Жақсы ортада, жайсаң жандар арасында жүрген сәттер еш уақытта естешықпайды екен. Бұрынғы Бөген аудандық «Коммунизм таңы», қазіргі
«Ордабасы оттары», кейіннен облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Заң және
заман», «Қаржы» газеттерiнiң редакциясында қызмет еткен тұстарда асыл
ағалар мен құрдастардың ортаны шаттық пен күлкiге кенеген әдемi әзiлдерi,
тосыннан айтқан тапқыр сөздерi санамда нақ бүгiнгiдей сайрап тұр. Әзiлi
жарасымды сол бiр жақсы күндердiң шарапаты көңiлiме жарық сәуле шашып,
жүрегiме маздата жылу жағады да тұрады.
«Коммунизм таңы» газетінде
ДҮЙСЕНХАН
Темірландық талантты ақын Дүйсенхан Нақымов ұзақ жыл сол кездегі Бөген
аудандық «Коммунизм таңы» газетінде қызмет етіп жүргенде тосыннан құрт ауруын
жұқтырып, аурухана төсегіне таңылды. Өмірге құштар, тепсе темір үзетін жас жігіт
ауруға мойынсұнбай ұзақ күресті, қаламы қолынан сусып түскенше өлең жазумен
болды. Амал не, меңдеген ауру ақыры өз дегеніне жетіп, өмір бойына армандаған
кітабын көре алмай бақилыққа аттанды. Ол өзінің бұл кеселден енді айықпасын сезсе
де ұнжырғасы түсіп, жігері жасыған емес, үнемі әзіл-қалжың айтып көңілді жүруші еді.
Кеңес Армиясы қатарында жауынгерлік қызметімді өтеп келгесін осы аудандық
газетке мәдениет және әдебиет бөліміне қызметке тұрғанда, ауруханада жатқан
Дүйсенханның орнына уақытша орналасқанымды кейін білдім. Дүйсенхан емделіп
жатса да ара-арасында ауық-ауық редакцияға келіп-кетіп жүретін. Сонда «Ислам
редакцияға жаңа леп, жаңаша жұмыс стилін ала келді, ол газетте ТАСС пен ҚазТАГтың хабарларын азайтты, тек жергілікті материалдарды береді», — дегені есімнен
кетпейді. Ол кезде менің жиырманың ол жақ — бұл жағындағы жалындаған жігіт
шағым еді, жаны күйзелісте жүрген Дүйсекеңнің жүрек түкпіріне терең үңілместен оны
жайшылықтағы ашық-жарқын мінезіне қарап уайым-қайғысы жоқ, ауруы жеңіл өте
шығатын қатардағы дені сау адамдардың қатарына қосқанымды кейін білдім ғой.
Өмірінің соңғы айларында ауруханадан үйіне сұранып шығып, өлең жинағын
шығаруға бар күш-жігерін сарқа жұмсады. Біздерді кезек-кезек шақырып өлеңдерін
машинкаға бастыртатын. Машинканың жанындағы стол үстінде міндетті түрде бір
жартылық тұрушы еді және шамалы жұмыс істеген соң бір стакан құйдыртып қоятын.
Өзі болса ұзақ жөтеліп, тынысын әрең алып, болашақ жинағының өлеңдерін қинала,
әзер дегенде диктовка жасайтын. Бірақ соған қарамай екі сөзінің біріне әзіл
араластыра, қуақы күліп отыратын асыл жанның құдыретті күшіне бүгінге дейін
қайранмын.
— Ислам, ана жүз грамнан құйып қой!-дейді ол. Одан соң:
— Тарт! — дейді.
Мен шүп-шүп толған стаканды ұстап мүдіріп қалам. Ол:
— Кідірме, тартып жібер, асқазанға барған соң «Өлдім!» деген даусы шаңқ ете
қалсын! — дейді.
Маған не, дәу қырлы стаканды бір-ақ тартамын. Ол өзі қапсағай денелі , келісті
жігіт еді, менің ішкеніме көзі от шаша сүйсіне қарап қалатын.
Қазір ойлап қарасам, сонда ол сау кезін, бізге ұқсап қайтпай сілтейтін жастық
шағын еске алып тұрады екен ғой. Ол кезде «Дүйсенхан айтыпты» деген сөзді жиі
еститінбіз…
КӨМЕКШІ
Дүйсенхан аудан орталығындағы жаңа үйге көшіп, жүктерін түсіре бастаған сәтте
өлеңдері республикалық басылдарда енді-енді шығып әлі танымал болмаған
Нармахан Бегалиев бір жолдасын ертіп келіп көппен бірге олар да жәрдем берісіпті.
Сонда Дүйсекең күңкілдеп: “Нармахан ана бір шашы бұйра сыған сияқты немені
қайдан тауып ертіп келген.Өзінің жүк көтерерліктей де әуселесі жоқ екен, бекерге
араққа ортақ болатын болды”-депті жанындағыларға.
Кейін Дүйсекеңнің өзі әрі әзіл, әрі мақтаныш ретінде айтып отыратынындай,сөйтсе
бұл қонақ жас қара жігіт болашақ классик ақын Төлеген Айбергенов екен.
БАҚ
Демалыс күні Дүйсенхан мен Нармахан Темірланның орталық көшесінде келе
жатып:
— Біздің бағымызға қарай осындайда алдымыздан ақшасы көп, ақылы аз біреу
шыға келсе ғой,-деп ауыздарын жиып бола бермей қарсы беттен Нарекеңнің әйелі
Пернекүл көрініпті. Тосын кездесуден сасып қалған екеуі ешнәрсе айта алмай күле
берсе керек.
— Әй, сен екеуің пивоға ақша таппай қиналып тұрған сияқтысыңдар ғой!-деп
сөмкесіне қол салыпты ақкөңіл Пернекүл апай.
ЖАҢАЛЫҚ
Дүйсенхан ауруханада газетке шұқшия үңіліп отырса, жанына бір шал келіп
отырыпты да:
— Кәзитіңде не жаңалық?-депті. Көңіл-күйі болмай мазасы қашып отырған
Дүйсекең қитығып:
— Кореяда Дуй-Сен-Хан деген жаңа патша сайланыпты,-депті өз атын буынбуынға бөліп.
КӨҢІЛ СҰРАУ
Дүйсенхан ауруханада жатқанда редакцияда істейтін бір топ жігіт артынан көңіл
сұрай барып гүл, пішинан, кәмпит апарған көрінеді. Пакетті ашып көрген Дүйсекең
әзіл-шыны аралас :
— Мына әкелгендеріңді кері алып қайтыңдар, кәмпит-пішинанды не істеймін,
жерге егемін бе? Гүлдерің не тағы да, мен қыз ба едім?-деп торсаңдапты.
Кейін үйіне шыққан соң әлгі әңгімеден қорытынды шығарған достары енді арақшарап апарып қателіктерін түзетіпті, гу-гу отырыс жасапты.
— “Ат аунаған жерде түк қалады” деген, мына бір ашылған арақты іше алатын
түріміз жоқ, қала берсін,-десе, Дүйсекең:
— Ойбай, қалдырмай ішіп кетіңдер, түнде түсіме кіріп пәле болады!-депті.
ЖАУАПТЫ ХАТШЫ
«Коммунизм таңы» газетінің жауапты хатшысы болып тұрғанда редакторға бір
жұмыстармен кіріп кабинетіме қайта оралсам, орнымда жұқа ақ шәпкісі бар, құлағы
қалқиған, көзі күлімдеген бір сары кісі отыр. Менің тосылып қалғанымды байқады да,
сөзді өзі бастады:
—Сенің алдыңда тұрған — газеттің бұрынғы жауапты хатшысы!—деді ол.
Бұл — жазушы жерлесіміз, бір кезде осы газетте қызмет еткен Садықбек
Адамбеков екенін бірден білдім.Өзін бетпе-бет көрмегенім болмаса сырттай жақсы
танимыз ғой, қуанып құшақтай алдым. Абзал да асыл аға өткен күндерін сағынып
қалған екен, редактордың кабинетінде болған басқосуда көсіле,тоқтамай ұзақ та
қызықты әңгіме айтты.Ешкімді де жатырқамайтын көпшіл кісі кез келген адаммен
күнде араласып жүрген етене жақын жандай жүдә жылы сөйлеседі екен.
Осы тұста редактордың орынбасары Сабыр Әлібеков:
—Садықбек аға, өткенде сізді Шымкенттегі теміржол вокзалында көріп қалып,
амандасып едім, онша назар аударған жоқсыз ғой,-деп еді, Сәкең:
—Өй, ондай өтірігіңді қой, қолыңды өліп-тіріліп қыса амандасып едім ғой!-деді.
ЖАЙСЫЗ ТҮС
Бұрынырақта газетте корректор болып істеген Ермек Топшақов деген аға
Темірланға келген сайын редакцияға соқпай кетпейтін. Жастық шақтағы, редакция
қабырғасындағы небір қызықты оқиғаларды, тентектігі мен еркеліктерін айтып жұртты
күлдіріп отыратын. Ол кезде газеттің редакторы Пайыз Кәдеев аға екен.
Бірде редактордың бір жұмыстармен шұғыл шығып кеткенін байқап қалған Ерекең
табан астынан қулық ойлап, бастықтың кабинетіне білдірмей кіріпті де секретарша
қызға барлық қызметкерлерді редактордың кабинетіне шақыр деп звондапты. Сөйтіп
өзі редактордың жұмсақ креслосында қолына “Правда” газетін алып, бетін
көлегейлеген күйі жұрттың келуін күтеді. Мектепті жаңа бітіріп келген жас қыз
тапсырманы бұлжытпай орындап, сонда істейтіндердің бәрін шақырып шығыпты.
Кабинетке шұғыл жиналған қызметкерлер екі қолының ұшы ғана көрініп газет оқып
отырған “редакторды” не айтар екен деп ары күтеді,бері күтеді. Ал “бастықта” үн жоқ,
газеттен бас алмай отыра беріпті.Біз келдік, неге шақырып едіңіз деп айтуға ешкімнің
батылы жетпей бір-екі жөткірініп белгі берген болыпты. Бөлмеде шыбын ұшса естілер
тыныштық орнап, бәрі бір-біріне таңырқай қарасып, тықырши бастағанда редактор
ұстаған газет селкілдей бастапты да артынша күлкіден жарылардай болып әзер
шыдап отырған Ермек атып тұрыпты.Сонда жұрт оған ренжудің орнына мынадай
тапқырлығына риза болған екен.
Сол Ермектің тағы бір әзілі бүкіл ұжымды есінен тандыра жаздап, жағаларын
ұстатыпты.Бірде редактор Пайыз аға кезекті еңбек демалысынан оралып, редакция
қызметкерлерін кабинетіне жинапты. Пәкең жұмыста қаткыл талап қойғаны болмаса
негізінен ақжарқын,көпшіл, әзіл-қалжыңға жақын жүретін жан еді. Бұл жолы да
көтеріңкі көңіл- күймен бәрінің хал-жағдайын сұрай келіп:
— Мені сағынған жоқсыңдар ма?-десе, арт жақта отырған Ермек:
— Пәке, мен сізді түсімде көріп, шошып ояндым!-депті.
БЮРО
Бала кезімізде аудандық партия комитеті деген болады, онда анда-санда бюро
өтіп тұрады екен, оның талқысына түскен адам не ары, не бері болып шығады дегенді
есітіп, коммунистерден “бюроның” мағынасын сұрағанымызда олар да құтыртып:
“бюро — адамды бұйралайтын мәжіліс” деп онсыз да сұсты мекемеге деген үрейімізді
үдете түсетін, іштей құдай бізге бюроны көрсетпей-ақ қойсын деп тілейтінбіз.
Осындай әңгімені есітіп өскендіктен бе, аудандық партия комитетінің ғимаратына
кіргеннен еңсемді бір ауыр сұс басып, шыққанша өкпем қысылып кететін.Онда
қызмет ететіндер де жұрттан өзгешелеу, қысы-жазы галстугын тастамай сіресе қатып
қалған ресми болып көрінетін. Коммунист болмай-ақ бір күнімді көрермін деуші
едім.Бірақ амал бар ма, ол кезде партияға өтпесең күнің қараң.Партия қатарында
болмағаннан кейін редактордың орынбасары ретінде газетке де қол қоя
алмайтынмын.Менің орныма жауапты хатшы, коммунист Зұлпыхар Жүзбаев
“редактор үшін” деп рұқсат беретін.Онда да бірден қол қоймай, ручкасын газет
бетінде қамышыдай үйіріп: “Ай, атылып кететін ешнерсе жоқ па?” деп маңғазданатын.
Кейін партияға кандидаттыққа өтер кезде жатпай-тұрмай дайындалып,Жарғыны
басымызға қойып ұйықтағанымыз, ал қабылданатын күні бюроға кіргенде тізем
дірілдеп,айтатын сөзімнен шатасып,жүрегімнің аттай тулағаны, бірінші сұраққа жөнді
жауап бере алмай, екіншісін біліп тұрсам да жөнді айтып бере алмай қиналғаным әлі
естен шыққан жоқ.Сонда аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы
Сыздықов менің бей-жай күйімді байқап:
— Бұл бала бірінші нокауттан кейін есін әлі жия алмай тұр!-деп күліп еді.Бюро
мүшелері де жаппай жымиған болды.Маған күлу қайда, әйтеуір сұсты адамдардың
жүздеріне қан жүгіргенін ғана көңілге медеу тұтып едім.
Кейін-кейін біле бастадық қой, біз құдайдай көретін партия қызметкерлері де
пенде екен, олар да тәртіп бұзады екен, олар да күледі екен.
Партия комитетінің бір бюросында аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі
Сапарбек Медеубековтің есебі тыңдалыпты.Меңгерушінің хабарламасы біткен соң
бірінші хатшы:
—Біраз жақсы жұмыс атқарылыпты, ал қандай кемшіліктер бар, оған мүлдем
тоқталмадыңыз ғой? — десе Сапекең:
—Кемшілік дейсіз бе, ол жағынан енді ұяттылау болып тұрмыз,-депті.
Осындай бюрода бірінші хатшы Сыпатаев атындағы совхоздың директоры
Арутунянға қатты шүйлігіп,орын алған кемшіліктерді атап көрсетіпті.Ол өзі армян
болғанымен қазақшаны мақалдатып сөйлейтін, міндетіне мығым, іскер жан еді.
Аспай-саспай орнынан көтеріліпті де:
—Мұның бәрі де мен отпускада жүргенде орын алған нәрселер ғой.Құдай ұйықтап
жатқанда сайтандар не істемейді?- депті.
МАҚАЛА
«Коммунизм таңы» газетiнiң жауапты хатшысы Зұлпыхар Жүзбаев пен аудандық
баспахананың бастығы Нұрабай Шапатаев екеуi түйдей құрдас, 1941 жылы туғандар,
бiрiн бiрi әдемi әзiлмен iлiп, бiрiн бiрi «Әлгi жылан жылғы қайда?» деп iздеп жүргенi.
Бiрде облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетi баспасөз күнi мерекесiне орай
аудандық баспаханасының жұмысын көрсетпек болып Нұрабай Шапатаевтың
мақаласын берудi жоспарлайды. Арнайы тапсырыс алған Нұрекең тепкiлеп, сөзiн
өткiзе алатын Зүкеңе барлық мәлiметтерiн, көрсеткiштерiн берiп, ой-толғамдарын,
жоспарларын айтып, шұғыл мақала жазып берудi өтiнедi. Ешкiмге «жоқ» деп айта
алмайтын, бiрақ секретариаттың күйбең тiрлiгiне шырмалып, қолы босай бермейтiн
ақкөңiл Зүкең желпiнiп тұрып, «Ол бiзге сөз болып па, ертең мақала стөлдiң үстiнде
жатады» деп уәде бередi. Бірақ сол мақала ертеңiне де, арғы күнi де, тiптi бiр-екi
апта өткеннен кейiн де дайын болмай Зүкең: «Аз ғана қалды, соңғы беттерін жазып
жатырмын, таңертең кабинетiңе апарып беремiн», — деп соза бередi. Сау басына
сақина тiлеген Зүкең Нұрабайды көрсе айналып кететiндi шығарып, көзiне түспеуге
тырысып жүредi. Оның «Оңтүстiктiң» тапсырысы бойынша мақала жазатындығы
баршаға жария болады. Кейбiр қулар Зүкеңдi «Сiздi Нұрабай iздеп келе жатыр» деп
қорқытуды шығарады.
Бiр күнi Зүкең жұмыстан кейiн арнайы қалып, сол мақаланы жазуға ендi кiрiсе
бергенде есiктi жұлқи ашып Нұрекең кiрiп келiптi. Қапелiмде сасып қалған Зүкең
орнынан атып тұрып:
— Мiне мақалаң, дайын! — дептi тап-таза қағазды ұстап тұрып.
Нұрекең қызулау екен, қапалықтан сөйлей алмай бiраз тұрып қалыпты да:
— Иттiгiңе рахмет! Ендi жазбай-ақ қой. Жазам десең де саған жаздырмаймын,
баратын жерiңе бар!- деп тосыраңдай өкпелеп шығып кетiптi. Сөйтсе Зүкеңнен
әбден түңiлген Нұрекең сол күнi «Оңтүстiктiң» жiгiттерiне арнайы барып, интервью
берiп, шаруаны тындырып келген екен.
МӨР
Зұлпыхар аға өзiнiң аңғалдығынан, ақкөңiлдiгiнен құрдасы Нұрабайдың бiлдiрмей
құрған қақпанына түсiп пұшайман болады да жүредi. «Жауы» алыста емес, жанында
екенiн аңғармайды да, қайта сол Нұрекеңнiң өзiне барып, ақыл сұрайды ғой.
Бiрде редакцияның есепшiсi Айзада өз тiрлiктерiмен сұранып, мөрдi уақытша
Зүкеңе тастап кетедi. О бастан ұмытшақ, төгiлiп-шашылып жүретiн Зүкең мөрден
бiрiншi күнi-ақ айырылып қалады. Кабинеттiң астаң-кестеңiн шығарып iздейдi,
табылмайды. Бiреулерден көрдiң бе деп сұрайын десе жария етуге тағы батылы
жетпей дал болып Нұрекеңе келедi де:
— Тәте, менi құдай ұрып қалды, ана Айзада келiнiм басқа адам таппағандай мөрiн
маған дайындап кетiп едi, жоғалтып алдым. Алсаң қайтарып бер, айтқаныңның бқрiн
орындаймын,- деп жалынады.
— Сенiң кеңсең бөлек. Мөрiңдi тығып ойнайтындай менде уақыт та жоқ, жұмысым
басымнан асып жатыр,- деп ашуланған болады ол.
— Сенен басқа кiмге айтам, жәрдем бер, ендi не iстеуiм керек? — дейдi дал болған
Зүкең.
— Айзадаға духи, шоколад әперiп, көңiлiн таба тұрармыз, Нармахан естiсе кешiре
қоймас, жұмыстан шығарып жіберуі де мүмкін, онымен қоса мойныңа қыруар ақша
салады, — деп Нұрекең қара аспанды төндіреді. — Одан да бiлдiрмей жаңасын жасатып
алу керек. Милицияда таныстарым бар, жәрдем бередi. Ол үшiн жақсылап дастархан
жасайсың және жаңа мөр алуға мынадай құжаттар жинайсың,- деп тiзiм жасап бередi.
Содан астыртын алашапқын жүгiру басталады. Бұрын мөр ауыстырып көрмеген
Зүкең айтқан құжаттарды бiрiнен соң бiрiн түгелдеймiн деп шаршайды. Қалтасына
мөрдi тығып алған Нұрекең сылқ-сылқ күлiп өз жұмысымен жайбарақат жүре бередi.
Екi-үш күн өткен соң Айзада жұмысқа түсiп, мөрдi сұрайды. Зүкең «Шоколадың, духиiң
менiң мойнымда, сәл үндемей шыдай тұр, жаңасын әперемiн» деп шынын айтып
жалынады.
— Айналайын қайнаға, бәрiне рахмет, айдың соңы болып қалды, банктен ақша
алуым керек, тез мөрдi табыңыз,- деп ашуланады ол. Зүкеңнiң жұмысқа қолы бармай
әбден абыржығанын көрiп жаны ашыған Нұрекең оны шақырып алып:
— Жұмыстан кейiн жақсылап дастархан дайында, мөрдi қайта жасауға рұқсатқағаз
беретiн милицияларды шақырдым, Айзадаға да айт, бiрге болсын,-дейдi.
Зүкеңнiң де күткенi сол, барын салып шабылады. Не керек, сол дастархан
басында Нүрекең сейфiнде сақтап жүрген мөрдi Айзадаға салтанатты жағдайда
табыс етiп, күле-күле тарасады.
Ертеңiне жұмысқа келген Зүкең Айзаданың стөлінің суырмасы жартылай ашылып,
онда тұрған мөрдi көрiп қалады да:
— Айналайын келiнжан, ана мөрiңдi әрiрек тығып қойшы, — дептi.
ПАРОЛЬ
Зұлпыхар ағамыздың сыраға деген ықыласы айрықша. Бiз бiр бокалды әрең
тауыса бергенде ол үшiншiсiнiң көбiгiн жерге сорғалата төгiп «Болсаңдаршы,
қайталайық» деп тұрады. Тағы да жыл он екi ай тоқтаусыз iшедi. Қыстың күнi сыра
сатушыларға «Налей с подогревом» деп қояды.
— Алғашқыда бiр данышпандардың семiресiң дегенiне сенiп, ем ретiнде iшiп
жүрдiм. Қаяқтан! Әлi қатып-семiп жүргенiм мынау, қырым етiм жоқ. Бiрақ сыраға
әбден үйренiп алдым, аңсап тұрамын. Iшпесеңдер де серiк болыңдар, — деп бiздi
кезек-кезек ертiп кетушi едi.
Бiрде кабинетке самбырлай кiрдi де ай-шай жоқ:
— Жүршi, бiр саптаяқ сыра iшiп қайтайық. Жұмыстан өлдiң бе, ол қасқыр емес қой
қашып кететiн. Тұрсай орныңнан, немене, стөлге желімденіп, жабысып қалдың ба? —
деп төпелей жөнелдi.
Одан соң ойланып барып:
— Ай, осы мен «сыра, сыра» деп сампылдаймын да жүремiн, есiткен жұрттан ұятау, соның атын өзгертейiкшi. Мысалы «Петя» десем ешкiм түсiнбей қалмай ма. ПивоПетя, әдемi емес пе?
— Жоқ, «арыс» дегенiңiз жатықтау әрi елеусiздеу болады. «Арыс» — керi қарай
оқысаңыз: «сыра»!
— Ойбай-ау, мынау бiр қатқан пароль болды ғой, — деп қарқылдай күлдi Зүкең.
Содан берi қарай ендi ол:
— Жүр, «Арысқа» барып қайтайық, — деп тұратын болды.
— Билетiм жоқ, — десем екi қалтасын бiрдей ұрып:
— Менде бар, Айзада келiнiм бiр айға жететiн билет берiп қойған, — дейдi.
ҚҰТТЫҚТАУ
Зұлпыхардың Нұрабайға құрдас ретiнде кеткен есесi қыруар. Сондықтан да ретiн
тауып оны қалай да қақпанға түсiру Зүкеңнiң бiтпес армандарының бiрi. Алайда
Нұрекеңнiң басын қатырып, әуре-сарсаңға салып қоюға деген құлшынысы
қаншалықты зор болғанымен оның орайын келтiре алмай, керiсiнше өзi күлкi болып
жүредi.
— Нұрабайды қатырдым — деп, елпiлдеп келдi Зүкең бiр күнi. Оған 23 февралымен
құттықтап бiр қыздың атынан открытка салып жiбердiм, кiм екенiн бiлмей басы
қатсын. Ол сенен еш нәрсе жасырмаушы едi ғой, бұл жөнiнде айта қалса менi сатып
жiберме, жүгермек!
— Жоқ-ә, құрдастардың арасындағы тiрлiкке нем бар араласып?! — деген едiм
сонда.
Бiр күнi баспахана алдындағы биiк баспалдақтың үстiнде сылқ-сылқ күлiп Нұрекең
тұр, қолында открытка. Анадай жерде оған жолай алмай қашқалақтап Зүкең жүр.
— Берi кел! — деп күледi Нұрекең.
— Бармайм! — деп алыстай түседi Зүкең.
— «Зоя!» өз атыңды өзiң жазып қойыпсың ғой, — деп одан бетер рахаттана күледi
Нұрекең. Келсей берi, неменеге қаша бересiң?
— Барсам ұрасың!
— Әйелдi ұрмайды, келе бер.
— Немене, сонда шашымнан сипайсың ба?
