Түймебаев өңір тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады

1243
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңір тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауға түрлі түйіткілдерімен бірқатар азаматтар келді.
Аймақ басшысына арыз-шағымдарын тікелей бетпе-бет жеткізуге мүмкіндік алғандар облыстың туризм, транспорт салаларына қатысты және әлеуметтік мәселелерін ортаға салды. Жиынға көтерілген мәселелерге жауапты облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және Түркістан қаласының әкімі қатысты.
Кентау қаласының тұрғыны Рахманберді Нұрулла өзі тұратын шахардан мүгедектер орталығын ашуды сұрады. Себебі, мүмкіндігі шектеулі азаматтар ем қабылдау үшін басқа қалаларға сабылуға мәжбүр екенін жеткізді. Облыс басшысы жауапты мамандарға аталған мәселе бойынша тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.
Ал, Түркістан қаласының Асетулла Каримов аудан, қалалар арасында қатынайтын теміржол бағыттарын ашуды ұсынды. Аймақ басшысы бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін айта келе, жаңа жылдан бастап Шымкент — Түркістан бағытында жедел пойыз жүретінін жеткізді.
Астаналық Ерментай Сұлтанмұрат «Қазығұрт — Тұран» рухани туристік кластерін құру жөнінде идеясын ортаға салды. Яғни, киелі мекендердің арасындағы туристік байланысты арттыру арқылы туризм саласының дамуын қарқындатуға болады деді. Мәселеге қаныққан өңір басшысы осыған ұқсас бірқатар жобалар іске асырылып жатқанын түсіндірді. Яғни, Қазығұрт тауында Нұх пайғамбар кемесі мен Ақбура әулие сынды архитектуралық нысандар бой көтеретінін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі