Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Биғайдаров Жетісу облысындағы білім бөлімі есепшілерінің қаржы жымқыру ісіне қатысты мәліметтерді жариялады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ресми деректерге сәйкес, тергеу кезінде күдіктінің үйінен шетелдік банк реквизиттері көрсетілген қаржылық құжаттар табылған. Іс Жетісу облысындағы аудандық білім бөлімі есепшілеріне қатысты қозғалған. Олар шамамен 4 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінді.
«Қаржылық мониторинг агенттігінің қаржы барлау бөлімшелерімен бірлесіп жүргізілген жұмыс нәтижесінде ұрланған қаражаттың бір бөлігі шетелдік банктегі есепшотқа аударылғаны анықталды. Кейін Антикор қызметінің байланыс офицері жаһандық желі арқылы шетелдік әріптестерімен байланыс орнатып, күдікті мен оның туыстарына тиесілі есепшоттардың және қаржы қозғалыстарының барын растады», – деді Биғайдаров Антикорда өткен брифингте.
Тергеу барысында ақшаны шетелге алған Қазақстан резиденті емес тұлғаның мәліметтері де анықталған.
«Қаражатты бұғаттап, кейін мемлекет пайдасына тәркілеу үшін шетелдік құзырлы органға халықаралық тергеу тапсырмасы жолданды», – деп қосты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілі.
Еске салсақ, 2021–2023 жылдар аралығында Жетісу облысы Кербұлақ ауданының білім бөліміне қарасты үш бухгалтер бөлімде жұмыс істемейтін адамдарға заңсыз түрде жалақы мен еңбек демалысы төлемдерін аударған. Мемлекетке келтірілген шығын – 34 миллион теңге.
Сот үкімімен бухгалтерлер кінәлі деп танылып, 5 жыл 6 ай шартты жазаға кесілді (ҚР ҚК 63-бабы бойынша). Шығын толық көлемде мемлекетке қайтарылған.