Зүкеңнiң мұқатамын деп өзi пұшайман халге түскенiне жаны рахаттанған Нұрекең
бұл сөзге жауап таппай күле бередi…
«ҚЫЛКӨПІР»
Зүкеңнiң iшкiлiктi қоямын дегенiне қанша заман?! Бiрақ сәл қыштаса ақкөңiлдiкпен
қайта iшiп қояды. Аузына тисе басы салбырап, жұрттан бұрын мас болып қалады да
«Қой, қайтайық!» — деп сағаты болсын, болмасын бiлегiн түре бередi. Бiрақ қайтып та
кетпей, iшкiлiк таусылғанша отырады. Тiптi өз үйiнде де осы дағдысына басып «Қой,
қайтайық!» дегенiн талай естiгенбiз. Iшердiң алдында «Қылкөпiрiм бар» деп үйiне
жақын маңдағы терең арықтың жiңiшке науа көпiрiн еске алып қояды.
Бiрде сол «қылкөпiрден» өте алмай қиналып тұрғанын Нұрабай көрiп қалып,
қызығына батыпты. Iшiп алған Зүкең көпiрдiң ортасына еңбектеп жете бере суы жоқ,
қалың қар басқан арыққа құлап түседi екен де, өрмелеп қайтадан керi қарай шығып
көпiрден еңбектеп өтiп бара жатып тағы құлайтын көрiнедi.
Ертеңiне осы әңгiменi айтып Нұрекең сылқ-сылқ күледi.
— Есiң дұрыс болса берi қарай емес, үй жағыңа қарай шықпайсың ба? — дейдi
кеше iшiп қойғанына онсыз да қызараңдай намыстана опынып тұрған Зүкеңе.
ТҮСКІ ҰЙҚЫ
Зүкеңнің үйде қосымша шаруалары көп пе, әлде тұзы жеңіл ме, жайшылықта
жұрттан бұрын келіп газет оқып отырады да ал бастығымыз Нарекең бәрімізді
кабинетіне жинап алып адамдарды түгендеп жатқанда кешігіп, сүріне-қабынып
дегендей кешірім сұрап кіріп келе жатады.
Бірде аудандық партия комитетінің бюросына қатысып қайтқан редактор түстен
соң бізді кабинетіне жинап, бөлімдер бойынша шұғыл тапсырмалар бере бастап еді,
есік жайлап ашылып ішке Зүкең кірді. Әңгімесін кілт үзген Нарекең оған қабағын түйе
қарап:
— Сағат үштен асып кетті, қайда жүрсіз? — деді. Зүкең қапелімде сөз таба алмай
тосылып қалып еді, Нарекең одан бетер қадалды:
— Бір бұл емес, үнемі кешігесіз де жүресіз, жасырмай шыныңызды айтыңызшы,
дәл қазір не жағдай болды?
Ақкөңіл Зүкең түлкі бұлаңға салмай ағынан жарыла:
— Түсте тамақтанып болған соң сәл жата тұрайын деп қисайып ем, аузым ыржиып
ұйықтап қаппын, кешіріңіздер!-деді.
ТӘРТIП
Таңертең кабинеттi ашып, орындыққа жайғасқаным да сол едi, Нұрекең кiрiп келдi.
— Кеше бiр отырыста болып едiм, iшiм өртенiп, кенезем кеуiп барады. Жүршi, бiр
саптаяқ сыра iшiп келейiк, анау «жылан жылғыны» да ертiп алайық, — дедi.
Үшеумiз Темiрланның орталығына келдiк. Мұнда үш-төрт жерде сыра сататын
дүңгiршектер болатын. Бәрi жабық тұр екен. Нұрекең төмен иілген тал
жапырақтарынан еңкейiп әлгi дүңгiршектерге ұзақ қарап тұрды да:
— Мұнысы несi, әлi бiреуi де ашылмапты ғой, — дедi таңырқап.
— Азанымен сыраны кiм iшедi деп келмей жатқан шығар, — дедiм мен жұбатқан
болып.
— Мәселе iшкен-iшпегенде емес, «распорядок дня» дегендi сақтап, ашып қоймай
ма? — дедi ол ашуланып.
БАЙЛЫҚ
Демалыс күнi Арыс қаласындағы меншiктi тiлшiмiз Зүпәр Мүсiлiмов, Тұңғышбай
үшеумiз көшеде әңгiмелесiп тұр едiк, Нұрабай аға келе қалды.
— Иә, бастарың қосылып қалыпты. Ойларыңда не бар, қымсынбай айта берiңдер,
бүгiн демалыс,- дедi ол кiсi жылы жымиып.
— Күн ысып кеттi ғой, бiр саптаяқ сыра iшсек дұрыс болар едi, — дедi Тұңғышбай
күмiлжiп.
— Қанша iшесiң?
— Сiздiң қалтаңыздағы бар ақшаға iшемiз.
— Онда жарылып өлерсiң, — дедi Нұрекең саспай.
ПАРТБИЛЕТ
«Оңтүстiк Қазақстанның» сол кездегi Бөген, Алғабас, Созақ аудандарындағы
меншiктi тiлшiсi Әлiмбет Бостанов Темiрланда тұрушы едi. Екi күннiң бiрiнде
редакцияға соғып, жiгiттермен әңгiме — дүкен құратын, шахмат ойнайтын, жұмыс
саябырсып қалса материалдарын машинкаға бастырып алатын. «Слам -төре, қолың
қышыған жоқ па?» дейтiн маған. Онысы — машинкаға материалымды басып бересiң
бе дегенi. «Қайсысың «мат» алғыларың келiп тұр?» — дейтiн Зұлпыхар мен Нұрабайға.
Мұнысы — шахмат ойнайық дегенi. Аға газет өкiлi мен аудандық газет
қызметкерлерiнiң арасында бiр әдемi де жарасымды сыйластық, бауырмалдық
байланыс қалыптасып, қоян-қолтық араласа жүрiп жатқан сол бiр тұстарда Әлекеңнiң
Зұлпыхар мен Нұрабайды кәдiмгiдей еңiретiп жылатқаны бар.
Әлекең жаңа соғылған кiрпiш үйден пәтер алып, сонда көшуге Зүкең мен
Нұрекеңдi және менi көмекке шақырды. «Кедей болсаң көшiп көр» дегендей бiр күн
бойына заттарды тасып, ауыр-ауырын өз орнына қойып, антеннасына дейiн орнатып
әрең бiтiрiп едiк. Арасындағы «шаңбастының» күшiмен шаршағанымызды да
сезiнбей, Нұрекең мен Зүкеңнiң бiр-бiрiн iлiп өтер, зiлi жоқ әдемi әзiлдерiне,
Әлекеңнiң анекдоттарына, антенна орнатпақ болып шатырға шыққан Нұрекеңнiң
қорқыныштан тiзесiнiң дiр-дiр еткенiне күле-күле үйдi-үйiмiзге көңiлдi қайтқанбыз.
Ертесiне Әлекеңе жолығып қалдым.
— Кеше үйдi көшiрiсiп жүргенде ешнәрсе сезген жоқсың ба? — дедi ол кiсi салған
жерден.
— Түсiнбедiм, ненi сезуiм керек едi?
Әлекең менi бiрiншi көрiп тұрғандай бетiме ұзақ барлай қарап тұрды да:
-Партбилеттен айырылдым!-дедi. — Түнiмен ұйықтамадым. Iшкенiм iрiң, жегенiм
желiм болып, iздемеген жерiм қалмады.
Өзiм партияға ендi өтейiн деп жүрсем де билеттен айырылудың не екенiн, мұның
өзі тағдырыңа балта шапқанмен бiрдей екенiн, коммунистердiң қатал талқысына
түсiп, құрығанда қызметпен қош айтысуға тура келетiнiн жақсы бiлетiнмiн.
— Әлеке, кеше көшiп жүргенде бiр қуысқа түсiп қалған болар, әлi де болса
табылар, абыржымаңыз!- дедім басу айтып.
— Сен ғой менiмен әзiлiң жоқ, Нұрабай мен Зұлпыхар ойнап тығып қойған шығар,
жайлап барлау жасап көршi, — дедi де кетiп қалды.
Ертеңiне жұмысқа келсем, Әлекең сағат тоғыз болмай есiк алдында күтiп тұр екен.
Өзi әбден әбiржiптi, түсi қатулы.
— Олар алмапты, Әлеке, ант-су iшiп отыр. Үйдi жөндеп қарадыңыз ба?
— Әбден қарадым. үшеуiңнен басқа бөтен ешкiм келген жоқ. Сенi алды деп айта
алмаймын. Ана екеуiнiң бiреуi ойнап тығып қойып, ендi беруге ұялып жүрген болуы
керек. Несiне ұялады, мен жүдә ренжiмес едiм. Тiптi болмаса шүберекке түйiп
бiлдiрмей ғана балконға лақтырып жiбермей ме? Неге менiң жағдайымды түсiнбейдi
олар, өлетiн болдым. Шамалы күтем, болмаса Шымкентке, редакцияға хабарлаймын.
Шындықты айтып, кiнәмды мойындаймын, басқа амал жоқ!
Әлекеңнiң пұшайман күйiн сезiнiп, шын күйзелдiм. Нұрекең мен Зүкең «Бұл бiр
ыңғайсыз жай болды-ау» — деп партбилеттiң ертерек табылуын құдайдан тiлеумен
болды. Бiрақ сол қасиеттi құжат ертеңiне де, арғы күнi де табылмай, Әлекең көз
алдымызда азып-тозып, жүнжiген үстiне жүнжiп бара жатты. «Күдiктi» деген екi адам —
Нұрабай мен Зұлпыхардан да маза қашты. Олар адал екендiктерiн дәлелдей алмай
дал болды. Нұрекең тiптi райкомхозбен келiсiп, арнайы машинамен ауыл сыртындағы
қоқыс тастаған жердi таңалакеуiмде, шыбын ұшпай тұрған шақта ақтарып тексерiптi
де.
Осыдан кейiн Әлекеңнiң Нұрабайға деген күдiгi аздап сейiлiп, ендi бiржола Зүкеңе
шүйлiктi. Ертесiне түскi үзiлiстен Зүкең өрт сөндiргендей түтiгiп оралды.
— Зүке, тыныштық па?
— Қайдан тыныштық болсын, партбилет бiзге де, Әлекеңе де сор әкелдi ғой. Түсте
Әлекең «үйге жүр!» дедi, түсi суық. Сөзге келмей томпаңдап ерiп жүре бердiм. Жолжөнекей тiс жарып әңгiме айтпады, қаһарынан қорқып мен де үнсiз iлесумен болдым.
Әлекеңнiң iшiнде не барын бiлмей, онсыз да ми қайнатар ыстықта борша-борша
терлеп үйiне де жеттiк-ау. Iшке кiрген бойда сол сөйлемеген қалпы асханадағы
тоңазытқышынан бiр бөтелке арақты алды да стол үстiне тақ еткiзiп қойды.
— Мынаны аш! — дедi өктем.Қалбалақтап аузын әрең аштым.Үлкен қырлы стаканды
нұсқап:
— Толтырып құй, — дедi. Сөйттi де шешiне бастады, трусиiнен басқа еш нәрсе
қалмады. Төбелесейiн деп тұр ма деп зәрем кеттi. Ортадан сәл асыра құйылған
стаканға қарады да:
-Тағы құй, толтыр! — дедi. Айтқанын iстедiм. Ол шүпiлдеп ернеуiне дейiн толған
стаканды демалмастан тартып тастады да ауызбастырық жасамаған күйi iлулi тұрған
домбыраны алды. Бiр сойқанның боларын бiлiп, ақырын күтiп мен тұрмын. Әлекең
алашаға отыра кеттi де сорғытып мен бұрын естімеген белгiсiз бір күйдi ағытты келiп.
Домбыраны қатты сабалағаны соншалық, әйтеуiр iшегi үзiлiп кетпей әрең шыдап
тұрды. Сол екпiнiмен домбыраны сабалап-сабалап алды да анадай жерге саңғыр
еткiзiп лақтырып жiбердi, сөйттi де зәр шаша:
— Осы ойнағаның да жетедi, партбилеттi стол үстiне қой! — дедi.
— Әлеке-ау, неге сенбейсiз, партбилетiңiздi көрсем көзiм шықсын. Алмағаныма
анамның ақ сүтiмен ант етемiн, балаларымның етiн жейiн, алғаным жоқ! — деп
қарғандым. Нақақтан-нақақ жазықты болғаныма жанымның күйзелгенi соншалық,
көзiмнен пырт-пырт жас ыршып кеттi.
— Зүке, қапа болмаңыз, үйiнiң бiр түкпiрiнен табылып қалар әлi. Сонда сiзден өзi
келiп кешiрiм сұрайды,-деп жұбатқан болдық бiз.
— Кешiрiмiне рахмет! Осыдан сол партбилет табылса ресторанға ертiп барып өзiм
жуар едiм. Қайдан ғана көшiрiстiм десейшi?
Бұл өзi Темiрлан ауылындағы атышулы оқиғалардың бiрiне айналғанымен жанжаққа дабыра болмай, өз арамызда талға өрмелеген шырмауықтай шиырға өрбiп
дами бердi. Соңғы үмiт үзiлiп, күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан айырылған Әлекең
басқа лажы қалмаған соң жұрттың аузында аңыз болып жүрген Темірландағы атақты
балгерге жүгiнедi. Түрiк кемпiр құмалақты шашып жiберiп сайрай жөнелiптi, болған
оқиғаны қолымен қойғандай, көзбен көргендей дәлме-дәл айтып бередi. «Үйiңдi үш
адам көшiрiсiптi. Екеуi орта жасар да, үшiншiсi жас жiгiт. Билетiңдi әлгi орта жасардың
дембелше келген, орта бойлысы ойнап алған екен, ендi бере алмай жүр. Өзi бүгiнертең алыс сапарға шыққалы тұрған сияқты»,- дептi.
Анасын, баласын аузына алып қарғанғаннан берi Әлекең Зүкеңе деген күдiктен
арылып, қайтадан Нұрабайға ауа бастаған тұста түрiк кемпiрдiң тұспалдары нысанаға
дөп тиiп, тiптi шегiнуге жол қалдырмапты. «Палшылар айта бередi» деген сөзiмдi
елең қылар емес.
— Орта бойлы, дембелше дегенi Нұрабайдың дәл өзi, — дедi Әлекең кемпiрдiң
сөзiне құдайдай сенiп.
— Сапарға шығатыны рас, ол Жамбылға, әйелiнiң төркiнiне барам деп жүрген, —
дедi Зүкең.
— Ойпыр-ай, ә, ендi қалай сенбессiң. Кетсе кете берсiн, маған партбилеттi берiп
кетпей ме? — дейдi күйiп-пiсiп.
Сол күйiнiш сезiмiнен арылмаған күйi Нұрабайға барса, кабинетiнде екi-үш
адаммен сөйлесiп отыр екен. Әлекең ай-шайға қарамай:
— Оңаша шығып кет! — дептi.
— Немене, оңашаға шақырып, сабап кетпекшiсiз? — деп әзiлдептi Нұрекең. Бұл
Әлекеңнiң күдiгiн одан бетер күшейте түседi. Егер адал болса бұлай сөйлемес едi
деп ойлайды.
— Сенi Жамбылға жүргелi жатыр деп есiттiм, рас па?
— Иә, поезға билет алып қойдым!
-Поезға алған билетiң өзiңе бұйырсын, ал менiң партбилетiмдi қайыр!
— Оу, Әлеке, шыныңыз ба, ойыныңыз ба? Әлi сенбей жүрсiз бе? Алған жоқпын,
көрген жоқпын деп ағымнан жарылып айтып едiм ғой сiзге, оллаҺи алған жоқпын.
Ол әрi қарай сөйлей алмай көйлегiнiң түймесiн ағытып, ауаны әлдекiм сорып
әкеткендей аузын ашып әрең демалыпты да төмен қараған күйi булыға жылап
жiберiптi.
— Ақ… қыры бi…р же… жерден табылып ұ… ұялып қа…қаларсыз! — дейдi Нұрекең
кiшкене баладай өксiп тұрып.
Шынымен-ақ арада бiрнеше күн өткенде партбилет табылды. Ол қайдан, қалай
табылды, мұны қанша сұрасақ та Әлекең «Оны қайтесiңдер, әйтеуiр табылды ғой»
деп айтпай қойды.Басын шайқап, күле бергенiне қарағанда бар кiнә өзiнде болса
керек. Нұрабай мен Зұлпыхарды үйiне, ресторанға шақырып өкпелерiн жазып алды.
Содан кейiн Әлекең балгерлерге бiржола сенбейтiн болды. «Олардың ең күштiсi —
ойыңдағыны оқи алады, ал құпияны аша алмайды»,-дейдi өз тәжiрибесiне сүйене
сөйлеп.
ЖҮРЕКТЕГI ОТ
Аудандық өрт сөндiру бөлiмiнде iстейтiн Өмiрбек деген жiгiт редакцияға
мақалаларын әкелiп жүрiп Шаһаризадаға ғашық болып қалыпты. Ауыл
шаруашылығы бөлiмiнiң меңгерушiсi болып iстейтiн Шаһаризада Дәнеева қазақ
қыздарына тән ибалылықты, нәзiктiктi бойына жинақтаған, тал шыбықтай майысқан
мiнәйi, тәрбиелi қыз едi.
— Аға, ақылыңызды айтып, кеңес берiңiзшi, не iстеуiм керек? — деп Зүкеңнен жөнжоба сұрайды Өмiрбек.
— Қалқам, қазақта небiр жүрек елжiретер әдемi сөздер бар емес пе, соларды
қиыннан қиыстыра айтып көңiлiңдi бiлдiр. Не жауап қайырады, соны маған жеткiз, ары
қарай тағы да үйретемiн, — деп жол сiлтейдi Зүкең.
Ертеңiне Өмiрбек тағы келедi де:
— Зүке, сiз айтқан ақылдан түк шықпады, — дейдi қапа болып.
— Не айттың?
— Жүрегiм алаулап, сен дегенде күйiп-жанып барамын дедiм, аға!
— Ой, айналайын, қатырып-ақ айтқан екенсiң, ол не дедi?
— «Онда мұздай су iш» дедi.
«БАТПАҚҚА БАТҚЫР»
Арыстағы тiлшiмiз Сағынбек Жолбарысов аптасына бiр рет келiп газетке кезекшi
болады. Бiрде Нұритдин екеумiз оны ортаға алдық.
— Қашанғы үйленбей жүресiң, Шаһаризадаға сөз айтпайсың ба?
Ол өзi қақаң-сұқаңы, артық сөзi жоқ, сыпайы да мәдениеттi жiгiт едi, сөзiмiзге
терең мән бергендей болды да:
— Солай ма? — деп ойланып қалды. Одан соң : — Бұл өзi менiң де ойымда жүрген
мәселе едi, не кеңес бересiңдер? — дедi.
— Қазiр ол бiр өзi машинка басып отыр, бар да ойыңды бiлдiр, кешке үйiне апарып
сал, әрi қарай көресiң.
— Жарайды, солай етейiн, — дедi ол тiлге келмей. Сөйттi де Шаһаризада отырған
бөлмеге кiрiп кеттi, сәттiлiк тiлеп бiз қалдық. Арада шамалы уақыт өткенде Сағынбек
пәпкiсiн ұстап қайта келiп қалды. Бiр ыңғайсыз жағдай болғанын түрiнен-ақ байқап
қойдық
— Не болды, тыныштық па? — деп жатырмыз жарыса.
— Батпаққа батқыр Зұлпыхар, қайдан келе қалғанын… Арыстағы бүкiл таныстарын,
өзiмнiң жағдайымды, үрiм-бұтақтарымның амандығын сұрап тұрып алды да қыз
жайына қалды, — деді ол ұнжырғасы түсіп.
АЙЛЫҚ
Газет редакторы Нармахан Бегәлиевтiң көңiлi бiрде көл, бiрде шөл. Кейде
«Сендерге сенбеймiн бе, әрқайсысың бiр-бiр газеттiң редакторы болуға
дайынсыңдар, маған алаңдамаңдар», — деп тiзгiндi қолға берiп қойса, ендi бiрде
«Шеттерiңнен сауатсызсыңдар, газеттi құрттыңдар» деп қуырып-қуырып алады.
Бiрақ кабинетiнен шыққан соң түк болмағандай жаныңа келiп әңгiме айтады, темекi
сұрап шегедi, жаңа шығарған өлеңiн оқиды.
Бiрде тiлшi Нұритдин Шәмшиевке «Тұла бойың спиртке айналып кеткен, шырпы
жақсам жанып кеткелi тұрсың» деп қатты шүйлiктi. Жиналыстан кейiн сыртқы есiктiң
алдында қапа болып ойланып тұрған Нұритдиннiң жанына келген Нарекең:
— Зүкеңнен бiр темекi сұрап әкелшi, — дедi оған. Нұритдин сол ұнжырғасы түскен
күйi редакторға темекi әкелiп бердi.
— Бiр өлең шығарып едiм, оқып берейiн бе? — дедi Нарекең темекiнi тұтатып жатып.
-Өлең тыңдайтын халде емеспiн! Сiлiкпемдi шығардыңыз ғой.
— Өй, сен өкпелеп тұрсың ба? Оны көңiлiңе алмай-ақ қой, мен ұрысқаным үшiн
айлық алатын адаммын, — дедi Нарекең.
ТҮС
Бiрде әркiм өзiнiң көрген ең әдемi түстерi жайлы айтып, қызық әңгiме өрбiдi.
— Түрлi-түстi түс көргендерiң бар ма, — дедi Зүкең. — Жақында көрген осындай
түсiм әлi есiмнен шығар емес, тура өңiмдегiдей-ау, өңiмдегiдей. Үлкен тау етегiнде
жүр екенмiн. Айналам жап-жасыл, сонадайда көкпеңбек айдын көл, ортасында
аққулар жүзiп жүр. Құдай салмасын, мұндай әдемi көрiнiстi кинодан да, суреттен де
көрген емеспiн, ғажап-ау, ғажап!
— Менiң түсiме кейде неше түрлi сұлу қыздар кiредi. Солармен қол ұстасып,
бұлттың бетiнде қалқып жүгiремiз, — дедi Тұңғышбай.
— Сен неге үндемейсiң, немене, түс көрмейсiң бе? — дедiк әңгiмеге араласпай
отырған Нұритдинге.
— Мен түсiмде үнемi сыра iшiп жүрем, қанша iшсем де қанбаймын. Оянып кетсем
түк те жоқ, аузым кеберсiп шөлдеп жатам, — дедi ол.
РЕНІШ
Нұритдиннің Темірланда мың танысы бар, ауылы — Ленинтуға жетем дегенше
солардың кем дегенде бір-екеуі жолығып қалады да бүгін үйге адам құсап сау
барайыншы деген игі жоспары амал жоқ, жүзеге аспай қалады. Қайбір жетіскенінен
ішеді дейсің, ана жабысқақтар журналистер мен жазушылардың өзі таба алмайтын
небір сөздерді айтып жүрегін жібітіп жібереді де аузының қалай былғанғанын өзі де
білмей қалады.Бір басталған соң белгілі, мынау тұрған үйге Тәшкеннен келгендей
түнделетіп әрең жетеді.Ауылдағы сабырлы да салмақты,көркіне ақылы сай санаулы
келіншектердің қатарына жататын әйелі Күлән сонда да тамағын беріп, ренішін дауыс
көтермей-ақ жеткізіп, ұзақ ақыл айтады екен.Айқайдың оншалықты зәрі бола
бермейді,ал ақырын ғана айтқан сөз жүйкеңді жай оғындай жайратады ғой.Нұрекең
де түнімен өз-өзіне қапа болып,келесі күннен бастап өзін мықтап қолға алуға, сөйтіп
мүлдем басқа адам болуға іштей тас-түйін бекініп, жұмысқа жақсы ниетпен
келгенімен кешке қарай тағы да біреу жолығып қалады, арғы жағы белгілі…
Бір күнге екіншісі ұқсаған өмір осылай ұзақ жалғасыпты да… бір күні тағы да
сүйретіліп үйге әрең жеткен Нұритдинге әйелі мүлдем назар аудармай қойыпты.Сенің
бар-жоғың маған бәрібір дегендей өз шаруасымен айналыса беріпті.Тағы да ұрыс
есітетінін алдын-ала болжап, дәлелді себептерін сайлап келген Нұритдин өзінің
бұлайша елеусіз қалғанына алдын таңырқаса, соңынан жыны келіп,әйеліне өзі
тиісіпті:
— Саған бүгін не болған?
— Е-е, не бопты?
— Тағы да ішіп қойдым, неге ұрыспайсың?!- депті жер теуіп.
КЛАССИК
Нармаханның өлеңiн тыңдауға Зұлпыхар құмар. Қашанда басын шұлғып, құлағын
тосып тұрғаны. Нарекең алдымен бiр темекiнi сұрайды. Ол кiсi қалтасына салып
шекпейдi, үйренiп кетемiн деп қорқады. Темекiнi бiр-екi сорған соң:
— Кеше бiр-екi өлең шығарып едiм, соны оқып берейiн, тыңда! — дейдi. Зүкең
«Тұра тұрыңыз» — деп екiншi жағынан айналып тұрады.
