Мен халықтың болашақта емес, қазір бақытты болғанын қалаймын — Нұрсұлтан Назарбаев

1098
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының жаңа бағдарламасын шұғыл орындауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нұр Отан» — толағай табыстардың және болашаққа жол ашатын жарқын жетістіктердің партиясы. Біздің ұзақ мерзімді стратегиямыз, мол табиғи ресурсымыз, саяси күш-жігеріміз бар. Мемлекеттің қуаттылығы мен экономиканың даму қарқыны азаматтардың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Сондықтан мен өзіме сенім артқан халықтың болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді», — деді Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде.
Президенттің айтуынша, біздің ұстанымымыз — татулық пен тыныштық, ал ұранымыз — береке мен бірлік. «Тәуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі — баянды бейбітшілік пен келелі келісім! Бас партия болу дегеніміз — басқару емес, елге адал қызмет ету! Біз — халық бірлігінің партиясымыз. Бүгінгі съезд Қазақстанды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады.  Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы жақындап келе жатыр. Бауырымыз бүтін болып, сол мерекеге мол табыспен жете берейік! Қазірден бастап дайындалайық», — деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды.  Бұдан бөлек, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылардың жәрдемақысы 30 процентке өседі. Әкімдік қызметкерлерінің жалақысы да көтеріледі. Президенттің «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзін мына жерден оқуға болады.