? Біздің елдің өз даму ерекшелігі бар емес пе? Соны төрт-бес жылдан бері үкімет құрамында келе жатқан Смайылов неге ескермейді?

Ең бір алаңдататыны, біздің үкімет бір жобаны бастап жатып, екінші бір жобаға ауысып кете береді. Сөйтіп, алғашқы бастаған жоба аяқсыз қалады. Кеше үкіметбасы Смайылов тағы бір жобаны қолға алғанын жария етті. Ол  «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Бұл «ауылдың жағдайын жақсартатын жоба» деп үкімет тағы сендіріп отыр. Аталған жоба бойынша биыл 736 ауылда 143 млрд теңгеге 1,5 мың жобаны іске асыру жоспарланған.119 жоба – ТКШ саласында, 275 жоба әлеуметтік инфрақұрылым бөлігінде, сондай-ақ 1,1 мың жоба ауыл ішіндегі жолдардың жағдайын жақсартуға бағытталмақ.

Біздің алаңдайтынымыз,  үкімет «ұлттық» деп айдар тағуға әуес осындай жобалар тағы да жолда қалмаса деп тілейміз. Тағы да «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты ұмыт қалмаса екен. Ал халыққа жартылай жұмыс істейтін, жолда қалып қоятын «жарымжан жобалардың» керегі жоқ.

zhasalash.kz