—Неменеге айналып жүрсiң?
—Тәте-ау,бiр құлағымның есiтпейтiнiн бiлесiз ғой, сол құлағымды дайындап
алдым, оқи берiңiз!
—Су неткен сүйiктi едi,
Үйiрiлген үйлесiмдей.
Самолет биiктегi
Түйреуiш түймесiндей.
Балғын нұр, бала қайың…
Көңiлге сыр тұнып тұр.
Көрiнiс қарапайым,
Керемет құлпырып тұр.
Күнәсiз күлiмдейдi
Жаздағы жасампаздық…
—Қоя тұрыңыз,соңғы жолын қайта оқыңызшы!
—Күнәсiз күлiмдейдi
Жаздағы жасампаздық.
-Түһ, не деген жолдар. Классика! Бұл өзi кiмнiң өлеңi?
— Онда не шаруаң бар, тыңда:
«Шұға жүзден шұғыла ұрттат маған»…
— Айхой, шiркiн-ай, бетiңнен сүйдiр демейдi, тiке айтпайды. Не деген шеберлiк
десеңiзшi, нағыз классика! Тәте, айтсаңызшы, кiм шығарған бұл өлеңдi?
— Кiм-кiм деп қоймадың ғой, мен шығарғанмын.
— Қойыңызшы, осыны сiз шығардыңыз ба шынымен?
— Мен шығардым!
— Ойбай-ау, бұл дегенiң классика ғой!
— Несi бар, мен де классикпiн!-деп едi сонда Нарекең. Шындығында бүгiн ол
классик ақындардың қатарында тұр.
КОММУНИЗМ ОРНАТУШЫ
Редактордың орынбасары Сабыр Әлiбеков атына сай сабырлы да салмақты,
артық сөзi жоқ жан. Машинканы алдына өңгерiп алып ешкiммен iсi болмай темекiсiн
қайта-қайта сорып қойып материалдарды бiрiнен соң бiрiн басып берiп отыра
бередi. Тұйық адамның тiлiн табу да қиын ғой. Бiрақ пенде емес пе, Сәкең де жылы
сөзге жiбiп, мақтау сүйетiнiн байқап жүрдiк.
Бiрде ол кiсi бiздiң үйде Зүкеңмен бiрге қонақта болды. Бiр-екi рюмкадан кейiн
Сәкең: «Болды, ендi iшпеймiн» деп мiзбақпай отырып алды. Мен қулыққа көшiп:
— Сәке, Темiрланда оншақты ғана жақсы адам болса соның бiрiсiз. Сiздi ерекше,
ешкiмге ұқсамайтын жан ретiнде бағалаймын, әрi сегiз қырлы, бiр сырлының нағыз
өзiсiз. Мықты журналист болумен қатар, ақындығыңыз тағы бар, сiздi Алматыдағылар
мойындайды… — деп шұбыртып келе жатыр едiм:
— Жұрттың бәрi мендей болса давно коммунизм орнар едi, — дедi де алдындағы
рюмканы қағып салды.
«Р-Р…»
Сабыр ағамыздың «iшпеймiн» деп сақтық жасауының да сыры бар. Шамалы
қалыптан асса болды, тiлден кетедi.
Бiрде жаңа жыл мерекесiнде бiр топ журналист Темiрланның орталық
ресторанына отырдық. Iшiмiзде аудандық мәдениет бөлiмiнiң жанындағы халық
театрының режиссерi Кенжебек Рысбаев та бар едi, сырнаймен, мандолмен неше
түрлi ән салып, көңiлiмiздi бiр көтерiп тастады. Алтын арқалап, жантақ жейтiн
журналистердiң арқа-басы кеңiп, өзара қауқылдасып отырған бiр әдемi басқосу
болып едi сонда.
Қайтар сәтте сыртта Сабырмен бiрге тұрған Кенжебек жерден жетi қоян
тапқандай қарқылдай күлiп бiздi шақырды:
— Мына қызықты қараңдар, Сәкеңнiң «р» -ға тiлi келмей тұр.
— Сен де қайдағыны айтасың,-деді Сәкең.
— Әйтпесе, «р» деңiзшi.
Сәкең құлшынып, қайта-қайта «р- р!»- дедi.
Ертеңiне Сәкеңе:
— Егер сау болсаңыз оны айтпас едiңiз-ау, — десек:
— Кенжебек дегенiң қу тiлдi неме өзiнiң шығарып жүргенi ғой, — деп дес бермей
қойды. Сәкең әлi күнге дейiн «Ондай болған жоқ» деп «р-р!»- дегенін мойындамайды.
АДАЛДЫҚ
Сабыр отбасына, махаббатқа деген адалдықтың үлгiсi ретiнде аңызға айналып
кеткен. Ол тiптi жiгiттердiң махаббат тақырыбындағы әңгiмелерiне де араласпай, өз
ойларымен болып күлiмдеп отыра бередi. Бiрде Арысқа iссапармен барғанда Зүпәр
оны сынамақ болып бiр келiншектердiң үйiне ертiп апарыпты да өзi танитың әйелдiң
құрбысына: «Бiздiң бастығымыздың саған көптен көңiлi кетiп жүр едi, таныстыр деп
өтiнiп қоймаған соң алып келдiм» дептi. Ол келiншек те кет әрi болмай бәрi дастархан
басында отырады. Бiраз уақыт өтсе де Сәкеңнiң әлгi әйелге «ғашықтық» сезiмi
байқалмайды. Шампанның шамалы желiгi шарпыған әйел бұл жігіт ұялып отырған
болар деген жорамал жасап диванда темекi шегiп отырған Сабырдың жанына барып
жайғасады. Ойында еш нәрсе жоқ, Сәкең сол сабырлы қалпынан таймай темекiсiн
будақтатып отыра бередi. Болмаған соң әйел оның иығына өзi қол салғанда Сәкең
шошып кетiп:
— Мынаусы несi тағы да, тарт қолыңды, ұят болады! — деп әйелдiң қолын қағып
жiберiптi.
Зүпәрдiң өтiрiгi шығып, әлгi әйел намыстан жарылардай ыза болып кетiп қалған
екен.
СЕРI
Радио хабарларын ұйымдастырушы Тұңғышбай Төрекелдиев әдемi қыз көрсе
бүкiл дүниенi ұмытып, соның соңынан ерiп кетуге даяр тұрады. Бұдан бұрын оның
мектепте iстей жүрiп жолдаған көркем әңгiмелерi бәрiмiзге ұнап, редакцияға қызметке
шақырып алғанбыз. Өлеңдей есiлтiп әдемi жазса да махаббаттан өзге тақырыпқа
қаламы жүрмей-ақ қойды. өмiрде ең көбiрек көңiл бөлетiнi, айтатын әңгiмесi — салқар
сұлулық, қыпша бел қәсем қыздар, махаббат ләззаты…
Бiрде екеумiз Темiрландағы жалғыз кинотеатрға үндi фильмiн көруге келдiк.
Сеанстың басталуына жарты сағаттай бар екен, фойеде күте тұруға тура келдi.
Байқаймын, Тұңғышбайдың көзi жайнап, бар назары сонодайда әңгiме-дүкен құрған
топ-топ қыздарға ауып тұрды. Әсiресе бiзге жақындау жерде тұрған аққұба, мүсiнi
келiстi бiр қыз жалғыз Тұңғышбайдың емес, баршаның назарын аударғандай едi.
Табан астынан бiр қуақы ой көңiлiмдi аралап өтiп досыма сыбырладым.
— Байқайсың ба, анабiр аққұба қыз саған манадан берi ұрланып қарап тұр,
танымайтын ба едiң?
— Танымаймын. Бiрақ ұрланып қарайтынындайы бар. Бағана ол қызды көшеде
кездестiрiп қалып, көзiне тайсалмай тiк қарап өтiп едiм, жүрегiне шоқ түскен екен ғой!
— дедi жүзi алаулап.
Мен оның дәмесiне шыдай-алмай күлiп жiберiп ем, алданғанын бiлiп санын бiр-ақ
соқты.
Содан кейiн әдемi қыз кездессе «Саған қарап тұр», — десем, «Маған емес, саған
қарап тұр» деп ат-тонын ала қашып қақпаныма түспейтiн болды.
АНЕКДОТ
Редакцияның қызметкерлері шетінен анекдот айтудың шеберлері болатын. Бірі
бастаса болды, екіншісі қоштап ала жөнеліп,қыран-топан күлкіге кенеліп дегендей бір
дем- алып қалатынбыз.Әсіресе Нармахан ағаның қалжың әңгімелері әсерлі де қызық
болып келетін және соның бәрін есіне қалай сақтап алатындығына таң
қалатынбыз.Бір бастаса тоқтамайды, тағы да бір анекдоты екіншісінен қызық болып
келеді.
Бірде аудан мекемелерімен мақта теріміне шығып, түскі үзіліс кезінде Арыс
өзенінің жағасында Нарекеңнің анекдоттарын тыңдағанымыз бар. Сонда ішін баса
еңкілдеп күліп жатқан Сабыр көзінің жасын сүртуге де шамасы келмей Нарекеңнің
жеңінен тартып:
— Келесісін бастамай қоя тұрыңызшы, аузымдағыны күліп алайын!- деді.
ЕСІК
«Шымкент» мейманханасы алғаш ашылғанда қалаға іссапармен барып, біздің
ішімізден оны бірінші көрген де , қонып қайтқан да Тұңғышбай болды.Жаңа қонақ үй
жөнінде тамсана айтып мақтауын жеткізіп жатқан Тұңғышбайдың сөзін жартысынан
үзіп тоқтатқан Зүкең:
-Оның бәрін қойшы, есігі ішінен іліне ме екен, соны айтшы!- деді.
ЖАУРАМАЙТЫН БАС
Қиыршық қар суырған алай-дүлей ақшулан боранда Тұңғышбай екеумiз тiсiмiз
тiсiмiзге тимей дiрдектей жаурап жұмысқа қарай асыға басып келе жатыр едiк,
алдымыздан бастығымыз Нармахан шықты. Амандық-саулықтан соң шұғыл аудандық
партия комитетiне бара жатқанын айтты да мынадай бетқарыған суықта жалаңбас
тұрған Тұңғышбайға таңырқай қарап қалды. Одан соң қабағын түйген қалпы:
— Неменеге жалаңбас жүрсiң? Басың жаурамайды ма, әлде iшiнде жаурайтын
ешнәрсе жоқ па? — дедi.
«ГАУ-ГАУ!»
Тұңғышбайдың туристiк саяхатпен Москваға барып қайтқаны бiр қызық.
— Ол жақта орысша бiлудiң тiптi де қажетi жоқ екен,- дейдi ол. -Шетелдiк болып
барлық адаммен тiл табысып кете бересiң.
Москваға түскен алғашқы күнi ол өзiн шетелдiк болып сынап көрiптi. Алдымен
газет-журнал сататын дүңгiршекке барып, ойдан шығарған өз тiлiмен шүлдiрлеп
блокнот берудi өтiнедi. Түкке түсiнбеген сатушы қалбалақтап ананы да, мынаны да
ұстап көрсетумен болыпты. Блокнотты ұстағанда ғана бұл басын изептi де қолына бiр
уыс ақша ұстата салыпты. Сатушы оның iшiнен өзiне қажеттi тиынын ғана алып,
қалғанын қайтарып бергенде Тұңғышбай «Не деген арзан» деген сыңай танытып
басын шайқайды. Анау «Вот это иностранцы…» деп қала берiптi.
Бұдан соң Тұқаң Бүкiлодақтық халық жетiстiктерiнiң көрмесiне барыпты. Ауылдан
келген адамға бәрi қызық, анаған да, мынаған да таңдай қаға, таңырқай қарап тұрған
сәтiнде иығынан бiреу түртедi. Қараса, қаба сақалды, еңгезердей орыс жiгiтi екен,
ашулы кейiпте аяқ жағын нұсқайды. Сөйтсе Тұңғышбай сәл кейiн шегiнемiн деп оның
аяғын мыжи басып тұр екен. Ол сол арада дереу шетелдiк болып «Гефон гозэ, ауфэн
ляу!» — деп «кешiрiм» сұраған кейiп танытыпты. Анау Тұңғышбайға бiрдеңе айтпақ
болып оқталып тұрыпты да бәрiбiр ешнәрсе түсiнбейдi деп ойласа керек, «Гау-гау!»
деп кетiп қалыпты.
МЫЛҚАУ
Тұңғышбай екеумiз бiрде Шымкентке келгенiмiз бар. Жолай автобусқа мiнген бiр
топ мылқаудың өзара ымдасып сөйлескенiн, жасаған қимылдарын тамашалаумен
болдық. Олардың дауыстары шықпаса да түстерiнiң қатуланып, бiрiнiң иығынан бiрi
жұлқи тартқанынан ерегiсiп келе жатыр-ау деп топшыладық. Адамдардың дауысын
есiтiп, тынысын, лебiн сезiне сөйлесе алмайтын мылқаулардың мүшкiл тағдыры көпке
дейiн көңiлiмдi мазалап, оларға деген аяныш сезiмi жүрегiме шаншудай қадала тұрып
алды. Автобустан түскен соң да осындай ойлардың жетегiнен арыла алмай келе
жатыр едiм, Тұңғышбай:
— Мына жерде қымыз сататын көрiнедi, күн ысып кеттi ғой жүршi, шөлiмiздi басып
алайық! — дедi. Бiраз қымыз iшкен соң асқа тәбетiмiз ашылып, Тұңғышбай
қымызхананың екiншi бұрышындағы асханаға жүгiрiп кеттi де iле қайтып оралды.
— Бұл жаққа тамақ өткiзбейдi екен, сонда баратын болдық, — дедi ол. Қымыздың
желiгi ме, бiлмеймiн, көңiлiмде бiр қулықтың ұшқыны жылт ете қалды да:
— Тұра бер, мен қазiр алып келемiн! — деп асханаға келдiм. Тамақ босатушы
дембелше келген орыс әйелi екен, табан астынан мылқау болып шыға келдiм.
Қымызхана жақты нұсқап, тамақты өткiзiп жiберуiн өтiндiм. Маған жаны ашып кетсе
керек, ол екi қолымен бiрдей ымдап, «Иди, иди!» дедi. Тұңғышбай екеумiз оңашада
күле-күле тамаққа тойып алдық.
— Сен қымызды iшiп отыра бер, ыдыстарды өткiзiп қайтайын, — деп асханаға қайта
келдiм де әлгi әйелге екi қолымды кеудеме қойып қайта-қайта иiле, шын пейiлiммен
рахметiмдi жеткiздiм. Ол да үстiн-үстiн басын шұлғып, жалпақтап жатыр, маған
мүсiркей қарайтындай. Әлгi автобустағы мылқаулардан үйренгендерiмнiң арқасында
рөлiмдi шебер орындағаныма масайрап келе жатыр едiм, есiк алдында отырған
милиционер:
— Сағат қанша болды? — дедi. Ойымда ешнәрсе жоқ, сағатыма қарадым да:
— Төрт жарым! — деп едiм, қолымнан шап берiп ұстай алды.
— Мылқау болып жұртты неге ақымақ қылып жүрсiң?
— Кешiрiңiз, тамақ iшкеннен басқа ешкiмге зиянымыз тиген жоқ, жiберiңiз! — деймiн
мен шырылдап. Оның жiберетiн түрi жоқ. Ендi белдiгiмнен ұстап алды. Көзiме түрме
елестеп, қорыққанымнан тiзем дiрiлдеп кеттi. Осы сәт Тұңғышбай да келiп қалды.
— Қоя берiңдер, — дедi ол өктем. — Сендер кiмдi ұстап тұрғандарыңды бiлесiңдер
ме? Бұл Алматыдан келген құрметтi қонағымыз, мылқаулардың өмiрiнен кiтап жазып
жүрген атақты жазушы!
Ол кезде жазушы тұрмақ, журналистiң беделi де қазiргi әкiмдермен пара-пар едi,
милиционер сылқ түстi де:
— Сразу солай демейсiз бе? — деп сыпайы бола қалды. Бiр жағынан Тұңғышбайдың
тапқырлығына риза болып, екiншi жағынан түрмеден құтылғаныма өлердей қуандым.
Дабыр-дабырды есiтiп келген әлгi орыс әйелi сайрап тұрған маған таңырқай қарап
қалды да «Вот, артист!» деп қарқылдай күлдi.
ГАЗЕТ ШЫҒАТЫН КҮН
Қазiр Кентау қалалық баспаханасында басшы болып iстейтiн Нұрдiлдә
Шынықұлов сол кезде Бөген аудандық баспаханасын басқаратын. Оны жұрттың бәрi
өз атымен атамай «Данышпан»» деушi едi. Ешкiмге қиянаты жоқ, адамды үлкен, кiшi,
қызметкер, жұмысшы деп бөлмейтiн, жаны қарапайым, елгезек жанның
«данышпандық» сөздерiн Темiрландағылар әлi күнге дейiн әңгiме етiп отырады.
Бiрде таңертең баспаханаға кiрсем, қыздар топ болып жиналып газет бетiн
құрастырушы Әлима деген қыздың күйеуге қашып кеткенiн гу-гу әңгiме етiп тұр екен.
Осы тұста iшке Нұрдiлдә кiрiп келiп едi, қыздар жамырай шу ете қалды:
— Ағай, Әлима күйеуге қашып кетiптi!
— Күйеуге?
Нұрекең тосын жаңалыққа аң-таң болып тұрып қалды да:
— Как это так, бүгiн газет шығады ғой! — дедi ашуланып.
МАҚТА ТЕРIМI
Ол кезде мақта терiмiне аудан орталығындағы барлық мекеме, ұйым, кәсiпорын
түгелдей атсалысатын. Редакция мен баспахана бiр ұжым болып сенбi, жексенбi
сайын терiмге шығатынбыз. Кабинетте шаншылып отыра бергеннен бiрауық таза
ауада еңбек ету бiз үшiн үлкен демалыс болушы едi. Әзiлдесiп, әндетiп дегендей
мақтадан көңiлдi оралатынбыз. Бiрде Нұрабай:
— Мақта терiп шаршадыңдар ғой, жүрiңдер шаңбасты жасайық! — деп үйiне
шақырды. Мұндайда белгiлi ғой, тамақтан бұрын «көк мойындардың» тығыны
ағылатындығы. Нұрдiлдә тез қызатындардың сортынан. Бiр-екi стаканнан кейiн-ақ
құлпырып шыға келдi. Бiраздан соң үйге хабарымды берiп қояйын деп телефонға
жармасты.
— Алло, Бағира, бiз әлi мақта терiп жатырмыз, сәлден соң қайтамыз, жақсы! — деп
трубканы қоя салды.
— Дала тастай қараңғы, мақтаны сипалап тересiң бе? Одан соң мақталықтың
басына саған бiреу телефон орнатып берiп пе едi, өтiрiктi де үйлестiрiп айтпайсың
ба? — дедi Нұрабай сылқ-сылқ күлiп.
«БIЛГIШ»
Бәрiмiз секретариатта жиналып отырғанбыз. Iшке бейтаныс бiр кiсi имене бас
сұқты да:
— Кешiрiңiздер, Түркiстан жақтан келе жатыр едiм, Әлзақовты бәрiңiз танитын
шығарсыздар, маған үйiнiң телефоны керек едi, бiлетiндерiңiз бар ма? — дедi.
— Мен бiлемiн! — деп атып тұрды төрде отырған Нұрдiлдә.
— Айтып жiберiңiзшi? — деп қалам-қағазын оңтайлады ана кiсi.
− Ұмытып тұрмын, әйтпесе бiлетiн едiм, — дедi Нұрекең күмiлжiп.
МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ
Аудан орталығындағы мекемелердің қызметкерлері мақта терімімен бірге
“Октябрь” совхозында жүзім байлау мен жүзім жинау ісіне де жәрдем беріп тұратын
және ол жаққа бару үшін көбіне Қажымұқан атындағы совхоз кеңсесінің алдына
жиналып, апарып тастайтын көлік күтетін.Бұл жолы да бәріміз кеңсе алдында үйіріліп
әңгіме-дүкен құрып тұрғанбыз. Аудандық оқу бөлімінде істейтін Сабыр деген жігіт:
—Кеше тойда болып едім, басым сынып барады.Жүгіріп барып бір саптаяқ сыра
ішіп келсем машинадан қалып кетпес пе екенмін? –деп еді, аудандық мәдениет
бөлімінің бастығы Сапарбек Медеубеков аға оған жалт бұрылып:
— Ойбай-ау, тез бар, мұндай маңызды мәселені кейінге қалдырмай табан астында
шешіп, егер аспаннан оқ борап тұрса ара-арасынан бұқпантайлап барып қайту
керек!-деді қамқор болып.
«МОЛОДЕЦ!»
Редакцияның фототiлшiсi Өмiрзақ Тасболатов педагогикалық мәдениет
институтын бiтiрген, тамаша әншi жiгiт. Той-томалақ, отырыстарда «Қарға аунаған
түлкiдей…» деп басталатын «Балдызым» әнiн салғанда өнерiне тәнтi болмаған жан
қалмайды. Өзi бiр аңқылдап қалған елгезек жан, сонысына қарай аңғал да аңғырт.
Түсiрген суреттерiнiң астына құлаш-құлаш мақтау сөз жазып, ал аты-жөнiн ұмытып
кеткен кездерi бiр емес, бiрнеше мәрте болған. Оның түсiрген адамдарының бәрi
ақылдасып алғандай «тапсырмасын екi есе асыра орындайдың және шетiнен
«уақыттан оза еңбек етедi», «суреттерi құрмет тақтасында iлулi» тұрады.
Бiрде ауданға облыстық партия комитетiнiң сол кездегi бiрiншi хатшысы
А.Рамазанов бiр топ мамандармен келiп көктемгi егiс жөнiнде мақталық басында
семинар-кеңес өткiзедi. Бiрiншi хатшыны қайта-қайта суретке түсiрiп алып жатқан
Өмiрзақ бiр сәт «Аға, берi қараңызшы!» дептi. Ол кiсi жалт қарағанда фотоаппаратын
шарт еткiзген Өмiрзақ Рамазановқа «Молодец!», — дептi қуанып.
САҒАТ
Газетте iстейтiндердiң бәрi де қазақ мектебiн бiтiргендiктен бе, Нармаханнан
басқамыз орысшаға шорқақ едiк. Редакцияның күнделiктi қым-қиғаш, қарбалас
тiрлiгiмен айналысып жатқанымызда кабинетке бiр орыс жiгiт кiрiп келiп, есiк
алдында тұрған Шаһаризадаға:
— Не скажете, сколько время? — дедi.
Сағатына қарап аз-кем мүдiрiп қалған ол:
— Три и половина! — дедi де шығып кеттi. Сөйтсек, уақыт үш-жарым болған екен.
САМОСВАЛ
Мектеп бiтiре салып редакцияға тiлшi болып орналасқан Асқар Омарханов берген
тапсырмаларды тап-тұянақтай етiп орындайтын, жазған мақалалары да жинақы,
жылы болып келетiн. Бiрақ қара жұмысқа жалқаулау едi. Бiрде редакцияға екi машина
көмiр келдi. Оның бiрi самосвал машина екен, аударды да кетiп қалды, екiншiсiн
жiгiттер жабылып, қолмен түсiре бастадық. Әлден уақытта күрегiне сүйене ойланып
тұрған Асқарға:
— Не болды, бастамай жатып шаршап қалдың ба? — дедi Нұритдин.
− Қап, мына машина да самосвал болғанда ғой, — дедi ол күйзелiп.
ОТ ШЫҚҚАН ОЙЫН
Баяғыда мектеп бiтiре сала бiраз жыл ауылдағы клубтың меңгерушiсi болып
өнерге де тиiп-қашып дегендей араласқаным бар. Жастардың басын қосып жiберiп
ұйымдастырған концерттерiмiз бен қойған спектакльдерiмiз көп адамның әлi есiнде
шығар. Оңашада, бiрнеше сағат бойына ерiнбей түрлi дауысқа салу мақамдарын
үйренушi едiк. Сол тұстан қалған мұра — қыздың даусын кәдiмгiдей-ақ ұқсата сала
бiлуiм едi. Бұл әсiресе, телефонда оңай, тiптi табиғи шығады. Құрдастарға звондап
мұның талай қызығын көргенмiн. Бiрақ әзiлмен басталған бұл ойынның соңы көбiне
отқа айналып кететiн. Сондықтан телефондағы мұндай әзiлдi үзiлдi-кесiлдi доғарып
тастағанмын.
Бiрде 1-шi Мамыр мерекесiнiң нөмiрiн шығарып жатқан күнi кабинетке
баспахананың әрiп терушiсi Анар мен бет құрастырушы Ырыстықыз кiрдi.
— Теретiн материал болмаса бiз қайта берсек деп тұрмыз. Ертең мереке, — дедi
олар.
— Бастықтарың ұрыспай ма?
