Президент Ақтауда кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталық пен емханада болды

1136
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапарымен Ақтауға барғаны хабарланған еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында кәсіпкерлерге “бір терезе” қағидасы бойынша қызмет көрсететін орталықтың жұмысымен танысты.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл орталық мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік, салық және статистикалық есептер, кедендік рәсімдер, ақпараттық технологиялар бойынша қызмет көрсетеді. Сонымен бірге бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету және кәсіпкерлерге құқықтық көмек беру мәселелері жөнінде тегін кеңес береді.
Мұнда Президентке “Бастау-Бизнес” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы баяндалды. “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының жобалары: түйе шаруашылығы, репетитор орталығы, типография, сұлулық салоны, стоматология кабинеті, балабақша және басқа да бастамалар таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтаудағы №2 емханаға да барды. Емдеу және күндізгі стационар кабинеттерін және емхананың жедел медициналық жәрдем станциясын аралап көрді.
Мекемеде емделушілерді арнайы көпсалалы дайындықтан өткен тәжірибелі дәрігерлер қабылдайды. Барлық санаттағы тұрғындарға сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіледі. Мұнда тұрғындарды ақпараттық қолдау жүйесі жұмыс істейді. Тәулік бойы қызмет көрсететін call-орталық, сенім телефоны және емхананың веб-сайты бар.
Дереккөз:baribar.kz