— Ол кiсi бiр жаққа кетiп едi, келмей жатыр. Күтсек бiраз күте тұрайық. Оған дейiн
бiр қызық әңгiме айтып бершi?
Мерекелiк көңiл-күйдiң әсерi ме, мен де бұлданған жоқпын.
— Жарайды, телефонда қыз болып сөйлесе алатын өнерiм бар едi, сол қызықты
көрсетейiн. Айтыңдар, қай жiгiтке звондайын?
— Батыр бiр өзi отыр!
Мен ойланып қалдым. Батыр Салиев университеттi ендi бiтiрiп келген, жұртқа көп
қосыла бермейтiн томаға-тұйық, әзiлдi тiке қабылдайтын жiгiт едi.
— Ол Ильичбектiң әйелiн араға салып Гүлсiм деген қызға сөз тастап жүрген
көрiнедi. Сол қыз болып звонда. Совхоздың гаражының алдындағы гастрономның
алдында күтемiн деп айт.
Бiрi есiктi кiлттеп жауып, екiншiсi телефон трубкасын қолыма ұстатып тiптi әшпүшке келтiрер емес. Шегiнетiн жер қалмай нөмiрдi тердiм.
— Саламатсыз ба, Батыр бар ма екен?
— А-а, мен тыңдап тұрмын!
— Бұл мен ғой, Гүлсiм, таныдыңыз ба?
— А-а, Гүлсiм, иә, танып тұрмын!
— Өткенде маған ренжiп қалған жоқсыз ба?
— Жоқ-қ, неге ренжимiн.
— Сiздi түсiнедi деп ойлаймын…
— А-а, әрине!
— Сiзбен жолықсам деп едiм, бүгiн сағат жетiде бiздiң үйдiң жанындағы
гастрономның алдында күтiңiз.
— А-а, солай ма, жарайды!
— Сау болыңыз!
Аузын басып пысқырып жiберуге шақ тұрған Ырыстықыз телефон құлағын басты
да рахаттана кеп күлдi.
— Ө-лқ-ә, әртiс екенсiң ғой!
Анар болса iшiн басып, аузын ашып алған, даусы шықпайды. Күлгенi сол екен,
қисалаңдап келiп арқамнан бiр түйдi.
— Жы-ынды-ы, сенен бәрi шығады!
Екеуi менiң өнерiме мәз болса, мен олардың көңiлiн көтергенiме мәз болып, сол
күнi көңiлдi тарқағанбыз. Мұның артында қызықтың «көкесi» күтiп тұрғанын сонда
ешқайсымыз да бiлмеппiз ғой.
Мерекенi өткiзiп, «той тарқады, жын-ойнақ басылды» дегендей газеттiң жаңа
нөмiрiн шығаруға бар ықыласымызбен кiрiсiп, жұмысты аяқтап қалған шақта
кабинетке Батыр кiрдi. «Сезiктi секiредi» дегендей, есiктi жайлап ашып, ұқыптап қайта
жапқанынан-ақ iшiм қылп ете қалған. Бiрақ жүзi жылы, кiршiксiз жымиып тұр.
— Сәке, жауапты хатшы ретiнде баспахананың қыздарымен әбден бауыр басып
кеткенсiз ғой, сiз бәрiн де бiлесiз,- деп тiптi iшi-бауырыма кiре сөйледi.
— Түсiнбедiм, Батеке!
— Түсiнбейтiн несi бар, өткенде маған кiм звондады?
Мен бар шындықты айтып беруге оқталғаным да сол едi, ол өз сұрағына өзi жауап
бердi.
— Оның кiм екенiн бiлемiн. Сiзден сұранатыным, қазiр қыздарға бiрге барайық, кiм
екенiн сыртынан байқатпай көрсетiп беремiн.
— Жарайды, маған ғана бiлдiрмей көрсет. Онан соң бар шындықты айтып беремiн,
келiстiк пе?
— Келiстiк, еркектiк сөзiм!
Маған оның шатасып тұрғаны қызық болып кеттi, әрi кiмдi көрсететiнiн бiлгiм
келдi. Сөйтiп оны қыздар жұмыс iстеп жатқан цехқа ертiп келдiм.
— Әне, маған звондаған анау! — деп жыртылған матадай дар ете қалды Батыр әлгi
берген сертiнен тайып. Бұл оқиғадан бейхабар, өзiнен жасы үлкен Жәмилә деген
әйелдi көзге шұқығандай нұсқап көрсеттi. Онымен тұрмай:
— Нағыз оңбаған адам екенсiз! — дедi тағы да тiстене екпiндеп.
— Батыр-ау, мәселенiң анық-қанығына көз жеткiзбей жатып мұның не? Звондаған
мына мен, айтатыныңды маған айта бер, — десем, ол дес берер емес.
— Сәке, қайтесiз араға түсiп, даусынан анық таныдым, соның өзi.
Қыздардың бәрi шу ете қалды:
— Звондаған адам жаныңда тұр ғой, Жәмиләда нең бар?
— Алдымен бiлiп алмайсың ба!
— Мiнезiң қандай едi өзi, әзiлдi, ойынды көтере алмайсың ба?
— Ойындарың осылып қалады! Ал, Жәмилә, сiзбен әлi басқаша сөйлесем! — дедi
Батыр одан бетер екiлене. Түкке түсiнбеген Жәмилә бетiн екi қолымен басып жылап
жiбердi. Цехтың iшi азан-қазан болды да кеттi. Батыр да басылар емес:
— Телефонмен алдағаны үшiн арнайы статья бар, мен әлi сотқа беремiн!
Мен оны әрең дегенде алып шығып, кабинетiме ертiп кiрдiм.
— Еркектiк сөзiң қайда, масқара болды ғой. Оның үстiне Жәмиләнiң ешқандай
қатысы жоқ. Қыздың даусына салып звондаған мен едiм, неге сенбейсiң?
— Қыздарды қорғап, оның кiнәсiн өз мойныңызға алып тұрсыз ғой, түсiнемiн. Ал
мен бұл тiрлiктi аяқсыз қалдырмаймын.
Осы сәт коридорда у-шу дауыс шығып, артынша ебiл-дебiлi шығып жылаған
Жәмилә редакцияның партбюро хатшысы Роза Дәулетованы ертiп кiрiп келдi. Роза
редактордың орыс газетi жөнiндегi орынбасары едi, iрi денесiне сай адуынды, өткiр
әйел.
— Бұл не пәле өзi, бүкiл типографияны шулатып? — дедi ол.
Мен болған оқиғаны бастан аяқ егжей-тегжейлi түсiндiрдiм. Ол күлерiн де,
ашуланарын да бiлмей:
— Ой, господи, бүлiнген түк те жоқ екен ғой. қане, Батыр, мына Жәмиләдан кешiрiм
сұра!
— Никакой кешiрiм, керек болса мен оны сотқа беремiн! Мұндай адамның басын
балтамен кесiп алса да көптiк етпейдi, — дейдi Батыр құдықтан су тартқан мотордай
селкiлдеп.
— Ол менi боқтағаны тағы бар, сотқа мен берсем жарасады, — дедi Жәмила көзiнiң
жасын сұртiп.
Сөйтiп бұл мәселе шарықтау шегiне жетiп, тіпті халықаралық дәреже деңгейiне
дейiн көтерiлiп бара жатты.
— Ойнайтын адамды тапқан екенсiң, — дедi Роза маған. Әй, әзiл көтеретiн адамға
звондамайсыңдар ма, мынауың ужас екен ғой.
Сөйттi де Жәмиланы ертiп шығып кеттi.
Екi жақ та әйтеуiр сотқа шағымданған жоқ, соған қуандым. Бiрақ бұл ойынның
қауiптi екенiне көзiм жете түстi. Ал бiрбеткей Батыр болса менiң звондағаныма әлi
сенбейдi.
ТАНЫМАЙТЫН ЖОЛДАС
Бiздiң уақытымызда қыздармен танысудың жөнi бүгiнгiден өзгеше едi. Жүрегiнiң
түгi бар, батылдау жiгiттер әдемi қыз көрсе «Сағатыңыз қанша болды?», «Сiздi бiр
жерден көрген сияқтымын, менi танымайсыз ба?», — деп iлiк iздейтiн. Ең оңай, әрi көп
тараған тәсiл — хат жазып, кiшкене балалардан берiп жiберу, немесе кiтабының
арасына бiлдiрмей салып қойып, кейiн жауабын күту. Ауылдық жерде қызбен оңаша
кездесу, киноға бару деген мемлекеттiк құпиямен бiрдей, өте сақ жүргiзiлетiнi
соншалық, ондайды тек киноларда ғана көретiнбiз. Қыз бен жiгiт бiр-бiрiне сәл жанап
кетсе, өсек өрттей қаулап, гу ете қалатын.
Осындай тәрбиелi ортада өскендiктен бе, өзiм мектеп бiтiргенше бiр қызға көз
салмай, пәле-жаладан аулақ болдым. Бiздiң класта екi-ақ бала «қызбен жүредi»
деген атқа iлiндi. Оның бiрi мектеп директорының баласы Әбiл де, екiншiсi менiң
жолдасым Әрiпбек. Екеуiнiң де жүретiн қызы өзiмiздiң класта бiрге оқиды. Әрiпбек
досымның қызының аты Қоныскүл едi. Мектеп бiтiрiп ертең Алматыға, оқуға кетемiн
деген түнi сол Қоныскүлмен қоштасқан сәтi әлi есiмде. Қоныскүл үйiнiң тұсына
жақындай бергенде «Ендi өзiм-ақ кете берем, қайта берiңдер» дедi. Әрiпбек «Мен
сенi iлгерiрек шығарып салайын» деп онымен iлесе кеттi. Сәлден кейiн ол алқына
жүгiрiп келдi, қуанышында шек жоқ, айдың сқулесiмен-ақ көзiндегi жарқ-жұрқ ұшқынды
байқағандай болдым. Өзi алпамсадай денелi жiгiт едi, жеңiл қимылдап менi құшақтай
алды да белiмнен қыса көтерiп барып қайта тастап жiбердi.
— Сенесiң бе, мен оны сүйiп алдым! — дедi жүрегi жарылардай болып. Бұл бiздiң
iшiмiзден қыз сүйген бiрiншi жiгiт едi, мен де ынтыға түстiм.
— Қойшы-ей, қарсыласқан жоқ па, қай жерiнен сүйдiң?
— Маңдайынан!
Бетiнен сүймегенiне сәл қомсынсам да оның батылдығына шын риза болып едiм
сонда.
Кейiн пединститутқа сырттай оқуға түсiп, редакцияға қызметке тұрғаннан кейiн
бойды түзеп, шашты тарап дегендей Шымкент шаҺары көшелерiнiң бiрiнде бұрынғы
жаттанды тәсiлдерге «Қандай автобусты күтiп тұрсызды» қоса дамытып, мен де бiр
қызбен танысып алдым. Қала түбiндегi Тельман ауылында тұрады екен. Ауызбаауыздан гөрi хатпен көбiрек сөйлесемiз. Қыздың алыста болғаны тиiмдi ме деп
қалдым, ешқандай қолбаланың қажетi жоқ, ойыңдағы бар арманыңды хатқа түсiрiп,
почта жәшiгiне тастай салсаң болды, өздерi жеткiзiп бередi.
Күндердiң күнiнде қыздар мерекесi — 8 наурыз да келiп жеттi. Бұрқыратып хат жаза
бергенше «Мың сiз-бiзден бiр шыж-быж» дегендей азын-аулақ сыйлығымды алып
мейрамымен құттықтап қайтайын деген ұйғарымға келдiм де Бердалы деген
жолдасымды ертiп, Тельманды бетке ала тартып кеттiк. Жолай Бердалы:
— Шымкентке келсем сыра iшпей қайтпайтын әдетiм бар едi. Қызың қашып кетпес,
барармыз бiр, — деп «Росинка» кафесiне бастады. Жаңа түскен сырадан әрқайсымыз
6-7 саптаяқ шамасында iшiп, аялдамаға шықсақ, үшiншi нөмiрлi автобус келiп тұр
екен, Тельманға жүрiп кеттiк. Қызды да қиналмай тауып, сыйлығын берiп, қалаға кино
көрiп қайтуға шақырып едiм, көне кетiп өзiмiзбен iлесе шықты. Бәрi де жақсы,
жүйесiмен, ойлағандай жылжып келе жатқан тiрлiк өзiмiздiң аңғалдығымыздан,
мәселенiң байыбына тереңдей алмайтын саяздығымыздан ойламаған жерден
ыңғайсыз бiр кiрiптарлыққа ауысып жүре бердi. «Тарихи оқиға» совхоз кеңсесiнiң
алдыңдағы аялдамада үшiншi автобусты күтiп тұрған сәтте басталды ғой…
Мана қыздың әлегiмен аңғармадық па, қайдам, әлгi үш литрден астам сыра
қатқыл талабын қоя бастады. Не де болса тез кинотеатрға жетiп алайық, арғы жағын
көре жатармыз деп ойлап, сыр бермей автобусты күтiп тұра бердiк. Бiрақ автобус
көрiнер емес, ал атың өшкiр сыра жымысқы әрекетiн жалғастырып жатты. Мазамның
қашқаны соншалық, автобусқа мең-зең болып, әрең мiндiм. Бiраз жүрiп «Фантазия»
аялдамасына келгенде:
— Осы арадан түсемiз! — дедiм шыдамым мүлде таусылып.
— Не болып қалды?
— Бiр жолдасым бар едi, қалай да жолығуым керек, қазiр келемiн!
Зәулiм үйлердiң арасынан әрең дегенде бiр таса орынды тауып алып, ұзақ тұрып
жұмысымды бiтiрдiм-ау. Аспанда күннiң көзi ашылғандай болып қызыма келсем,
Бердалы да тықыршып тұр екен, ай-шай жоқ:
— Жолдасыңа мен де жолығып келемiн, — дедi. Құпияның шетi ашылып қалғанынан
ұяла, бетiм ду етiп:
— Сен оны танымайсың ғой, — деппiн. Ол:
— Танымасам да барам! — деп қолын бiр сiлтедi де жүгiрiп кетiп қалды.
Масқара-ай, ендi жасырын ешнәрсе қалмағандай. Ұялған тек тұрмастың кебiн
киiп:
— Бүгiн қай күн өзi? — деппiн. Қызым жауап берудiң орнына мырс етiп күлдi. Өлдiмау, өлдiм! Өзiм 8 наурыз мерекесiнде келiп тұрып қай күн екенiн сұрағанымды
қарашы!
Кейiн Бердалыға «Бәрiн бүлдiрдiң!» — деп ұрыссам, ол маған ұрсады:
— Бiздi тастап, жарты сағат жоғалып кеттiң. Тағы сен келгенше шыдап, ерлiк
таныттым ғой. Өзiм әрең тұрсам, қызың әңгiме айтады, сөзi құлағыма күңгiр-күңгiр
етiп жеткендей естiмеймiн, әйтеуiр басымды изей бердiм…
«Оңтүстік Қазақстан» газетінде
ЕРКЕК
Ел құлағы-елу дегендей менiң телефонда қыз даусына салып звондайтыным
қандай жолмен, қалай жеткенi белгiсiз, «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң редакциясына
да мәлiм болыпты. Осында қызметке ауысып келген алғашқы айлардың iшiнде
хаттар бөлiмiнде iстейтiн Елтай Боранбаев менi кабинетiне шақырды да есiктi iлiп,
кiлтiн қалтасына салып алды. Бiр-бiрiмiздi «Жезде, қайын» деп әзiлдесiп тұратын
жайымыз бар едi. Айтқандай-ақ:
— Қыз болып звондап жiгiттердi зар еңiрететiн әдемi өнерiң бар көрiнедi, бiр қызық
болсын, Жарқынбекке звондашы, бiр өзi отыр! — деп жалынды. Мұндайдан аузым
күйiп қалған басым:
— Ойбай, атамаңыз, оның соңы жақсылыққа апармайды, — деп ат-тонымды ала
қашып есiкке ұмтылып едiм, жiбермей тұрып алды:
— Звондамасаң, оллаһи, есiктi ашпаймын!
Жарқынбек Алтынбеков ешкiмге зияны жоқ, өзiмен-өзi жүретiн, жуас қана жiгiт едi.
Оның үстiне жерлестiгiмiз тағы бар, әдемi әзiлдесiп тұратынбыз. Бiр қалжыңымды
көтерер деп ойладым да:
— Жарайды, кiм болып звондайын? — дедiм.
— Оған Жетiсайдан бiр бейтаныс қыз зәру тiрлiктермен звондап, бүгiн-ертең келем
деген көрiнедi. Сол қызбын десең түк те сезбей қалады.
Звондасам телефон байланысы өте нашар екен, қытырлап-шытырлап
Жарқынбектiң даусы құдық түбiнен шыққандай әзер естiлiп тұрды. Мұндайда ол түгiлi
тәжiрибелi чекистiң өзiн сазға отырғызып кетуге болатынын сезiп, еркiн сөйледiм.
— Ағай, мен Жетiсайдан келiп тұрмын.
— Ә-ә, иә, иә, өткендегi сiзсiз бе, келе берiңiз, мен өзiмде күтiп отырамын, — деп
бәйек болды да қалды.
— Мен сонда бармай-ақ қойсам деп едiм.
— Неге?
-Бiр түрлi ыңғайсыз сияқты! Өзiңiз сыртқа шыға алмайсыз ба?
— Қай жерде тұрсыз?
— Сiздерге жақын маңнан, телефон-автоматтан звондап тұрмын. Күт деген
жерiңiзге бара саламын ғой!
— Онда бiздiң редакцияның жанында «Алмаз» деген магазин бар, соның бүйiрiнде
газет сататын киоск тұр. Соның алдына кел. Бiр-бiрiмiздi қалай танимыз?
— Менiң үстiмде ауа көк көйлегiм бар. Одан да сiз қолыңызға «Оңтүстiк Іазақстан»
газетiн ұстап, сол киоскiнiң алдында күтiп тұрыңыз, өзiм тауып аламын! Шыға берiңiз,
мен де кеттiм!
Елтай манадан берi күлкiге булығып әрең шыдап, бөлмеде iшiн баса бүкшеңдеп
жүрген, маған тез трубканы қой деп ымдады да қып-қызыл болғанша қарқылдай
күлдi. Сөйттi де есiгiн ашып машбюроға жүгiрiп кеттi. Артынша ондағы барлық
машинистканы терезе алдына ертiп келдi.
— Оу, Елеке, ешкiмге айтпаймын деген уқдеңiз қайда?
— Қоя бер, бұлар өзiмiз ғой, қызығын көрсiн! — дедi ол әлi де күлкiден арылмаған
күйi.
Әлден уақытта қолына газет ұстаған Жарқынбектiң түк болмағандай тымпиып
сыртта, терезе тұсынан өтiп бара жатқанын көрген қыз-келiншектер шу ете қалды.
— Әй, еркектер-ай, шеттерiңнен оңбағансыңдар ғой! — дедi Гауїар апай.
— Өстiп те ойнауға бола ма екен, мен қазiр барып оған бәрiн айтамын! — деп
ағасының тiрлiгiне намыстанды онымен бiр ауылда, Сайрам ауданының Мәдени елдi
мекенiнде тұратын Қалдыкүл. Сөйттi де ашуланған күйi сыртқа беттедi. Мен де iлесе
шықтым.
— Жарайды, бiрге барайық, кешiрiм сұрап өзiм-ақ айтамын.
Сыртқа шықсам, киоскiнiң жанындағы үлкен тал түбiнде Жарқынбек қанненқаперсiз газетiн ұстап тұр екен. Жақындай бере:
— Неғып тұрсың? — дедiм.
— Жай, көлеңкелеп! — дедi ол. Бiздiң бар құпияны бiлетiнiмiзден бейхабар күйде,
өзiнше салмақты сыңай таныта, жоқ қызды ынты-шынтысымен күтiп пұшайман болған
оның мына кейiпi тiптi «Күлмесханды» да пысқыртып жiберетiндей едi. Құлшынып
шыққан Қалдыкүл де, онымен iлесе келген мен де күлкiге булыққан күйi еш нәрсе
айтуға шамамыз келмей өтiп кеттiк.
Кейiн барлық шындық ашылған соң Жарқынбек:
— Мұны Елтайдың ұйымдастырғанын iшiм сезiп едi. Ал звондаған сен емес, қыз
болатын, — дедi.
«РЕДАКТОР»
Дәулет Исабеков екеумiз партия тұрмысы бөлiмiнде ол тілші, мен бөлім
меңгерушісі болып ұзақ жыл бірге істедік.
«Сен өсiп кетшi, орныңа завотдел болайын»,- деп әзiлдеп қоятын. Ол кезде
партияның «кадрлар резервi» дегенi болатын. Мен жалғыз қызметкерiмдi бөлiм
меңгерушiсiнiң резервiне ұсынып едiм, талқылау барысында оған бiраз адам қарсы
шығып, өткiзбей тастады.
— Шынымен сенің орныңа отырғызып жатқандай-ақ құлшынғаны несi, мына
жұрттың. Ол әншейiн қағаз жүзiндегi нәрсе ғой көңiл үшiн өткiзе салса қайтедi. Қой,
завотделi құрысын, тiлшi болып тыныш жүре берейiн! — дедi ол қапаланып.
Бiр күнi Зейнеп апай, Бекзаттар бәріміз өзара әңгімелесіп отырғанымызда
телефон шырылдап Дәулет үйiмен сөйлестi. Звондаған әйелi болса керек, оған
өктем-өктем сөйлеп, тапсырма берiп, соңын қысқа қайырып трубканы қоя салды да:
— Құдайға шүкiр, әйтеуiр әйелiмiзге сөзiмiз өтедi. Мұнда тiлшi болсақ та үйде
завотделмiз! – дедi бізге маңғаздана қарап. Сонда Бекзаттар:
— Құдай-ай, үйде небәрi завотделсiң бе, мен редактормын! – деді.
«БЕЙМАЛАЛ»
Дқулет жайшылықта көп сөйлемейдi, лездеме, жиналыстарда өткiр пiкiр айтып
көзге түсiп қалайын дейтiндердiң сортынан емес, көбiне томаға-тұйық, өзiмен өзi,
салмақты жүредi. Ал қыздар келе қалса әлгi салмақты кейпі мүлдем ғайып болып,
басқа адамға айналып шыға келедi. Орнынан ұшып тұрып қарсы алады, қамқор,
жылы сөздерiн айта тұрып, үстiне жабысқан заттарды еппен ғана алып тастайды,
кетерде есiкке дейiн майысып тұрып шығарып салады. Ал ендi отырысты
басқарғанын көрсең, оны мүлдем танымай қаласың. Ресейдiң теледидарындағы
дикторлардай аузында бiр дамыл болсайшы, жұрттың да iшек-сiлесiн қатырады.
Бiрде Дәулеттiң жолдасының үйiнде қонақта болдық. Оншақты адам көлемiндегi
шағын дастархан басында бiр жас келiншек iшкендердiң анаусына да, мынаусына да
ауызбастырық ұсынып, «Беймалал алыңыздар, беймалал отырыңыздар!» деп
қайталай бердi.
Отырысты басқарып отырған Дәулет әлгi келiншекке бiр сәт қарап қалды да:
— Әй, мына қыз «беймалал, беймалал» деп қоймады ғой. Үй ыстық екен,
үстiмiздегiнiң бәрiн шешiп тастап труси, майкамен бiр беймалал отырайықшы! — дедi.
ЛАУАЗЫМ
Iлгерiде Дәулет мал шаруашылығы бөлiмiнде тiлшi болып iстеп жүрiп Созақ
ауданына iссапармен барған кезiнде өзiн «замзавотделмiн» деп таныстырыпты.
Ондағылар «замзавотделдiң өзi келдi» деп жапырыла қызмет етiп, құрмет көрсетiптi.
— Бөлiмде бастық болып Қалмахан Анарбеков ағам iстейдi. Одан кейiн жалғыз
мен. Сонда мен зам болмағанда басқа кiм бар? — дейдi Дәулет күлiп.
«ИНТЕНСИВТЕНДIРУ»
Қайта құру кезеңiнде мал шаруашылығы бөлiмiнiң аты заман талабына сай «Мал
шаруашылығын интенсивтендiру» бөлiмi болып өзгердi. Бiр күнi Дәулет Исабеков
бастығы Қалмахан Анарбековпен оңаша қалғанда:
— Бөлiмiмiздiң аты өзгерiп жатыр, сонда «интенсивтендiру» деген не өзi? — деп
сұрапты.
— Сол сөздiң мағынасын өзiм де түсiнбеймiн. Бұдан былай жазған
мақалаларыңның басына, ортасына, аяғына «интенсивтендiру» деген сөздi қосып
қой, сонда ешкiм ұрыспас! — дептi Қалекең.
КЕШIРIМ
Машбюрода iстейтiн ардагер апамыз ГауҺар Ахмадиева жас күнiнде қандай
болғанын қайдам, зейнеткерлік жастан асса да өз өтінішімен жұмысын жалғастырып
алпыстың үшеуін келсе де онша-мұнша келiншектерге қарағанда ширақ, мүсiнi де
бұзылмаған — зыптай, жас қыздардай елеңдеп тұрады. ұлты татар дегенi болмаса
қазақшаны мақалдатып сөйлегенде, халық әндерiн нақышына келтiрiп орындағанда
аузың ашылып қалады. Машинка басқанын айтсайшы, шiркiн! Аузыңнан шыққанын
iлiп әкетiп жатқаны… Орысша материалдарды қазақшаға диктовка жасап отырғанда
мүдiрiп қалсаң тiлiңнiң ұшындағы сөздi дәл тауып демеп жiбередi ғой. Кейде айтып
отырған сөйлемiнiң соңғы әрiптерiн машинкаға көз салмай-ақ есiктен кiрiп-шығып
жатқандарға бiр қарап қойып, тiптi оларға басын изеп амандасып отырып аяқтай
салады.
— Апай, қарамай басып жатқаныңыз не, бұл обкомға баратын материал, — деп шыр
ете қалсам:
— Алдымен қатенi тауып ал! — деп жайбарақат отыра бередi. Тексерiп қалсаң
шынында да әр әрiп маржандай тiзiлiп өз орнында тұрады ғой.
Осындай тындырымды тiрлiктерiне қарай мiнезi де ақжарқын, жайдары,
қызықшыл. Түрлi шараларға белсене араласып, ұйымдастырып жүргенi. Бiр күнi ол
маған:
— Талайларға қыз болып звондап, зар қақсатқан көрiнесiң. Басқа басқа менi алдай
алмайсың, бәрiбiр даусыңды танып қоямын, — дедi.
— Асық кетпеңiз!
— Жоқ, өзiме сенiмдiмiн. Қыз болып звондап қалай әзiлдесең де көтерем.
— Аяғы шатаққа айналып, ренжiсiп қалмайық!
— Ондай болмайды, егер мен шын алдансам, онда саған коньяк қоям! Ал
даусыңды танып қойсам, онда сен қарыз боласың!
— Жарайды, сақ жүргейсiз!
Екеумiз шарт-шұрт қол алыстық.
Өзi шын ықыласымен рұқсат берген соң, қалай, кiм болып звандаудың жолдарын
iздестiре бастадым.Ол кiсi жаңа пәтер алуға барлық тиiстi құжаттарын өткiзiп, ордерiн
әне-мiне күтiп жүргенi есiме түсiп, арада бiр-екi күн өткенде машбюроға звондадым.
— Маған Гауїар Ахмадиева керек едi?
— Иә, мен тыңдап түрмын!
— Бұл раисполкомнан ғой, пәтер мқселесiмен звондап тұрмын. Кезегiңiздi кейiнге
ысыратын болдық.
— Ойбай-ау, не дейдi, не үшiн?
— Құжаттарыңыз тура болмай жатыр, тез келiп кетiңiз!
Трубканы орнына қойған соң ақылға келiп, қой, жұмыс әдiрем қалып, арты
шатаққа айналып кетер деген оймен жайлап машбюроға кiрсем, апайым жоқ. Кәрiм
пленумның материалдарын бастырып миы ашып отыр екен. Болған жайды естiген ол:
— Бәсе, құйын қуғандай ұшып кетiп едi. Жұмыс бастан асып жатқанда сен де, — деп
қынжыла күлдi.
Кабинетiме барып отыра бергенiм де сол едi, есiктi жұлқи тартып iшке ентiге
кiрген Гауїар апай: «О, жүгермек!» деп желкемнен түйгiштей бастады.
— Тез қайтып қалдыңыз ғой?
— Ойбай-ау, құстай ұштым емес пе? Жеткенше жүгiрiп бардым, өкпем өшiп,
терлемеген жерiм қалмады. Ондағылар құұжаттарыңыздың бәрi дұрыс» десе де
қайта тексерттiм ғой, сенбей. «Ешқайсымыз звондаған жоқпыз, сiзбен әзiлдесетiн
бiреу жоқ па едi?» — дегенде ғана басыма сен сап ете қалып сол жерде «Слам!» — деп
айқайлап жiберiппiн ғой, жетпегiр! Айтшы — әй, қалай звондадың?
— Әйтеуiр ренжiмесеңiз болды, апай.
— Жо-оқ, қайта ризамын, коньягың менiң мойнымда! — деп едi сонда.
Сол Гауїар, бiр күнi кабинетке келiп:
— Әй, күлмегенiмiзге бiраз болды, бiреуге звондашы, көңiлiмiздi бiр көтерейiк, — деп
жабысты.
— Апай, қойыңызшы, оның арты жақсылыққа апармайды, қажетi жоқ! — десем:
— Бәлсiнбей звондашы, Қайым бiр өзi отыр, қызық болсын! — деп қоймады.
Осы сәт жанымда отырған Дәулет:
— Апай, оның несi бар, мен-ақ звондап берейiн! — деп елпең ете қалды. Сөйттi де
телефонның құлағын бұрап-бұрап жiберiп, бiр мұрнының тесiгiн саусағымен басып
тұрды.
— Қайым ба екен? — дедi ол маңқаланып.— Мен Созақ жақтан келiп едiм,
автовокзалда тұрмын. Сiзге бiр қап ет сәлемдемем бар едi, соны қалай жеткiзсем
екен?
Қайымның не айтқанын бiлмеймiз, Дәулет өңi бұзылып трубканы ұстаған күйi
сiлейiп тұрып қалды.
— Апай, сiз де бiрнәрсенi шығарып жүресiз, не болды ендi, танып қойды.
— Не дедi?
— «Көп оттамай, трубканы орнына қой!» дедi. Масқара болдым ғой. Қой, барып
кешiрiм сұрап келейiн.
Дәулет барып Қақаңнан кешiрiм сұраса ол кiсi аң-таң болып:
— А-а, сен бе едiң, мен Елтай екен деп қалып едiм! — дептi.
Өзiн-өзi ұстап бергенiне Дәулет көпке дейiн өкiнiп жүрдi.
«ҚАТЫН»
Баспахананың әрiп терушiсi Айша бүгiн өте ашулы екен, бiздi көргенде амандықсаулық жоқ:
— Анау Дәулет дегендерiң қайда өзi, жұмысында болса телефонын берiңдершi, —
дедi. — Иттерiсiн басына қаптайын!
— Айеке, ашуыңызды басыңыз! — деп жұбатып көрiп едiк, бiзбен сөйлесер түрi жоқ,
долданып алыпты. Амал жоқ, Дәулеттiң жұмыс телефонын бердiк. Айша сол
қаһарланған күйi апыл-ғұпыл телефон құлағын бұрады. Арғы жағынан Дәулет көтерсе
керек.
— Ей, Дәулет, — дедi Айша тiстенiп. — Кешегi тiрлiктерiң не, айып та болса айтайын —
қатын екенсiң!
«Япыр-ай, қатты кеттi ғой, Дәулеттi жерге кiргiздi-ау» деп тұр едiк, ашуланып
тұрған Айшамыз телефонның тұтқасын қолымен басып қалды да булығып күлiп
жiбердi. Бәрiмiз таңырқап, Дәулет не айтты десек:
— Е,е, айналайын, қазiр еркек қалды ма, қатын болсақ қатын шығармыз, не
айтпақшы едiң? — дептi.
ҚАЙТА ҚҰРУ
Мал шаруашылығын интенсивтендiру бөлiмiнiң меңгерушiсi Қалмахан аға
редактордың бiрiншi орынбасары Жұмамұрат Тұяқбаевтың кабинетiнен ұнжырғасы
түсе, ренжiп шықты.
— Қалеке, тыныштық па?
— Жұмамұратқа не болған өзi, түсiнбеймiн. «Сiз әлi өзiңiздi қайта құрмағансыз!» —
деп сiлiкпемдi шығарды. Сонда мен не iстеуiм керек, барым да, нарым да осы ғой,
айналайын-ау, қайтiп қайта құрылам? — дедi Қалекең күйiп-пiсiп.
ШИКІЛІК
Облыстық ішкі істер бас басқармасында істейтін бір танысым онда баспасөз
жетекшісі деген жаңа штат ашылғалы жатқанын, айлығы да, болашағы да жақсы
екенін, мүмкін болса осы қызметке кел, жәрдем берем дегенді айта келіп: «Білімің
жоғары, бірден офицер формасын киесің, жағдайың жаман болмас», — дегенді қосып
қойды. Жастықтың әсері шығар, бәрінен бұрын офицерлік формасына қызықтым. Ол
кезде партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі едім. Ары ойлап, бері ойлап барып,
бастықпен ақылдасайын деп шештім. Редактор Әмірсейіт Әлиев ағаның алды
адамнан арылмайды. Хатшысы Зоямен келісіп жүріп, бір бос уақытының ретін тауып
кірсем, ол кісі тұс-тұстан шырылдаған телефондарды да көтермей кезекті нөмірдің
беттерін қарап жатыр екен, менің келгеніме оншалықты маңыз бермей:
— Жайша ма, айта бер, — деді беттен көзін алмаған күйі.
— Әбеке, облыстық ішкі істер басқармасында баспасөз қызметі құрылып жатқан
көрінеді, сол жаққа ауыссам деген ойым бар еді…
Әбекең сонда барып алдындағы газеттен басын көтеріп, маған көзілдірігінің
үстінен таңырқай қарап:
— Әй, сен өзі әлі шикісің-ау! — деді.
НҰСҚАУ
Қайым аға оңтүстік әдебиетінің ақсақалы, қарт ақын Омарбай Малқаров жайлы
қызық әңгімелерді ерекше бір ықыласпен айтатын.
— Бір рет Омекең мен Нәсіредин Серәлиев екеуі мені сыра алып келуге жұмсады.
Жас кезім, ондай кісілерге қызмет ету бізге үлкен мақтаныш қой, айтқандарын әпсәтте жеткізіп бердім. Ол кезде қазіргі Кеңбаба саябағы «Пионер паркі» деп
аталатын. Сол саябақтың көк майсасы қалың, көлеңкелі түкпіріне жайғасып, сыраны
енді аша бергенімізде қолдарындағы рациясын қыжылдатып екі милиционер келді.
Жап-жас орыс жігіттері екен, қолдарын шекесіне тақап, өздерін таныстырды да:
— Здесь пить не положено! — деп еді, Омекең оларға бүкіл денесімен бұрыла , екі
қолын бір-біріне түйістіре жоғары көтеріп:
— Әй, идите, свойми делами занимайтесь! — деді.
Аналар да есі бар жігіттер екен, басын шайқап күлді де кетіп қалды.
БЕКТҰР
Редакцияда партия тұрмысы бөлімінің меңгерушілігімен бірге партия комитетінің
хатшысы міндетін де қоса атқардым. Жауапкершілігі мен қосымша жұмыстары көп,
бірақ абыройы жоғары бұл міндетті партия тарқаған күнге дейін алып жүрдім. Ай
сайын партия жиналысын өткізіп, оның хаттамасы мен қаулысын міндетті түрде
машинкаға бастырып, аудандық партия комитетіне табыс етуші едік. Жиналыстарға
аудандардағы барлық меншікті тілшілер, біздің партия ұйымының есебінде тұратын
зейнеткерлер міндетті түрде қатысатын және сол кезде партиялық жарнасын да қоса
төлеп кететін.
Мұндайда Коммунистік тәрбиенің ықпалы сүйегіне сіңіп кеткен зейнеткерлердің
белсенділігі ерекше байқалып тұрушы еді. Олар жиналыста салмақты пікір айтады,
жарнамаларын уақтылы әрі артық-кемі жоқ тұп-тура етіп әкеліп, бір тиынына дейін
санап өткізеді. «Бір-екі тиынды қоя қойыңызшы!» десең, «Жоқ, олай етуге
болмайды» деп қалталарының түкпір-түкпіріне қол жүгіртіп жүріп түгелдей өткізетін,
сол арқылы партияға берілгендігі мен адалдығын айтпай сездіретін. Осындай
жиналыстан кейін кетуге ыңғайланған Омарбай Малқаров курьер қызға:
— Әй, қыз, есіктің алдында мені Бектұр деген жігіт күтіп тұр, соны шақырып келе
қойшы! — деді. Курьер қыз сөзге келмей сыртқа шығып кетті де кешігіңкіреп қайтып
келді.
— Ата, ондай бала жоқ, бәрінен сұрап шықтым,-деді.
— Әй, жоғың не сенің, ол кетпеуі керек еді ғой, -деп шала бүлінді Омекең. Сөйтсек,
ол кісінің Бектұр дегені өзін алып жүретін Виктор деген орыс шофері екен.
«ТАҒЫ БАСҚАЛАРЫ»
Бірде астаналық орталық газетте Қазақстандағы танымалы ақындар жайлы
көлемді материал жарияланыпты. Соны оқып шыққан қуақы жігіт Омарбай Малқаров
атаға:
— Мына мақалада сіздің атыңызды тастап кеткен бе, көрнекі ақындардың
қатарында аталмай қалыпсыз ғой?-десе, Омекең жұлып алғандай:
— Әй, ондағы «тағы басқалары» деген сөзді оқыдың ба, мен соның ішіндемін, —
депті.
ТҰЛҒА
Облыстар қосылып, өлкеге біріккен тұста «Оңтүстік Қазақстан» мен «Южный
Казахстан» газеттерінің редакциясы да бірігіп, екі ұжымды бір бас редактор
басқарыпты. Ал ондағы партия ұйымының жиналыстары бірге өтіп келген екен.
Осындай жиналыстардың бірінде коммунистер «Южанканың» қызметкері Николай
Польщиковты бір қателігі үшін сілікпесін шығара сынға алыпты. Тіпті қатаң сөгіс беріп,
қызметінде қалу-қалмау мәселесін шешу жөнінде де ұсыныстар айтылған көрінеді.
Ертесіне Шымкент қалалық партия комитетінің пленумына қатысуға келген
журналистер кеше жұмыстан шығып кете жаздаған Польщиковтың қалалық партия
комитетінің бірінші хатшысы Жомарт Тыныбаевпен емін-еркін сөйлесіп тұрғанын
көріп, сенерін де, сенбесін де білмей, таңырқағаннан ауыздарын ашып тұрып
қалыпты.
Сол кезде есімі елге белгілі болып қалған танымал ақын Омарбай Малхаровтың
жанында тұрған газеттің партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Наушабек Орманов:
— Кешегі жиналыста Польщиковтың жер-жебіріне жетіп, редакциядан аластатып
жіберуге шақ қалып едік, бұл жүдә бірінші хатшының өзімен әмпей-жәмпей сөйлесіп
тұр ғой, — десе, Омекең жұлып алғандай:
— Әй, оның несіне сонша таңғаласың, сен де менімен сөйлесіп тұр емессің бе?! —
деген екен.
ТҮСІНІКСІЗ СӨЗ
Аптаның әр сейсенбісінде өтіп тұратын лездемеде кезекті шолу жасаған Мәриям
Танашева: «Осы Мұхтар Шерімовтің фельетондарында түсініксіз сөздер өріп
жүреді»,-деді. Сол күнгі лездемені жауапты хатшы Байдулла Қонысбеков басқарып
отыр еді.
— Нақтылап айт, қандай сөздер?-деді.
— Мысалы,-деді Мәриям газетке үңіле түсіп:
— «Дупль мас» дейді, «дуплі» несі?
Еркектер жағы шу ете қалды:
— Ой, оны түсінбейтін несі бар?
— Ол өте түсінікті сөз, ары қарай кете бер!-деді Байекең күліп.
КӨЙЛЕК
Аудандардағы меншiктi тiлшiлермiз Шымкентке басқа мәселелермен келгенi өз
алдына, ал айына бiр рет өтетiн партия жиналысына мiндеттi түрде қатысып кететiн.
Олар осы сәттi пайдаланып партиялық жарналарын төлейтiн, iссапар қағаздармен
есеп ажырасып, айлықтарын алатын, әрi ұжым мүшелерiмен араласып, әзiл-
қалжыңдарын айтып қауқылдасып қалатын. Оларға редакцияның есебiнде тұратын
ардагер коммунистерiмiз қосылып, қатарымыз молайып дегендей, ол күндер кiшiгiрiм
бiр мереке iспеттi болып кететiн.
Меншiктi тiлшiлердiң осындай жиналысқа келген бiр сәтiнде редактордың бiрiншi
орынбасары Кәрiм Үкiбаев шеткерiрек шығып, ендi ғана насыбайын атуға оңтайлана
берген Бердәқлi Тұрмаханбетовтың жеңiнен тартып:
— Көйлегiмiз бiрдей екен-ау! — дедi. Кәрiмге жалт қараған Бекең оның үстiнде нақ
өзiнiкiндей қызыл-сарғыш көйлекке қарап күлiп жiбердi де:
— Мен редакцияға келерде алдын-ала звондап, бастықтардың бүгiн қандай көйлек
киiп келгенiн астыртын сұрап аламын! — дедi.
МАЙШАМ
Ол кезде теледидарда атақты «Рабыня Изаура» фильмi жүрiп жатқан. Сол кино
жайлы жиi әңгiме-дүкен құрып қоюшы едiк. Бiрде қала бойынша электр жарығы
болмай қалып, ертеңгiсiн «Изаураны» көре алмай қалғанымызды айтып отырғанда
Мұхтар Шерiмов келдi де:
— Бiз ол киноны көрдiк! — дедi.
— Немене, сендер жақта свет өшкен жоқ па? — дедi Зейнеп апай.
— Өштi, бiрақ майшам жақтық та көре бердiк!
− Япыр-ай, ә! Ол бiздiң ойымызға қалай келмеген? — дедi аңқау Зейнеп апай
таңырқап. Артынша алданғанын бiлiп, сылқылдап ұзақ күлді.
ЖАСТЫҚ ШАҚ
Бірде Зейнеп апайдың үйінде Қалтай жездеміздің қызықты әңгімелерін тыңдап
отыр едік, бізден сәл әріректе апаймен бірге фотоальбом көріп отырған көрші
кемпір:
—Мынау кім?-деді бір суретті көрсетіп.
— Менің жас кезім ғой, — деді Зейнеп апай.
— Өлә-ә, жас кезіңде сен де мен сияқты сұлу болған екенсің ғой, — деді анау таң
қалып.
ЛОТОРЕЯ
Секретариаттың ешқашан саябырсымайтын, аласапыран тiрлiгiне шырмалып миы
ашып жүретiн Қайым Тiлегенов ағамыз онысын сырт көзге бiлдiрмей қашан да
сабырлы, ұстамды кейпiн танытып отырады. Ал шын мәнiнде қай затының қай жерде
тұрғанын iзiнше ұмытып кетедi. Бiр материалды сұрай қалыңызшы, алдындағы он
пәпкенiң бәрiн ақтарып, астаң-кестеңiн шығарады да: «Мен жүрген жер бомба
түскендей болады»,-деп қояды тағы да. Өстiп үнемi абыржып, жұмысбасты болып
жүргенiн пайдаланған құрдастары Елтай Боранбаев пен Әлмахан Исахов ол кiсiнi
үнемi күлкiге айналдырады да отырады. Қақаң қандай әзiл болса да көтере беретiн
кең адам, кейiн тағы да «менi қатырды» деп жұртқа жария етiп жүредi.
Бiрде Әлмахан ұтпаған лотерея билетiнiң нөмiрлерiн ерiнбей қиып, ұқыптап қайта
жапсырып, автомашина ұтығына келтiрiптi де Қақаң келгенде: «Қолым тимей жатыр,
мына лотереяларымды тексере салшы!» деп ұтық шыққан газеттi қоса берiп өзi
бiлдiртпей бақылап отырыпты. Газеттi жайып жiберiп, тексере бастаған Қақаң бiр
уақытта автомашина «ұтқан» лотореяға бiр қарап, газетке бiр қарап, сенерiн де,
сенбесiн де бiлмей шала бүлiнiптi де қалыпты. Қанша дегенмен пенде емес пе,
қуаныштан гөрi қызғаныштың отына күйiп:
— Бұл жұртқа құдай бере салады, бұл жұртқа құдай бере салады, — деп күбiрлей
берiптi.
КЕПТЕР
Бiрде секретариаттың бөлмесiне жабайы кептер кiрiп кетiптi. Терезенi қанатымен
сабалап, сыртқа шыға алмай тұрған кептердi Әлмахан ұстап алыпты да Қайымның
суырмасына тығып қойыпты. Мұны көрiп тұрған Гауһар апай қанша асығып тұрса да
Қақаңның қызығын көру үшiн ұзап кетпей күтумен болады. Әлден уақытта ойында түк
жоқ Қақаң келедi.
— Әй, Қайым, жаңа бiр материал бар деп едiң, әкел, тез теріп бере қояйын, — дептi
Гауһар.
— А-а, иә, қазiр! — дептi де ол әдеттегiнше стол үстiндегi пәпкесiнiң бәрiн ақтарып
барып, суырмасын ашып қалғанда кептер пар етiп ұшып шығыпты. Күтпеген оқиғадан
сасып қалған Қақаң кейiн шегiне:
— Аһ! — деп айқайлап жiберiптi де орындығымен қоса шалқалай құлап түсiптi.Есін
жинап, үстін қағып жатқан Қақаң:
− Ойының осылғыр, Елтай! — дептi ашудан қып-қызыл болып.
ӨКПЕ
Қақаң қазiргi нарық жағдайында жұрттың жасап жүрген тiрлiктерiмен сол кезде-ақ
бiлдiрмей айналысатын. Партияның салауатты өмiр салты жөнiндегi атышулы
қаулысы шығып, дүкендерде арақ-шарап жоғалып кеткенде ол кiсiнiң сейфiнде
«Столичная», «Пшеничная» дегендерiң тiзiлiп тұратын. Одан соң Қақаңның
қалтасынан үнемi ақша үзiлмеушi едi. Жанымыз қысылғанда бәрiмiз сол кiсiге кезеккезек барып қарыз сұрап тұратынбыз.
Бiрде редакцияға кәсiподақтың ұйымдастыруымен арзан шай мен конфет түсiп,
бәрiмiз ақша iздеп сарсылып кеттiк. Мен жүгiрiп Қақаңа келе жатыр едiм, алдымнан
Оразхан кездесiп:
— Әуре болма, ол кiсiнiң бүгiн көңiл-күйi жоқ көрiнедi, бар болса да аузын құр
шөппен сүртiп отыр, — дедi.
— Басқа басқа, маған бередi!
Кабинетiне кiрсем, шынында да қабағы қатулы екен, диссертация жазып
отырғандай қағазға шұқшиып қалыпты. Ақшаның буы ма, әлде қарыз сұрай келгенiмдi
бiлдi ме, жүдә менiң келгенiмдi елең етпей сiресiп отыр. Жайлап жанына бардым да:
— Қақа, өзiм де сезiп жүрмiн, маған қатты өкпелiсiз ғой, ә? — дедiм.
— А-а, неге?
— Өзiмнен де бар ендi, тек ренжи көрмеңiзшi.
— Әй, айтсай, есiме түспей тұр. Саған неге өкпелеймiн, непонятно! — деп иығын
қушитып, құлағын шұқыды. Ойланып қалыпты.
— Сiзден көп болды, қарыз сұрамай кеттiм. Соған өкпеңiз қара қазандай болып жүр
ғой, бiлем!
— А-а!
Ол қарқылдай рахаттана күлiп алды да:
− Болды, болды, түсiндiм, қанша керек едi? — деп қолын қалтасына сала бердi.
ЖІГЕРЛЕНДІРУ
Коммерциялық бөлімнін меңгерушісі Өтепберген Есенбаев ағамен бірге қала
шетіндегі ауылда тұратын жолдасының үйіне барсақ, ондағылар асарлатып сарай
салып жатыр екен, қызу еңбектің ортасынан түстік.
Бірі лай илеп, екіншісі су тасып, үшіншісі қыш қалап дегендей, өндіре жұмыс
істеп жатқан жігіттерге риза болған Өтекең:
—Жми казак, жми, атаманом будешь! — деп лай илеп жатқан баланың жалаңаш
арқасынан қағып жігерлендіріп еді, ол :
—Жымиу, жымиу! — деді жұмысын тоқтатпаған күйі төмен қарап.
«Ю» ВИТАМИНІ
Газеттiң суретшi-безендiрушiсi Қасымбек Нұрбеков пен жарнама секторының
меңгерушiсi Өтепберген Есенбаев екеуi секретариаттың кең бјлмесiнде қатар
отырады. Жастары құрыптас болған соң әңгiмелерi де қызық, бiрiн-бiрi сөзбен iлiп,
әдемi әзiл өрбiтедi, ендi бiрде бiрiн-бiрi мойындамай кідiмгiдей айтысып қалады.
Мұндайда Өтекең қызбалықпен батырып-батырып, қатты-қатты сөздер айтып
жiбередi. Ал қашаннан сабырлы да салмақты Қасекең алдындағы суреттiң қасы-көзiн
бояуды жалғастырған қалпынан танбай басын шайқап:
– Сен өзi қазiр мынадайсың, қызметiє сәл жоғары болса редакцияны төңкерiп
жiберерсiң, – дейдi. Қарсыласы шаптығып тұрмаған соңі Өтекең қайда барсын, бiраз
екпiндеп барып ол да басылады. Бiрақ жұмыстан кейiн екеуi жұбын жазбаған күйi егiз
қозыдай болып бiрге қайтады.
Ауру-сырқау дегендi бiлмей, үнемi сергек жүретiн Қасекеңнiң бiрде ауруханаµа
түсiп қалғаны бар. Өтекең бастаған топ көңiл сұрай барсақ Қасағаң бәз-баяғы қалпы,
жайраңдап, әзiл айтып сергек жүр екен. Мұнысына қуанып қалдық. Қасаға бiздiң
сәлем-сауқатымызды жайғастырып болған соң тоңазытқыштан iшiне толтыра қызыл
сұйық құйылған үлкен стаканды қолына алды.
– Сендердiң келген құрметтерiңе! – деп қысқа қайырды да әлгi стакандағыны
тартып салды. Ащы бiлем, соңынан ет жеп, су iштi.
– Бұл не, дәрi ме? – деймiз жастар жағы.
– Иә, дәрi болғанда, жақсы дәрi. Аты – витамин «Ю», – дедi Қасекең.
Сөйтсек, ол анар сөлiн араластырып қойған арақ екен.
«М» МЕН «Ж»
Редакцияның шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Мұхтар Өтелбаев бірде
Ермахан деген жеті жасар немересін ертіп келіп:
–Сынықтан басқаның бәрі жұғады деген рас-ау. Қаламгерлердің ортасында
жүрген соң қиын екен, мына немеремнің журналист болатына көзім жетті, небір
тапқыр сөздерді ойлабай соғып салады, – деді күліп. Кеше орталық саябаққа
қыдыртуға апарғанмын. Біраздан соң дәретханға барам деген соң, ертіп апарып
«Қайсы есікке кіретінінін білесің бе?» деп едім, «Иә!» деді де жүгіріп «Ж» деген белгісі
бар есікке кіріп кетті. Шыққан соң «Анда жазулы тұрған «М» және «Ж» деген
жазулардың мағынасын білесің бе?» деп сұрадым қызық көріп. «Білем, «М» дегені–
мамалар, «Ж» дегені – жігіттер деген сөз. Мен жігіттерге кірдім» деді тақ-тақ етіп.
МОЙЫНДАУ
Ол кезде Мархабат Байғұтов редакцияда әдебиет, мәдениет және өнер бөлiмiнiң
меңгерушiсi болып iстейтiн. Бiрде оның кабинетiне ақын Ханбибi Есенқараева кiрiп
келедi де, жағын таяна, ойланып отырған Махаңа қарап:
— Жауатын қара бұлттай түнересiң,
Анда-санда бiр келсек сыр бересiң.
Тұқшиып қара жерден көз алмайсың,
Түсiрiп алғандай-ақ бiрдемесiн! — деп тиiсiптi. Сонда Махаң ойланбастан:
— Бұл жерге келушi едi талай қатын,
Қалай-қалай сөйлейсiң адай қатын? — дептi. Мынадай тосын жауапқа риза болған
Ханбибi:
— Мен әлгi шумақты сырттан сомдап, дайындалып келiп едiм, ал сiз ойланбай-ақ
шиыра жауап қаттыңыз. Жеңiлдiм, жеңiлдiм! — дептi.
ҰҚСАСТЫҚ
Редакцияның автомобиль жүргiзушiсi Әбсадықтың баласының үйлену тойына
қатысып, түннiң бiр уағында топ-топ болып қайтып келе жатқанбыз. Бекзаттар екеумiз
қызу әңгiмелесiп, жұрттан ұзаңқырап кеткен екенбiз, сәл аялдап өзгелердiң
жақындауын күтiп тұрдық. Бiзге таяу келген Мархабат:
— Мына столбаның түбiн емес, бас жағын әктеп қойғаны несi деп таңқалып келе
жатсам, сен екенсiң ғой! — дедi ақ көйлек, қара шалбар киiп алып, екi метрдей болып
сорайып тұрған Бекзаттарға.
АЙНА
Мархабат мал шаруашылығы бөлiмiнiң меңгерушiсi Қалмахан Анарбековпен
«жезде» деп әдемi әзiлдесiп тұрады. «Журналист» қабырға газетi арқылы екеуiнiң
өлеңмен айтысқан тапқыр қалжыңдары көпке дейiн жұрт аузында жүрушi едi.
Бiрде облыстық партия комитетiнiң номенклатурасында тұратын бiр топ
қызметкер жеке есеп карточкасына суретке түсу үшiн фотографияға келдiк. Ондағы
жалғыз айнаға бәрiмiз топырлай таласып үстiмiздi түзетiп жатқанбыз. Мархабат
Қалекеңнiң айнадай жалтыраған басына күлiмдей көз салып:
— Маған қарап еңкейiп тұрыңызшы! — дедi.
— Неге?
— Басыңызға қарап шашымды тарап алайын!
«СОЦИАЛИЗМ»
Редакцияның автомоблиь жүргiзушiлерi Мұхтар, Бауыржанмен бiрге әңгiмелесiп
тұрып бiр қызық жәйтке дүркiрей күлдiк. Сол сәтте есiктен кiрiп қалған Мархабат:
— Күлкiлерiң социализм тұсындағыдай ғой! — дедi.
ТІЛ МЕН ПІЛ
Мархаббат Байғұт ағамыз тіл басқармасының бастығы болған тұста облыста
үлкен бір мәдени шара өтетін болып, оған қатысуға астанадан келетін құрметті
меймандарды күтіп алып, қызмет көрсету тіл басқармасы мен мәдениет
басқармасына жүктеліпті. Мәдениет басқармасының сол тұстағы бастығы Табанды
Әжібеков телефон құлағын бұрап жіберіп Махаңа хабарласыпты да мейлінше
мәдениеттілік сақтап:
–Айналайын, Маха, екеуміз де деңгейіміз бідей, басқарма бастығымыз.
Меймандарды күтіп алу жөнінде ақылдасуымыз керек, мен барайын ба, жоқ әлде сен
маған келесің бе?–депті. Сонда Махаң:
–Біз тілдей басқарма болсақ , сіздер пілдей басқармасыздар ғой, мен барайын,–
депті.
Махаңның айтқаны, мылтықпен атқандай…
«Егемен Қазақстан» газетінде ұзақ жыл арнаулы тілші, меншікті тілші болған
жазушы-журналист Мархабат Байғұт ағамыздың «Оңтүстіктің» шекпенін
шыққанын бәріміз де мақтан тұтатамыз. Ол кісі де қара шаңырақты ұмытпай
редакцияға жиі келіп тұрады, мұнда өтетін түрлі шараларға қатысуға уақыт
табады. Осындай басқосуларда Махаңның тосыннан тауып айтып, қауып
айтып, мылтықпен атқандай нысанаға дөп тигізетін зілсіз, әдемі әзілдері
жұртшылықтың аузында жүр. Міне, солардың бір парасы.
Баға
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында редакцияның
шығармашылық тобы облысымыздың аудан, қалаларында болып, өз
оқырмандарымен кездесулер өткізді. Редакцияның халыққа берген есебі іспетті
болған бұл басқосулардың бәріне де қаламдары облыс баспасөзінің
қарашаңырағында ұшталып, шыңдалған, бүгінде елге танымал, Қазақстанның
Құрметті журналисті Байдулла Қонысбек пен халықаралық «Алаш» сыйлығының,
«Құрмет» орденінің иегері жазушы Мархабат Байғұт ағаларымыз құрметті қонақ
ретінде қатысып, газет тарихымен бірге өрілген өркендеу, шығармашылық шарықтау
жолдары жайлы тағылымды әңгімелер айтты, кейінгі жастарға аталы сөздерін
арнады. Осындай кездесудің алғашқысы Мақтаарал ауданынының орталығы Жетісай
қаласында өтеді. Сонда аудан әкімі Серік Тұрбеков көпшілікпен өткен алғашқы екі
басқосуда да Байдулла ағаны көтермелеп: «Байекеңнің бергенінен берері көп»
дегенді қайталай беріпті. Үшінші басқосуда сөз алған Мархабат аға:
–Серік ініміз «Байекеңнің бергенінен берері көп» деп қайта-қайта айтып жатыр.
Бұған мен қосылмаймын, қарсымын. Брежневтің жасына жақындаған қарияның
қаяқтан бергенінен берері көп болады? Одан да бергенін бағалап алайық, ендігі
берері шамалы шығар, — деп жұртты күлдіріпті.
Телефон
«Оңтүстік» оқырмандарымен Шардара қаласында өткен кездесуде негізгі
баяндама оқылып болғаннан кейінгі алғашқы сөз әдеттегіше Байдулла Қонысбек
ағаға беріледі. Байекең мінбеге көтеріліп сөзін енді бастай бергенде қалта телефоны
шыр ете қалыпты. Звондаған үйдегі жеңгей Құттықыз екен, «Үйдегі апаларың ғой.
Иә,иә, мақұл!» деп түсіндірген Байекең телефонды сөндіріп, сөзін бастап кетіпті.
Мұндай сәттерді қалт жібермейтін Мархабат аға сөз кезегі өзіне тигенде мінбеден
Байекеңе бұрылып:
– Бұл кісі сөзге шыққанда не айту керек екенін жеңгеміз үйретіп отырады, – депті.
– Жаңа да солай болды, өздеріңіз көрдіңіздер. Бірақ Байекең жеңгеміздің айтқанын
ұмытып қалды да, әр нәрсенің басын бір шалып, 17 минут сөйледі, кеше Жетісайда
16 минут сөйлеп еді, — депті.
Бұрмалау
Төлеби ауданы оқырмандарымен өткен кездесуде сөз алған Байдулла аға
әңгімесінің басын әзілмен бастап:
– Барлық жерде менің атым бірінші аталушы еді, бұл жолы Мархабаттан кейін
аталдым, қанша дегенмен осы ауданда таныстары мен туыстары көбірек-ау, – депті.
Сонда Махаң:
– Байекеңнің ескертпесі дұрыс секілді.Ол кісі 1941 жылы туып, соғысты бастаған,
мен 1945 жылы туып, соғысты аяқтаған ұрпақпын. Байекең туылған 1 қыркүйекте
мектептерде алғашқы қоңырау соғылса, мен туылған 25 мамырда соңғы қоңырау
соғылады. Сондықтан ол кісінің есімі әр кез менен бұрын аталуы керек, еркелеп
айтқан назын дұрыс қабылдаңыздар! – депті.
Өкпе
«Оңтүстік Қазақстанның» 90 жылдығына байланысты барлық аудандар мен
қалаларда өткізілген кездесулерге қатысқан Мархабат ағамыз Алматыға іссапарға
шығуына байланысты Бәйдібек ауданындағы кездесуге қатыса алмай қалады.
Осыған байланысты Байдулла аға Махаңа: «Басқа басқа, менің туған ауданымда
өткен кездесуге қатыспағаныңа наразымын» деп өкпесін білдіріпті. Сонда Махаң:
– Көп жерде өткен кездесулерде тосыннан әлденені айтып аяқтан шалып қала ма
деп менен жасқанып жүрдіңіз. Туған ауданыңызда есіліп, емін-еркін көсіліп, шешіліп
сөйлесінші деп әдейі бармай қалдым! – деген екен.
Ашырқану
Мархабат пен Байдулла аға екеуінің әзілі осылайша әдемі жарасады. Әсіресе
Махаң Байекеңнің әр сөзінен ойламаған жерден ілік тауып, бір шымшып өтуге құмар.
Дастарқан басында қатар отырған бір тұста Байекең кесе толы қымызды сіміріп
салды да:
– Қышқыл екен!- деді қабағын шытыңқырап.
– Арақ ішкенде шімірікпейтін Байекеңнің қымыз ішкенде ашырқанғаны несі? – деді
Махаң.
«Шаңбасты» мен «Жынбасты»
Редакцияда жыл сайын тұрақты ұйымдастырылатын наурыз мерекесінде бас
қосқан ардагер журналистер өткенді еске түсіріп, қызықты әңгіме өрбітті.
– Бұрын мұнда әр аптаның соңында «Шаңбасты» деген отырыс болып тұрушы
еді, – деді Байдулла аға өзі осында жұмыс істеген кезді еске алып. Әр аптадағы
дастархан шығынын кезекпен көтеретінбіз. Намысқа тырысып, бір-бірімізден асып
түсу үшін барымызды салып бағушы едік.
– Әйелдердің гәбі сияқты нәрсе екен ғой, – деді Марархабат аға мырс етіп.
– Е, жоқ-ә, оған әйелдер араласпайтын! – деді Байекең.
– Араласпағаны дұрыс екен, әйтпесе ол басқосу «Шаңбасты» емес, «Жынбасты»
болар еді ғой,- деді Махаң.
Арман
Кезінде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ұзақ жыл жауапты хатшы
болып, кейін «Қазақстан-Шымкент» телерадио компаниясын 15 жыл басқарған
Байдулла Қонысбек ағамыздың 70 жылдық мерейтойының бастамасы туып-өскен
мекені Бәйдібек ауданында атап өтіледі. Аудан әкімі Райымбек Жолдас бастаған
ұйымдастыру тобы шараны жақсы жүргізіп, Байекеңе үлкен құрмет көрсетіледі.
Салтанатты басқосуда Байекеңнің шығармашылық өсу жолымен қоса сәби шағында
екі әкеден қамқорлық көріп, екі ананы емгені де айтылады.
Ресми бөлім аяқталып, жұрт сыртқа шыққан сәтте Бәйдібек ауданының Құрметті
азаматы, ел Президентінің жеке қабылдауында болып, кеудесіне «Құрмет» орденін
тағып қайтқан қаржы саласынының ардагері Бейсенбек Игісінұлы атамыз:
–Бәйділдә інім, екі атадан тел өрдің, екі ананы тел емдің, облыста екі бірдей БАҚ
мекемесін басқардың, арман жоқ сенде! – дегенде жандарында тұрған Мархабат
ағамыз:
– Дат, тақсыр, арманы бар! – депті.
– Ол қандай арман? – депті ақсақал.
– Екі атадан тел өрді, екі ананы тел емді, облыста екі бірдей БАҚ мекемесін
басқарды, бірақ екі қатын ала алмады, – дегенде жұрт ду күлген екен.
Бұл әңгіме Байекеңнің үйіндегі жеңгеміз Құттықыздың да құлағына жетсе керек,
«Евразия» мейрамханасында өткен үлкен тойда өзіне салқын қабақ таныта
қарағанын сезген Махаң тойды бастарда:
– Екі қатын ала алмаған ағамыздың төрт әйелге татитын Құттықыздай келіншегі
бар! – деп кінәсін жуып-шайған екен.
Той ашқанда
Журналист Талғат Орманов келін түсіріп, ұлан-асыр той жасады.Тойды ашқалы
тұрған Байекеңнен Махаң: «Жас келін қандай екен?» деп сүрайды. «Аппақ, әдемі
екен, аршыған жұмыртқадай» дейді Байекең.
Сөз Махаңа тиеді. «Мына журналистердің төбе биі, той ашқан ақсақал Байекең
маған қазір жас келін аппақ, әдемі екен, аршыған жұмыртқадай деді. Дұрыс аталар
жас келінге тік қарамайды, ағайындар. Мен әлі қараған жоқпын», – дейді.
Байекең өзінің аңғалдығын кешірек аңғарып: «Мейлі, осыныкі жөн дейік, бірақ
кейін үйлеріне барғанда келін маған шайды дұрыстап құяды, ал Мархабат құры
қалады», –депті.
МҰРЫН
Редакцияның көлік жүргізушісі Бауыржанның ақ «Волгасымен» әкімшілікке бара
жатқанбыз. Машинаның оң бүйіріндегі айнаға қайта-қайта қарағыштап отырған
Баукеңнің желке тұсында отырған Махаң оның жеңінен тартып:
– Сенің осы бойың емес, мұрның өсіп бара жатқан сияқты ғой, – деді.
Бәріміз ду күлдік. Бұрын қалай аңғармағанбыз, Бауыржанның мұрны шынында да
қолағаштай үлкен екен.
«СӘСКЕ»
Мәдениет, әдебиет және өнер бөлiмiнiң меңгерушiсi Төрехан Рәмбердиев
әңгiмеге көп араласпай, көзiнiң қиығымен жымия қарап отыра бередi де бiр уақытта
нысанаға дөп тиетiндей бiр сөздi қойып қалады. Сөйтiп, өзiнiң «жатыпатарына» өзi
риза болып рахаттана күлiп алады. Өзi аз жазса да саз жазады, бiр ғана «Сәске»
деген өлеңiмен облыс тұрмақ Қазақстанға танымал болып, атақты ақындардың
дуалы аузынан мақтау есiткен. Бұған өзiмнiң де куә болған жайым бар. Бiрде ол:
— Сәуiрбек Бақбергенов аға қонақүйде жатқан көрiнедi, жүр, сәлем берiп
қайтайық,- дедi.
Сәкең бөлмесiнде екен, тез тауып алдық. Әдебиет, ақын-жазушылар, өнер жайлы
сонда бiр жарасымды, әдемi әңгiмелер өрбiп едi. Сөз арасында Сәкең:
— Саған Хамит Ерғалиев ғашық болған дейдi, рас па?- дедi Төреханға.
— Маған емес, «Сәске» деген өлеңiме!
— Қане, оқышы, бiз де тындайық!
Бiз Төреханға талай рет қолқа салып, осы өлеңiн оқыта алмай қойғанбыз. Үлкен
аға өтiнiп тұрған соң бұл жолы бас тарта алмады бiлем, оқи жөнелдi:
— Бұрқырап бұлақтардан,
Күмiс шаң шудаланып.
Сарқырап шуақтар да,
Жатқандай шулап ағып.
Мамырдың тұр төсiне,
Сәскенiң қызуы өтiп.
Гүлдердiң күлтесiнен,
Шық ұшты ызың етiп.
Моншағын шашып апты,
Жартастар сүртiп терiн.
Шашырап шашыратқы,
Шаншылып кiрпiктерi.
Шаршысы жыртылады,
Көлеңке жарда аунаған.
Майса бел құлпырады,
Түлкiдей қарға аунаған.
Күмбездiң бер жағында,
Бозторғай дабыл қақты.
Талдысу аңғарында,
Дүрлiгiп сағым жатты.
Аспанның аран шетiн,
Ақ құйын бұрғылайды.
Тобылғы торы ән шертiп,
Тобығын ұрғылайды.
Топ арқар тұяқ қадап,
Асықтай тәйке тұрған.
Сәскеде сияқты алап,
Шарада шайқатылған.
Ақ самал алақашпа,
Тылсымды үркiтуде.
Мелшиген қара тасқа,
Шақ қап тұр тiл бiтуге!
Сәуiрбек аға орнынан тұрып Төреханның бетiнен сүйдi де, қолын алып:
— Хамит ағаның ғашық болатынындай бар екен, өйткенi өзi мұндай өлең жаза
алмайды, — дедi әзiл-шыны аралас, бiрақ шын риза кейiпте.
ЕТIК
Бiрде Төрехан жұмысқа көңiлдi келдi. Көзi күлiмдеп, бiрнәрсе айтқысы келгендей,
бiрақ ешнәрсе демейдi. Мен орнымнан тұрып едiм, жаныма келiп қатарласа тұрды,
тiптi кимелеп барады.
— Немене сонша иықтасып, жер жетпей тұр ма, арырақ тұрсай! — дедiм.
— Өзiң ғой, — дедi ол, — аяғымды басып кете жаздадың.
Түкке түсiнбей аяғына қарасам, су жаңа етiк киiп келген екен.
КЕМШIЛIК
Төрехан екеумiз түсте асханаға бардық. Тамақ босататын жас қыз қолы-қолына
тимей, қызмет жасап жүр едi, бiздiң кезек келгенде Төрехан:
— Осы қарындасымның қызметiне ризамын, бiрақ бiр кемшiлiгi бар, оны өзi де
бiлмейдi,- дедi. Қыз бiзге аңтарыла қарап қалды да:
— Ол қандай кемшiлiк? — дедi.
— Үнемi байқаймын, еттi көп салып жiбересiз!
Қыз сыңғырлай күлiп алды да:
— Көп салсам, сiздердi тойсын деймiн де! — дедi қылымсып. Мақтау сөздi кiм жек
көрсiн, ол сол жолы еттi шынымен-ақ мол салды.
АЙТЫС
Төреханның туған күнi болып, өңшең құрдастар оның үйiнде бас қостық. Оразхан
домбырамен аузын дөңгелете терме орындап, Кәрiм оқтау шерте халық әндерiн
салып, Бекзаттар атақты «Шардарасын» шырқап, бiр көңiлдi отырып едiк. Ойхой,
твистке шалқалап тұрып билегенде басымыздағы қалпағымызды түсiп қалмасын деп
бiр қолымызбен ұстап тұрмадық па?! Әндi де, бидi де тауысқан соң Оразхан мен
Төрехан ақындық айтысқа түстi. Мен қазылар алқасының төрағасы едiм, екеуiне де
жоғары балл берiп, «итжығыспен» аяқтадым.
— «Соза бермей, тоқтатқын далбасаңды,
Профком болғаныңды мен қайтейiн,
Көп болды көрмей кеттiк колбасаңды» — деген жолдарында екi орысша сөз жүр,
балын төмендету керек едi,- деп Оразхан өкпеледi.
— Орысшаны бiлген соң қосамыз дә! — деп желпiндi Төрехан.
— Бiздi бiлмейдi деп кiм айтты? — дедi Оразхан шамдана сөйлеп.
— Давай, онда орысша сөйлесейiк, кiм бұрын жаңылысар екен? Ал, сұрағыңды қоя
бер, жауап бере алмасам маған серт! — дедi Төрехан.
— Бiрақ қатесiз жауап беретiн бол. Откуда ты родом?
— С Кзылординской области.
— Что там выращиваете?
— Рис.
— Рис? Сколько получаете с каждого гектара ?
— Сорок, пятьдесят центнеров.
Оразхан беретiн бар сұрағын тауысты бiлем, мүдiрiп тұрып қалды да:
— Мало, мало! — дедi басын шайқап.
ИТ
Түнiмен құрдастармен отырыста болып шаршап, әрi кешегi iшкiлiктен басы ауыра,
әбiржiп отырған Төрехан таңертең дастархан басында:
— Туу, түнiмен ит болыппыз-ау! — дептi артық iшiп қойғанына өкiнiп. Мұны есiтiп
отырған қасындағы бес жасар баласы Наурыз:
— Немене, сонда «Аф, аф»,- деп үрдiңiз бе? — дептi.
МАКЕТ
Ол кезде газет аптасына бес рет шығады. Күн сайын жұмыстың соңына таман
кезектi газеттiң макетiн талқылауға жиналамыз. Редактордың хатшы қызы әр есiкке
басын сұғып «Макет, макет!» деп хабарласымен бәрiмiз редактордың кабинетiне
жиналамыз. Сол кездегi жауапты хатшы Кәрiм Үкiбаев газеттiң келесi нөмiрiнiң
ноубайымен таныстырады.
Бiрде жұмыс аяғында макеттiң болуын күтiп отыр едiк, кабинетке Кәрiмнiң өзi кiрiп
қалды да:
— Қайтқыларың келiп тықыршып отырсыңдар ма, макетке жүрiңдер! — дедi.
Орнынан ерiне көтерiлген Төрехан Кәрiмнiң жеңiнен тартып:
— Қашан көрсем айтатының – «Макет». Одан да қолымызға он сом қыстырып:
«Мә, кет!» — демейсiң бе? — дедi.
СИҚЫРШЫ
Түскi үзiлiстiң алдында Төрехан:
— Мен сендерге бүгiн жақсылап тамақ әперейiн! — дедi.
— Немене, Алматыдан гонорар келiп пе едi? — дедi Бекзаттар. — Ақшаң жоқ сияқты
едi ғой?
— Ақша деген сөз болып па, қазiр бiр тал шашымды тұтатып жiберсем өзi-ақ жетiп
келедi, — дедi ол. Сөйттi де звондап жiберiп, бiр қалталы досын шақырып, кәуәп дейсiң
бе, манты дейсiң бе, ағыл-тегiл тамаққа тойдырып едi.
Бiр күнi Бекзаттар Төреханға:
— Шашыңды тұтатып жiберсең қайтедi? — деп әзiлдедi.
— Несi бар, тұтатып қалсам тағы бiр досым жетiп келедi, — дедi ол желпiнiп.
— Бүйте берсең басыңда шаш қалмайды ғой, — дедi Оразхан.
ЖАБЫСҚАҚ ПЕН ТАРАКАН
Редакцияға кiтапханашы болып бiр қыз қызметке келдi.
— Танысып қояйық, айналайын, атың кiм болады? — деп едiм оған бiрде. Ол қолын
созды да:
— Зоя! — дедi. Орысшалап танысып тұр екен деп мен де:
— Саша! — дегенмiн. Ол қыз содан берi менi «Дядь Саша» деп кеттi. Ал өзiнiң
қазақша аты да, орысша аты да шынымен-ақ Зоя екен. Осыны есiтiп алған Төрехан
маған:
— Дядь Саша, как дела? — деп орысша звондап тұрады.
— Ничего, Таракан! — деймiн мен де сөзiне қарай толық орысша жауап берiп.
— Сидим да?
— Ы-ы!
— Орысшада «ы-ы» деген сөз болмайды, — деп рахаттана күлiп «қатемдi» түзейдi
ол.
Төреханды қасақана «Таракан» деп орысшалағаным бiраз жұртқа жайылып та
үлгерген көрiнедi. Бiр күнi Төреханның кабинетiне кiрсем ол кезде облыстық партия
комитетiнің насихат және үгіт бөліміне ауысып кеткен Мархабат Байғұтов отыр екен.
Бiр жағында жазушы Серiк Жанәбiлов үшеуi ұзын-сонар әңгiменi ендi аяқтағандай.
— Маха, жүрiпсiз? — дедiм сәлем бере тұрып.
— Ә-ә, мынау жабысқақ пен тараканның ортасында отырғаным ғой, — дедi Махаң екi
жағына кезек-кезек қарап.
ХАТ
Ол кезде редакциядағы хат айналымы мен есебіне ерекше назар аударылатын.
Бір хатқа жауап жазылмай немесе суырмада қаралмай жатып қалса ұзақ әңгіме
арқауына айналып, тіпті бұл «чп» деп есептелетін. Мүмкін мұндай жағдайдың
қалыптасуына сол кездегі тәртіптің қатқылдығымен бірге хат бөлімінің меңгерушісі
Уәлихан Темірбеков ағаның табанды талапшылдығы да әсер еткен болар, ай сайын,
тоқсан сайын бөлімдегі хаттар қозғалысына қатаң есеп беретінбіз және бұл мәселе
редакция алқасының күн тәртібіне жиі қойылатын.
Хат әсіресе мәдениет және әдебиет бөліміне көп түсетін. Бөлім меңгерушісі
Төрехан Рәмбердінің негізгі жұмыс уақыты сол хаттарды сұрыптаумен өтетін, қашан
көрсең де нөпір хат тасқынының ағысында адасқан қайықшыдай миы ашып
отыратын.
Жұмыс соңында құрдастар жиналып бір жаққа баратындай болсақ, кабинетінен
шыға алмай жұртты күттіріп қоятын да осы Төрехан.
Бірде маған Алматыдан қомақты қаламақы келіп, құрдастар сыра ішуге
баратын болдық. Жұмыс соңындағы макет талқылаудан кейін бәріміз сөз байласқан
жерге ұйымшылдықпен жиналып едік, арада тағы да Төрехан жоқ болып шықты.
— Бұл да бір, шұлғауын сүйретіп,-деп Кәрім басын шайқалақтатты.
— Ақыры күтеді екенбіз ғой,- деп Бекзаттар темекісін тұтатты.
— Бір өзі қанша адамды жіпсіз байлап, үйіріп тұр! — деп Оразхан терең ой
толғады.
— Сұмдық-ай, сойқан кешікті ғой, — деді сыра ішпесе де бізбен ілесіп жүре беретін
Қуандық сағатына қарап.
Шыдай алмай Төреханның кабинетін кірсем, ол әлі хаттарын аудастыра ойға
шомып отыр екен.
— Ойбай-ау, сен мүлдем жайбарақатсың ғой, бәріміз сені күтіп тұрмыз емес пе?!
— Ә-ә, иә-иә! — деді ол ұйқыдан оянғандай селт етіп. Сөйтті де Сталин заманынан
қалған сүйегі ауыр, беті жалпақ дәу шкафтың бетінде нөпір болып үйіліп жатқан
хаттарды құшағын айқара ашып барып кең суырмаға қотара салды.
— Оның не, бәрі араласып кетті ғой, хат соңында адам бар емес пе?- деп
шырылдап едім, ол жайбарақат:
— Бір күн ұйықтасын. Олармен енді азанда тілдесемін,-деді.
АМАНДАСУ
Бір сыйлы кісінің тойында Төрехан екеуміз жолығып мейрамхананың ішіне қарай
бірге жылжып келе жатқанда алдымыздағы жігіт бір жас келіншектің бетін сүйіп
амандасты. Ол келіншекті Төрехан да жақсы таниды екен, әлгі жігітке күлімсіреп көз
қиығын тастап тұрып:
— Мұның бір жаман жері — өзі сүйген жерді басқа ешкімге сүйгізбейді, мен әшейінақ амандасайын!-деп қолын алды.
«ӨЛI БАЛЫҚ»
Бекзаттарды әншейiнде сөйлету қиын, берген сұрағыңа қысқа жауап қайырып
отыра бередi. Ал аузына жүз грамм тиiп, «кәйфi» ұстаған шақта айғырша кiсiнеп,
көкiрегiн тоқпақтап шыға келедi де, ешкiмге сөз бермей қояды. Бағанағы Бекзаттар
мен мына Бекзаттар екеуi екi бөлек адамдай…
Бiрде компьютер операторы Дананың туған күнi болып жұмыс соңына қарай
шағын дастархан ұйымдастырылды. Алғашқыда елеусiз ғана отырған Бекзаттар бiрекi стакан iшкен соң жарқын-жарқын сөйлей бастады. Тiптi бiраздан соң отырысты
басқарып отырған атақты журналист Нури Муфтахқа да қарсы сөйлеп, бiр-екi тұста
бетiн қайырып тастады. Бекзаттардан мұндай мiнез күтпеген Нұрекең таңырқап:
— Әй, мынауың өлi балық сияқты ғой. Аузына су тисе тiрiлiп кетедi екен! — дедi.
«ТҮТIК»
Белгiлi сатирик Көпен Әмiрбек университетте Бекзаттармен бiрге оқыған.
Шымкентке келген бiр сәтiнде ол:
— Әлгi чемпион-журналистерiң қайда? — деп сұрады.
— Ол кiм тағы да ?
— Бекзаттарды айтам да, ол университетке түскен жылы бокстан курстың
чемпионы болып едi, соны әлi жуып жүрген көрiнедi ғой, — деген.
Екiншi бiр келген сәтiнде:
— Сендерге бiр жұмбақ жасырайын, таба алар ма екенсiңдер?- дедi күлiп.
— Ал, айта ғой!
— Тоғыз әрiптен тұратын түтiк. Ол не? — дедi. Ары ойланып, берi ойланып таба
алмадық.
— Тойдыңдар ма, шешуiн өзiм айтайын, -дедi ол.
— Шешуi: Бек-зат-тар, тоғыз әрiп!,- дедi Көпен.
ГУДОК
Күн сайын таңертең бес-он минуттай ерте келiп сағаттың тоғыз болуын күтiп
отырамыз. Бәрiмiздiң бөлмемiзде бiр-бiр репредуктор бар. Содан сағаттың тоғыз
болғандығы жөнiнде Москваның дәл уақыт гудогы алты рет соққанда редактордың
кабинетiне таңғы бес минуттық мәжiлiске жиыламыз.
Бұл жолы да Оразхан, Бекзаттар үшеуiмiз сағат тоғыздың болуын күтiп сыртқы
есiктiң алдында сөйлесiп тұрғанбыз. Радиодан Москваның «гук, гук» … деген белгiсi
естiлдi. Бекзаттар ендi ғана бастаған сигаретiн өшiрмеген күйi алысқа шертiп жiбердi
де радио жаққа «бәлок, б\әлок!» — деп редактордың кабинетiне қарай көтерiле бердi.
«КӨҢІЛДЕС»
Бiрде Бекзаттардың үйiнде қызып алған құрдасының бiрi әзiлдеп:
— Әй, Бекзаттар, осы сенiң көңiлдес әйелiң бар ма өзi? — деп сұрап қалды.
— Е, неге жоқ, бар! — дедi Бекзаттар ойланып жатпай-ақ.
Жақсы қызу едi, әйелiнiң көзiнше бiрнәрсенi бүлдiрер ме екен деп сескенiп
қалдық. Ол бiраз бөгелiп тұрды да:
— Көңiлдес әйел неге болмасын? Ол — мынау ғой, мынау! — дедi бос бөтелкенi
мойнынан қылғындыра ұстай, жоғары көтерiп.
«БАС ЖАЗУ»
Жұмыс соңына таман машбюроға кiрсем, Бекзаттар шаншылып материал
бастыртып отыр екен, қолымнан тартып «кетiп қалмашы» дедi. Мен де материал
бастыртатынымды айтып, диктовкаға ендi кiрiсе бергенiмде алдыма умаждалған
қағаз топ ете қалды. Ашып оқысам: «кеше бiр меймандықта болып едiм, жұмыс
соңында басымды жазып, беруден қалайсың? Бекс» дептi. Сол күнi Алматыдан
қаламақы алған едiм, желпiнiп: «Сенiң басыңды жазбасам жер басып жүрмей-ақ
қойдым» деген жауап жазып керi лақтырып жiбердiм. Қағазды алуын алса да
Бекзатым мiз бақпай, ешнәрсе болмағандай бедiрейiп отыра берген соң:
— Неге үндемейсiң? — дедiм.
Ол сол кезде ғана маған елжiрей жымиып:
— Қағазыңды жеп қояйын ба? — дедi.
ТҰЗ
Бiз түскi үзiлiс кезiнде көбiне редакцияның iргесiндегi «Шолпан» кафесiне барушы
едiк. Бiрде редактордың орынбасары Пәйiз Кәдеев, Бекзаттар үшеумiз бiр столда
отырып қалдық. «Бәiбiр тұзы кем болады», — деп тамақтың дәмiн татпай-ақ тұз сала
бастайтын Бекзаттар бұл жолы да сол әдетiне басып алдына лағман келiсiмен оған
аямай тұз себелей жөнелiп едi, Пәкең таң қалып:
— Өй, мұның не, ащы болып кетедi ғой? — дедi. Бекзаттар табан астынан қулыққа
басып:
— Жұмыстан кейiн Сләм сыра әперемiн деп едi, соған қазiрден дайындалып
жатқаным ғой! — дедi.
Әзiлдi тiке қабылдап қалған Пәкең «Бекзаттар сыра iшу үшiн алдын-ала тұз жейдi
екен» деп таңырқап жүрдi.
ҚАЛАМАҚЫ
Қаламақы алған сайын қалтамызға тегiн ақша түскендей бiр желпiнiп қаламыз.
Айлықтан тыс болған соң ба, оңды-солды аямай шашып, шалқитынымыз бар. Бiрде
iссапардан оралған Оразхан бухгалтериядан қаламақысын алып шығып келе
жатқанда оны аңдып жүрген Бекзаттар иегi қышып:
— Қанша алдың? — дейдi. Сонда Оразхан:
— Менiң қанша алғанымды тексеретiн қатыным ба едiң? Шагом марш! — дептi.
ГАИ
Оразхан екеуміз редакцияның машинасымен әкімшіліктегі бір жиналысқа асығып
кетіп бара жатыр едік, машина кенет бағытын өзгертіп, басқа жолға бұрылды.
— Бұлай жүрмеуіміз керек еді, не болып қалды?-дедік біз таңқалып.
— Алдымызда ГАИ-дың сержанты тұр екен — деді шофер.
— ГАИ-дың майоры тұрса сен бізді қайтадан редакцияға апарып тастарсың! — деді
Оразхан.
КОММЕРЦИЯЛЫҚ АВТОБУС
Оразханның үйiнде отыр едiк, сырттан артынып-тартынып әйелi Күлән кiрдi.
— Тү-у, осы «Востокқа» жетуiң бiр ақырет, — дедi ол ентiге сөйлеп. Жиырма
төртiншi автобусты күте-күте келмеген соң қазiр «коммерческий» дегенi шығыпты ғой,
он бес теңге төлеп сонымен келдiк.
Ол кезде жай автобустар жолақыға бес-ақ теңге алатын. Қымбаттығына таң
қалған Оразхан:
− Немене, iшiнде шай бередi ме екен?,- дедi.
−
ГАЛСТУК
Yйде телефонмен қысқа ғана сөйлескен Күләннiң «Иә, иә, мақұл» дегеннен ары
бармай трубканы құлықсыз қоя салғанын байқап тұрған қызы Айнұр балалық
қызығушылықпен:
— Мама, ол кiм? — дептi.
— Ей, папаң Оразхан да!
— Не дейді ?
— Бүгiн Төреханның туған күнi екен, кешiгiңкiреп келем дедi.
— Ә-ә, онда папамның бүгiн галстукпен ұйықтайтын күнi екен ғой,- дептi Айнұр аузы
бұртиып.
ШАШ
Ол кезде партия тұрмысы бөлiмiнде iстейтiн Иса облыстық партия комитетiнде
өткен баспасөз конференциясында Оразханмен қатар отырып қалған екен. Ол әлден
уақытта қарсы алдындағы ардагер журналистiң желке тұсынан таңырқай ұзақ қарап
қалыпты да Оразханның жеңiнен тартып:
— Мына кiсiнiң жасы бiразға келсе де, шашына бiр тал ақ түспептi-ау! — дептi.
Сонда Оразхан:
− Есесiне ол өзі талай адамның шашын ағартты ғой! — деген екен
ТАПСЫРМА
Оразхан екеуміз партия тұрмысы бөлімінде істейтінбіз. Насихат бөлімінде Пайыз
ағаның қарамағында істейтін Иса келіп:
— Маған жасы сексендер шамасындағы, бұрын жоғары қызмет атқарған таныс апа
болса аты-жөнін беріңіздерші, ұлты қазақ, өзі бейбітшілікті сүйетін болсын,- деді.
Сөйтсек, Конституция күніне арналған нөмірге отклик дайындауға бастықтан
тапсырма алған екен.
ҚҰНДЫ КЕҢЕС
Ол кезде «Оңтүстік» пен «Южанканың» біраз қызметкерлері Шымкент мәдениет
институтында қосымша сабақ беруші еді. Сол институтта оқитын бір қарындасым
мені іздеп келіп:
— Сіздерде істейтін ағай мені емтиханнан өткізбей жатыр, бір ауыз айтыңызшы, —
деп өтініш жасады. Ағай деп тұрғаны «Южанкадағы» Лева Якубов деген тілші жігіт
екен. Оны тауып алып, бұйымтайымды айтып едім, біраз ойланып тұрды да:
—Саке, ол қызға бір құнды кеңес берейін,- деді.
— Қандай кеңес?
—Жақсылап дайындалып келсін, өткізіп жіберем!
«БАСЫМ — СЛОВАРЬ»
Партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүргенімде Созақ аудандық
«Молшылық үшін» газеті редакторының орынбасары Қасымхан Өмірұлы біздің
бөлімге машықтан өтуге (стажировка) келді.
Мен оны ресми түрде бас редактор Әлиевке ертіп барып, ол кісіден арнайы
тапсырмалар алдық. Қасекең елпілдеп қалған жан екен, айтқандарымның бәрін
«бажарамыз, қатырамыз!»-дегенге келтірді. Қандай тапсырма болса да
тайынбаймын деп қасқайып тұрған соң, обком партияның өте бір жауапты
материалын орысшадан қазақшаға аударуға бердім. Байқаймын, қатты қиналды,
жарты сағатта аударып тастаймын деп желпініп еді, бір күн ұстады. Бірақ намысты
қолдан бермейін дегендей сыр білдірмейді. Уақыт болса өтіп барады, ал оның
материалды өткізетін түрі жоқ.
— Словарь әкеліп берейін бе?-дедім оған.
— Жоқ, менің басым — словарь! — деді сол желпінген екпінінен қайтпай.
АҚЫН
Фототiлшi Үркiмбек Елеубековпен бiрге жүрсең езуiңдi бiр жидырмаушы едi. Кезкелген сәтте, әр нәрсеге табан астынан өлең шығарып, шұбыртпа ұйқасымен ағытып
ала жөнелсе өзiнiң айдап жүрген «Нива» машинасындай тоқтауы қиын.
Жақсымен жанасып жүрiңдер,
Бiр-бiрiңмен санасып жүрiңдер,
Мүмкiн болса қарасып жүрiңдер.
Той-томалақ көп болып,
Ойнап-күлiп тарасып жүрiңдер.
Ат басындай алтын тауып,
Ұрыспай таласып жүрiңдер.
Жандарыңа келiндi ертiп,
Аққу-қаздай жарасып жүрiңдер… — деп шұбыртып кете бередi.
Бiрде Үрекеңнiң «Нивасына» бас сұға бергенiм сол едi, артқы орындықта отырған
Төрехан:
— Шын ақындығыңызды байқайық, мына кiрiп келе жатқан Сламға өлең шығарып
жiберiңiзшi, — дедi.
Ол кiсi машинасын гүр еткiзiп оталдырды да маған қарап:
— Ал Слам,
Ендi қандай план? — дедi.
ӘМБЕБАП БАЛОН
Бiрде экономика бјлiмiнiң меңгерушiсi Суханбердi Оразалыұлы екеумiз
автомашина төңiрегiнде әңгiмелесiп отырып:
– Қар түсетiн уақыт та жақын қалды, машинамның дөңгелектерiн қыстық балонға
ауыстыру керек едi, құнттамай жүрмiн. Сенiң машинаңның балоны қыстық па, жаздық
па?– деп едiм, машина жүргізуді енді-енді меңгеріп келе жатқан ол күмiлжiп тұрды
да:
– Соны бiлмедiм, бiрақ қыста да жазда да жүре бередi, – дедi.
ДОҚ КӨРСЕТУ
«Оңтүстік Қазақстанның» жауапты хатшысы болып жүрген тұста Абай Балажан
қара сүліктей автокөлік сатып алды. Бірде сол көлікке Оразхан екеуміздің қатар
мінгеніміз бар. Есік-терезесінің айнасына дейін тұтас қара болған соң ба, сұсты
көрінеді екен. Осыны меңзеген Оразхан:
— «НКВД»-ның мәшинесі сияқты екен, — деді.
Артқы орындықта отырған екеумізге айнадан көз салған Абай:
— Қаланың ішінде әлі жөнді айдай алмаймын. Бірақ алғашқыға қарағанда, біраз
үйреніп қалдым, — деп алдын кес-кестей жанап өткен көлікке бір-екі рет бапылдата
сигнал беріп еді, Оразхан:
— Айдай алмайтыныңды қайдам, айналаңдағы шопырларға доқ көрсетіп жатырсың
ғой! — деді.
«ПАЙҒАМБАР»
Әлеуметтiк-эстетикалық бөлiмнiң меңгерушiсi Абай Балажанов өз үйiнде отырып
көрген түсiн айтты.
— Мұндай да керемет болады екен, сенесiздер ме, сенбейсiздер ме, түсiмде
Пайғамбарды көрдiм: аппақ киiмi бар, бiздiң үйдiң қақ төрiнде отыр…
Осы сәтте төрде отырған Шардара ауданындағы меншiктi тiлшiмiз, анда-санда бiр
сөйлейтiн Ниятолла Сейданұлы Абайдың әңгiмесiн бөлiп:
— Тура мына мен отырған жерде ма! — дедi паңдана.
ДЕНСАУЛЫҚ
Бiрде үйге Ниятолла келiп едi, сөз арасында:
— Темекiнi қойғаның тiптi жақсы болыпты. Ауру ешқашан өзi
келмейдi, оны өзiмiз шақырып, кейде қып-қызыл ақшаға сатып аламыз. Сақ болсаң
құдай да сақтайды, бiз өзiмiздi өзiмiз күтуiмiз керек. Мен бауырымды, бүйрегiмдi, тоқ
iшектi, бүкiл ағзаны ауық-ауық қолдан шайып, тазартып отырамын. Мiне, мынадай
әдебиеттердi оқып, сонда айтылғандарды мүлт жiбермей орындап жүремiн, «Дәрісіз
емделу» деген кітап шығардым — деп ақтарыла әңгiме айтып едiм, ол мұқият тыңдап
отырды да:
− Ә-ә, онда ана жаққа бәрiн саған айтып кетедi екенбiз ғой! — дедi.
АСҚАЗАН
Ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң меңгерушiсi Әбдiманап Әлшериев ағамыз әңгiме
арасында Төреханға ренжи сөйледi:
— Жазғандарың жап-жақсы, бiрақ жалқаусың, Анау Сәдiл мен Мархабат сияқты
түнiмен ұйықтамай өндiрiп-өндiрiп жазып тастамайсың ба?- деп едi, Төрехан
торсаңдап:
— Сiз маған жақсылық ойламайды екенсiз! — дедi. Әбекең сасып қалып.
— О не дегенiң тағы? — дедi түкке түсiнбей.
— Сонда менiң асқазаным ауырсын деп жүр екенсiз ғой?
Әбекең Төреханның не меңзеп тұрғанын сонда ғана ұғып қарқылдай күлiп
жiбердi.Өйткені Сәділдің де Мархабаттың да асқазаны ауыратын еді.,
«КОСМОНАВТ»
Серiк Зеберов ауыл шаруашылығы бөлiмiне тiлшi болып келгенде Әбдiманап аға
бiр-екi күннен кейiн:
— Қай туғаннансың? — дептi. Серiк болса:
— Космонавтпыз! — деп, жұмысымен айналысып отыра берiптi.
Көпшiлiк арасында бұрыннан тарап кеткен бұл әзiлден Әбекең бейхабар екен, азкем ойланып барып оның «алакүшiктер» екенiн ұғыпты да бөлменi басына көтере
қарқылдай күлiп қолын алыпты.
ЖАҢЫЛТПАШ
Баспасөзде мемлекеттiк құпияны сақтау жөнiндегi инспекциясының қызметкерi
Беркiн Жұмановпен жұмыс бабында жиi араласып, түрлi отырыстарда бiрге болып
тұрамыз. Сонда байқағанымыз, Бекең сәл iшсе тiлден кететiндiгi. Айтайын дегенiн
жеткiзе алмай тұтыға, тiлiн шайнап пытырлайды да қалады. Жұрт осынысын қызық
көрiп, анда-санда iшетiн Бекеңнiң жанына үймелеп оны сөйлетуге құмар.
Бiр отырыста тезiрек мас болсын, сөйлегенiн есiтейiн деп оның алдындағы
қымызға арақ араластырып жiбердiм. Онсыз да еркiн сiлтеп отыр едi, көп күттiрмей-ақ
тiлi оралып, былдырады да қалды. Осыны аңдып тұрған мен:
— Беркiн, сен тiлден кеттiң! — дедiм.
— Зоқ! — дедi ол әрең, бiрақ мастығын мойындамай.
— Онда партсъезд дешi?
— Патиез.
— Павлодар де?
— Падловал.
— Кiтап?
— Кiбат.
— Типография?
— Типатиапия.
— Артист де!
— Әтiс те.
— Ендi: «Аппақ қақпақ аппақ па,
Сатпақ қақпақ аппақ па?» дешi? Немесе «Көп-көп көк жеп, тойды көжек» де, опоңай, жайлап айта ғой…
— О-о, о-ны қаз-азға дазып о-оқ, оқ-маса атым-аймын! — дедi басын шайқап.
ШАҒЫМ
Машбюрода бiрнеше машинистка iстейдi. Олардың арасындағы Гауһар
Ахмадиева, Гүлдана Әбдiрахманова, Ұлбосын Мырзабаева сауатты, қамшы
салдырмайтын сәйгүлiктей суырылып тұрған, нағыз бiлiктi, машинканың құлағында
ойнайтын мамандар едi. Олармен жұмыс iстеу бiр ғанибет, шаршамай алға тарта
бересiң. Бұл әсiресе аударма кезiнде айқын сезiледi.
Бiрде облыстық партия комитетi пленумының материалдарын редакцияға
жаңадан қабылданған Ұлжан деген қызбен бiрге шабыттана аударып жатыр едiм,
қарсы бетте отырған Мұхтар Шерiмов:
— Қыздың жанында отырып алып, тiптi болар емессiз ғой, жайырақ айтсаңызшы! —
дедi.
Есiлдертiмнiң бәрi жауапты материалды мейiлiнше сауатты аударуға ауып, оның
сөзiне оншалықты мән бермей:
— Бұл қыз емес, қарындасым ғой! — дедiм де жұмысымды әрi қарай жалғастыра
бердiм.
Әлден уақытта Ұлжан үн-түнсiз шығып кеттi. Бiр кезде машбюродағы телефон
шыр ете қалды. Трубканы көтерген Гауһар апай: «Қазiр, қазiр!» — дедi де, маған қарап:
— Сенi Бәйдiлдә шақырып жатыр! — дедi. Байдулла Қонысбеков ол кезде газеттiң
жауапты хатшысы болатын, жүгiрiп екiншi қабаттағы кабинетiне кiрiп барсам, Ұлжан
екi көзiнiң сорасы аға жылап сонда отыр. Байекең үнемi күле сөйлеушi едi, бұл жолы
түрi қатулы, отырмай жатып алқымнан алды:
— Мына қызға не дедiң?
— Не деппiн?
— Айтқаныңа есеп бере сөйлемейсiң бе, «Бұл қыз емес» дегенiң рас па?
Мәселенiң мән-жайына ендi ғана түсiнiп, тұрған орнымда қалшиып қаттым да
қалдым. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледi» деген осы екен ғой.
— О, тоба, ойымда ешнәрсе жоқ едi…
— Ой-пойды қой да кешiрiм сұра!
— Сонда қалай, бұдан былай әр сөзiмiздi iшiмiзден қайталап барып айтамыз ба?
Ешқандай арам ойым болған жоқ.
— Сен өзi кiнәңдi әлi түсiнiп тұрған жоқсың ғой, кешiрiм сұра деймiн.
Байекең қатқылдау сөйледi. Тырнақ астынан кiр iздеп бәле тауып алған Ұлжанға
жыным келiп, ызадан жарылардай болып, бiрақ амалсыз жеңiлiп:
— Ал, кешiр!-дедiм.
-Олай кешiрiм сұрамайды, — дедi Байекең одан бетер қатуланып.- Жөндеп, шын
ниетiңмен сұра!
— Байеке, — дедiм мен қарсы шабуылға көшiп, — Егер шынымды айтсам бұл қыздың
да кiнәсi басынан асып жатыр, адам сүйер қылығы жоқ!
Бөрiк кигеннiң намысы бiр демекшi, менiң пұшайман күйiмдi сездi ме, Байекең
сөзiме құлақ салып:
— Не боп қалыпты?-дедi.
— Айтайын ба?
— Айт!
— Бұл бар ғой, машинкаға срошный материал апарсаң тез басып берудiң орнына
«Пирошки әкелмесең баспаймын!» дейт…
Осы сәт екi көзiн уқалап жылаған сыңай танытып отырған Ұлжан мырс етiп күлiп
жiбердi.
Байекеңнiң ашулы жүзiне де жылы қан жүгiрдi, бiрақ күлмей өзiн сабырлы ұстаған
күйi:
— Ә, екеуiң де жұмыстарыңа барыңдар! — дедi.
Сөйтiп оның да менiң де шағымымыздан нәтиже шықпай итжығыспен тарастық.
ҚҰРДАСТАР
Елуінші жылдың о жақ, бұ жағында туған біраз құрдастар «Оңтүстікте» сексенінші
жылдың ар жақ,бер жағында жиналыппыз.
Орда бұзар отызға енді иек артқан біздердің жастыққа тән жігерлі ісімізге, бірбіріміздің арадан қыл өтпес шынайы достығымыз бен ынтымағымызға
айналадағылар қызыға қарайтын, ал үлкендер жағы сүйсініп: «Түбінде «Оңтүстікті»
елуінші жылғылар билейді»,- деуші еді. Айтқандары айдай келді. Біздің арамыздан
Кәрім Үкібай мен Оразхан Жарқынбек — «Оңтүстіктің» бас редакторы болса, мен
редактордың орынбасары дәрежесіне дейінгі жолдан өттім, Төрехан Рәмберді
республиканың бас басылымы «Егемен Қазақстанның»,ал Қуандық Орзбекұлы «Жас
алаштың», Бекзаттар Дінәсілұлы «Теміржолшы» газетінің оңтүстік облыстардағы
меншікті тілшісі қызметін атқарды. Қалғандарымыздың бәрі дерлік қара шаңырақта ең
кемі бөлім меңгерушісі болды, жеке газет ашып енші алып кеткендері қаншама.
Біз кейін де қайда, қандай қызмет атқарсақ та бір-бірімізбен байланысты үзген
емеспіз, қайта бас қосуымыз бұрынғыдан мәнді де маңыздырақ, жиірек бола
түскендей. Екі мыңыншы жылдың о жақ, бұ жағында бәріміз елуге толып,
мерейтойымызды бірімізден соң біріміз дүркірете атап өттік. Сонда «Япыр-ай, мына
елуінші жылғылардың ұйымшылын-ай» деп сүйсінді жұрт.
Әсіресе, «Елуінші жылғылардың гәбі» деп аталатын отырысымыз бүгінге дейін
қызықты да, жүйелі, арасы үзілмей тұрақты өтіп келеді. Ондайда өткен-кеткенді, қайжайдағыны, жастық шақты еске түсіріп дегендей бір қауқылдасып қаламыз. Мұндайда
ешкімнің де сөзін жерге тастамайтын Кәрім музыкалық аспапты іздеп жатпай-ақ
қолына оқтау алып қазақтың халық әндерін тебірене салып береді және де барлық
әннің сөзін таңға дейін болсын тоқтамай жатқа соғады, көңілінің кірі жоқ, адамды бірбірінен алалап қарауды білмейтін ақкөңіл Бекзаттар домбыраның шанағын шапаттап,
қатты қызып алғанда кеудесін жұдырығымен соғып тұрып «Шардара» әнін шырқаса,
паң да маңғаз Оразхан аузын дөңгелете Омар Ћәйәмнің термелерін нәшіне келтіре
орындайды, қасын кере кербезденіп күлгенде көздері жұмылып кететін Төрехан
уысын анда-санда микрофон ұстағандай үрлеп қойып өлең оқиды, біреуге артық сөзі
жоқ, ұрысқан адамға күліп жауап беретін Қуандық әйелі Анарды қыса құшақтап билеп
береді, жұрттың бәріне қамқор, құрдастардың басын қосуға құштар болып жүретін
Үрзада көзі жәудіреп тұрып небір ойға келмейтін жылы лебіздерді тауып айтады, ал
мен болсам телефонда қыздың даусын салып, талай жігітті зар еңіреткенім туралы
майын тамыза әңгімелеймін. Ой-хой, біздің құрдастар бас қосқанда айнала жарқырап,
әлем нұрланып, ерекше сән-салтанатқа бөленіп кетеді ғой, арадағы әңгімелер де
қунақы, әзілі мол болып келеді.
Осындай басқосудың біріне Оразхан қабағы кіртиіңкіреп,кешігіп келді.
— Давлением көтеріліп, мазам болмай жүр!-деді ол жай-жапсарды түсіндіріп.
Бізбен жиі араласып тұратын тағы бір құрдасымыз, атақты сатирик Көпен Әмірбек те
арамызда отыр еді, ол:
—Қанның давлениесі болса қайтар, адамның давлениесі жаман болады,-деді.
Одан соң Көпен жанындағы көбелектей келіншегін көпшілікке таныстырып:
—Аты Алма болады, кезінде «Алма!» десе де алған келіншегім ғой, -деді.
—Төрехан, алдыңкүні үйіңе звондап едім, ешкім алмады, бір жақта болдыңдар
ма?-деді Бекзаттар.
—Алдыңкүні дейсің бе?-деп Төрехан аз-кем ойланып қалды. — Сол еске түспей
тұрғанын қарашы. Жас ұлғайған сайын адам ұмытшақ бола береді екен. Мұны
орысша «склероз по старости» дейтін көрінеді. Жастық шағың, өткен өмірің бәрі
есіңде сайрап тұрады, ал кешке қарай түсте қандай тамақ ішкеніңді ұмытып
қаласың. Мен қазір дәл сондаймын. Ал сен алдыңғы күнді сұрайсың,-деді.
—Асылбек, алдыңдағы қауынның түрі бір әдемі екен, сойып жіберші, дәмін
көрейік,-деп Оразхан Темірлан ауылынан келген қонақ әрі құрдас Асылбекке өтініш
жасады.
Ол да бір қу тілділердің бірі еді, сойған қауынның дәмін татып тұрып:
— Дәмі онша емес, мына қауын самопал ма? -деді.
Мұнан соң отырысымыздың негізгі бөлігі басталып, арамыздағы жасы үлкен
Құрбанға алғашқы тілек айтуды өтінгенімізде ол:
— Қойыңдар, мен әншейін қатын жағынан келген адаммын ғой, өздерің сөйлей
берсеңдерші!-деді.
Міне, әркез осындай әзілі жарасқан көңілді ортада таңға дейін отырсақ та
шаршамай, қайта миды бір демалдырып қайтамыз.
БОМБА
Елу жылдық мерейтойымды өткізердің алдында құрдастарды үйге мәслихатқа
шақырдым. Бұл өзі той алдындағы әдемі отырысқа ұласып, тамақ арасында сыртта
әңгіме-дүкен құрып тұрғанбыз. Мен жаңа үйдегі көршілерімді таныстыра келіп:
— Біздің төбеміздегі пәтерде «Ардақтың» бас редакторы Дәрменбай тұрады, — деп
оның терезесін көрсеттім. Онда жаңа ашылған «Ардақтың» облыс әкімі Бердібек
Сапарбаевты, басқа да ірі-ірі басшыларды олай да бұлай ашық сынға алып, түрлі
пікір гуілдеп тұрған кезі еді. Дәрменбайдың терезесіне көз салған Оразхан:
— Оның үйіне біреу бомба қойса, бірге кетеді екенсіңдер ғой, — деді.
КӨҢІЛ
Фантаст жазушы Сарманбай Исақов Бөген ауылында тұратын ақын досы Әлібек
Тойлыбайға жолығып, екеуі сыраның кезегіне тұрыпты. Ол кез сыра арзан, кезекте
адам өте көп болатын. Тартысып, арпаласып дегендей сатушыға жақын қалған тұста
Сарманбай өткен бір жағдайды еске алып:
— Е-е, Әлеке, көңіл деген бір атым насыбайдан да қалады емес пе?-десе кенезесі
кебе шөлдеп, сыраға жете алмай тұрған Әлібек:
— Мынадай қысылтаяңда насыбайыңды тықпаламашы!-депті.
МҰРТ
Әлібек бір ақын ағасының мұрт қойғанын көріп құтты болсын айтса, анау:
— Ақынсың ғой, бір шумақ өлең арнап жібермейсің бе? — депті.
Сонда Әлібек:
— Мұрт қойыпсыз болам деп бұзық ақын,
Жеңгей түгіл хас сұлулар қызығатын.
Ақ тамаққа қара мұрт тиген кезде,
Болды ғой талайлары бұзылатын,- деген екен.
ЖАҚСЫ СӨЗ
Шілденің ми қайнатар шіліңгір күндерінің бірінде қаланың автовокзал аймағында
сол кезде облыстық комсомол комитетінде істейтін танымал ақын Қасымхан
Бегіманұлымен ұшырасып қалдым.
— Мынадай аптап ыстықта бір-бір саптаяқ сыра ішсек қалай болар екен?-деді ол
салған жерден.
— Мұндай құнды ұсынысты қолдап, қуаттау керек!- дедім мен сол кездегі ағымның
ұранына салып.
Сөйтіп екеуміз бір тасадағы сыра сататын дүңгіршікке келдік. Адам қарақұрым көп
екен.
— Өй, мына жерден сыра ішіп, мәз таппаспыз, басқа жерге барайық, — деп едім
Қасымхан маған «сабыр» дегендей ишарат жасады да, артқы есікті қағып жүріп
сатушыны шақырып алды. Олардың не сөйлескенін білмеймін, екеуі де маған қарап
«кел» деген белгі берді. Сыра сатушы жалбырап қалған өзбек жігіті екен, бізді оңаша
тар бөлмесіне жайғастырды да екеумізге жүгіріп жүріп қызмет көрсетті. Салқын
сырасымен қоса кептірілгкен балығын да әкеліп «Беймалал отыра беріңіздер!»-деп
кетіп қалды. Саптаяқты қолына алған Қасымхан:
— Осы өзбек ағайындардың «Беймалал!»-деген сөзін жүдә жақсы көрем! — деді.
ҚҰРМЕТ
Жазушы Серік Жәнәбілмен бірге әңгімелесіп тұр едік, ақын Нармахан Бегәлиевтің
баласы Дидар келіп қалды. Серік оның қолын алмас бұрын тізерлеп отыра қалды да
аяғына басын иді. Мына тосын көрініске бәріміз де таң қалып:
— Өй, саған не болды? — деп жатырмыз. Ол сол басын төмен иген күйі:
— Дидар, мен саған емес, әкеңе деген құрметімді білдірдім!-деді.
ТЕМЕКІ
Облыстық телерадио комитетінде суретші болып істейтін Биболат Рабатов
автомобиль жүргізушісі Әбсадық екеуі жазушы Серік Жәнәбілді кездестіріп қалыпты
да одан темекі сұрапты.Сөйтсе Серік:
— Бұрын да болған емес, алдағы уақытта да болмайды!- деп өтіп кетіпті.
СЕРІК ПЕН СЫРА
Жазушы Серік Жәнәбіл, «Оңтүстіктің» арнаулы тілшісі Шойбек Орынбай үшеуміз
әңгімелесіп келе жатқанбыз. Серік ойламаған жерден, бүйректен сирақ шығарып
Шойбекке:
– Кейін сен өлгенде жылаймын ғой, сол үшін маған сыра әпер!– деп жабысты.
– Саған сыра әперіп жылатқанша өлмей жүре бергенім жақсы емес пе?!– деді
Шойбек.
ЖАҚСЫ КӨРУ
Телерадио комитетіндегі бір қызметкердің туған күні болып, топ жігіт жұмыстан
соң азынаулақ отырыс жасап жатқанда бастықтары Байдулла Қонысбековтың
келгендігі жөнінде хабар жетіп, бәрі түкпір-түкпірге зыта тығылып жоқ болып кетіпті де
икемсіз Биболат ұсталып қалыпты. Оның мас болып тұрғанын байқаған Байекең:
— Сен өзі былқ-сылқ етіп қалыпсың ғой,-депті. Сонда Биболат тосылмай:
— Сізді жақсы көретінім соншалық, өзіңізбен кездескен сайын буыным босап,
осылай былқ-сылқ етіп қаламын,-депті.
БАСҚАРМАДАҒЫ “КӨШІ-ҚОН” ОПЕРАЦИЯСЫ
Облыстық қаржы басқармасының “Огонек” аймағындағы тоғыз қабатты
зәулім ғимараттан Тәукехан даңғылының басталар тұсында қаламызға көрік
берген қызғалтақ фонтаны маңындағы екі қабатты жайға көшуі алты алашқа
айғақ болар айтулы оқиға болмағанымен өзінің абыр-сабыр, қиыр-щиыр, у-шуы
мол, қам-қаракеті қыруыр көріністерімен жұрт есінде қалды. 1998 жылғы
тамыздың тамақтан бейіл қашыртып, таңдайды кебірсіткен сол бір аспан
айналып жерге түсер шіліңгір ыстық күндерінде аталған екі жайдың арасы
жаяулаған, көлікпен құрттай қатынаған қаржыгерлердің нөпір тобына толып
кетті.Осынау қарбаласы мол, қауырт, абыржыған адамдардың арасында
қағаздарын, столын, тіпті кабинетін таба алмай жүргендерді көріп, олардың
біразын көңілдегі суретке түсіріп, әңгімелерін қағазға жазып алған едім.
“АЛҒЫС”
Асан өз бөлімінің заттарын жаңа жайға төкпей-шашпай, аман-есен жеткізуге бір
кісідей-ақ атсалысты, анаған да мынаған да жалынып жүріп, алдымен бастығы
Қырықбайдың айнадай жарқыраған ұзын столын лифтіге артты, одан түсіріп КамАЗ-ға
тиеді, жаңа ғимаратқа жеткізіп алып оның тар дәлізінде әлдекімдердің көмегімен
зырылдата сүйреп бастығының кабинетіне кіргізді. Не керек,борша-борша терге
әбден малшынды. Ентігін баса алмай тұрғанда бастығы Қырықбай келді.
—Міне!-деді Асан жүзі бал-бұл жанып,- столыңыз орнында, өзіңізден бұрын келіп
қалды!
Қырекең столды ары-бері айнала, еңкейіп, түртіп дегендей мұқият тексеріп алды
да:
—Алқам-салқамын шығарыпсыңдар,-деді басын шайқап,— Абайламайсыңдар
ма?!
Мақтау есітемін деп көзі жайнап тұрған Асанның түрі жылайтын баладай өзгеріп
сала берді.
— Айтқан алғысы осы ма?-деді Қырекең ұзап кеткен соң.
“МҮГЕДЕК” СТОЛ
Экономика саласын қаржыландыру бөлімінің бас экономисті Әбдуәлі аға жаңа
ғимараттың түкпір-түкпір, ұңғыл-шұңғылына дейін көзбен сүзіп бір күн жоқ іздеді. Бірақ
онысын ешкімге тіс жарып жария етпеді. Ертеңіне де коридордағы жинаулы тұрған,
шашылып жатқан заттарға шұқшия тесіліп ұзақ тұрды…
— Әбеке, айтсаңызшы, не іздеп жүрсіз?
— Табылып қалар…
— Алтын, не ақша емес шығар, сізден бұрын тауып алып қашып кететін. Ол не
өзі?
— Е-е, табылады ғой…
Ертеңіне жоқ іздеген Әбекеңді тағы кездестірдік.
— Таптыңыз ба?
— Жоқ!
— Ол не еді?
— Столымның жартысы ұшты-күйлі жоқ…
“СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР”
Сол бір шақта күн ыстық болды ма, әлде көшіп-қонудың бар ауыртпалығы өзіне
көбірек түскендіктен бе басқарманың шаруашылық меңгерушісі Әбдіханның түрі
түтігіп, шашы тікірейіп дегендей сіңбіруге шамасы болмай кетті. Бірақ қанша дегенмен
көптің аты көп емес пе оған реніш білдірушілер, өтініш айтушылар таусылар емес.Ал
Әбдіхан біреу-ақ біріне үлгірсе, екіншісіне уақыты жетпей жатады.
Мұндайда ең жақсы қорғаныс — шабуыл екенін Әбдіхан жақсы білетіндей…
Әйтеуір бір сөз тауып өздеріне жабысады. Ал Әбдуәлі ағаға тіпті қадалып қалды.
— Үлкен столды ана жақта қалдырып кеткеніңіз не?
— Ойбай-ау, ол баяғы тіл басқармасынан қалған атам заманғы ескі стол еді ғой,
қимылдатып едік қирап қалды. Оны тастау керек.
— Тастағаны несі, бәрін менен сұрайды, бір шегені де қалдыруға болмайды.
Сүйегін подвалдағы складқа жинап қойыңыздар. Кейін басында тұрып акт жасаймыз.
“Судың да сұрауы бар” деген осы екен-ау.
ДЕПОЗИТ
Жұрттың бәрі абыр-сабыр көшіп, жайғасып жатқанда бас бухгалтер Серік
жұмысбасты болып,қолындағы қағазын жалбыратып, әр есікке бас сұғып біреулерді
іздеп жүр екен. Мені көре салды да миы ашыған күйі бір нәрсені еске түсіре
алмағандай аз-кем ойланып тұрды да:
— Маған сіз де керек едіңіз,кетіп қалмаңызшы,-деді де
— Ә-ә, депозит дегеннің қазақшасын айтып жіберіңізші?
— Ол сөз аударылмайды, депозит деп жаза беріңіз.
— Өзім де солай ойлап едім, білген екенмін!-деді қуанып.
“ҚҰДАЙЫ ҚОНАҚ”
Ура! Галина Федоровна отпускаға шықты!-деп бастықтың хатшысы Гүлжан
қуанышын жасыра алмай айқайлап жіберді.
— Неге сонша жүрегің жарылды!
— Кабинетінде отыра тұрам!
— Өзіңдікі ше?
— Алик оны босатып бере алмай жатыр. Әй, биылдыққа босата алмас, ішінде
сепцработаның құжаттары тұр.
—Бұған дейін қайда отырдың?
— Заңгердің кабинетінде “құдайы” қонақ болып келдім…
КҮЛЗАДАНЫҢ КАБИНЕТІ
Басқарманың кассирі Күлзадаға дәліздің қақ төріндегі шағын ғана әдемі кабинет
тиіпті. Екінші қабатқа көтерілген бетте көзіңіз сол кассаға түседі. Егер светі жанып
тұрса тура теледидар экранындағыдай Күлекең келе жатқандарға күле қарап,
жарқырай көрінеді. Бір жұмбағы Күлзаданы қашан көрсең де есіктен басын шығарып
өткен-кеткенді көзімен ұзатып салып тұрғаны. Мұнысына түсінбей:
— Кімді күтіп тұрсыз, келмей жатыр ма?-дедік. Ол аспанға қарап күліп алды да:
— Кімді күтем, мына бөлменің есігі бар да тесігі жоқ, ауа жетпей жатыр!-деді.
АУЫЛДЫҢ АЙТҚЫШТАРЫ
Облыстық қаржы басқармасында мамандығы есеп-қисап болса да әдебиет
пен өнерді бір кісідей меңгерген әмбебеп жандар көп. Көбісі өлең жазады, ән
салғанда анау-мынау әртістерден озып кететіндері де бар. Солардың бірі – бас
бухгалтер Серік Дербісбаев екі өлеңдер жинағын шығарып, үшіншісін дайындап
қойған ақын қаржыгер. Ол ел ішіндегі шешен кісілердің әзіл әңгімелерін де
әдемілеп айтады. Міне, соның бірнешеуі.
ШАМА
Сол кездегі Қызылқұм аудандық Советі атқару комитеті төрағасының орынбасары
болған Әубәкір Жаппаровқа бір құрдасы келіп, түсінде Брежнев, Қонаевпен бірге
отырысқа қатысып, солармен дәмдес болғанын айтыпты.Сонда Әбекең:
— Әй, түс дегенді де шамаға қарап көру керек қой, оларда нең бар, сен түсіңде
бізді көрсең де жетпей ме?-депті.
АУТ
Бір совхоз жұмысшылар комитетінің төрағасы Әбекеңе шағым айта келіп:
— Мен тура футболдың добы болдым, біресе ана совхозға, біресе мына
совхозға ауыстыра бересіздер. Бұған қашан тоқтау болады?-десе:
— Доп болып ішімізде домалап жүре бергеніңе риза болмайсың ба, бір күні бөтен
біреу келіп қаттырақ теуіп жіберсе мүлдем аутқа шығып кетесің ғой,- депті.
САҚТЫҚ
Әбекеңнің шопыры жас жігіт екен, машинаны ұшыртып айдап келе жатыпты. Бір
кезде ауыл шетіндегі моланың тұсынан өтіп бар жатқанда ол шопырының құлағына
жақындап, жай ғана:
— Мына марқұмдардың қатарына мерзімінен бұрын жетіп жүрмейік! -депті.
КҮШ
Қызылкұм ауданында бұрын түрлі қызметте істеген Мұсабек Әжібековке біреу
жаңа сатып алған машинасын мақтап-мақтап келіп:
— Бұл мәшиненің сексен аттық күші бар! – депті. Сонда Мұсекең:
-Айналдырған төрт итке сексен аттың қажеті не? –депті.
БЮРО
Өзінің шешендiгiмен, сөз тапқыштыµымен аты шыққан Өмiрзақ Қуандықов ағамыз
кезiнде бiр себеппен партия бюросының қатаң талқылауына түсiп, қызметiнен босап
қалады. Аудан басшыларының басқа қызмет беру жөнiндегi уәдесi де
сиырқұйымшақтанып, ұзап кетедi. Өстiп жүргенде Өмекеңе облыс, аудан
басшыларымен сапарлас болудың сәтi түседi. Өмекеңнiң айтқыштығынан хабардар
бiр серiгi оған “Жол қысқарсын, әңгiме айта отыр!”—дейдi. Сонда Өмекең: “Айтсам
айтайын, бiрақ ұрсып жүрмесеңiздер болды”,— деп, әңгiмесiн бастап кетедi.
—Ертеректе қазақ, ағылшын, француз үшеуi жабайы үндiстердiң қолына түсiп
қалады. Сонда әлгiлер “Сендер бiзге бiр сұрақ берiңдер. Егер шешуiн таба алмасақ—
босатамыз, тапсақ—жеп қоямыз”,— дейдi. Олар ағылшын мен француздың сауалын
оңай шешiп, екеуiн де табан астында жеп қойыпты. Кезек қазекеңе келгенде
әлгiлерден зәресi ұша қорқып тұрып, сасқанынан “Бюро дегенiмiз не?”— дептi.
Үндiстер өзара құж-құж десiп әрi ақылдасып, берi ақылдасып, болмаған соң:
“Жауабын өзiң айт, таба алмадық”,— дейдi. Сонда қазекең өлiмнен құтылып кеткенiне
масаттанып тұрып: “Бюро дегенiмiз — өздерiң сияқты 5-6 адам құж-құж десiп
ақылдасып, бiр адамды жеп қоятын орын”,— дептi.
Басшыларға өзiнiң өкпесiн осылай жеткiзген Өмекең көп ұзамай жақсы жұмысқа
тұрып кеткен екен.
Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ.
Қазақстанның Құрметті журналисі.