Дариға Бадықова «Моана» фильміне барған қазақстандықтарға ренжіді

315

Жақында танымал актриса Дариға Бадықованың «Таптым-ау сені-2» фильмі көрерменге жол тартты. Кинопродюсер өзінің фильміне емес, шетелдік фильмді қолдауға барып жатқан қазақстандықтарға ренішін жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кинопродюсер алғашқы фильмінен миллиард табыс тауып, рекорд орнатқаны белгілі. Бұл жолы да актрисаның рекорд орнатсам деген жоспары бар. Өнер иесі Disney кинокомпаниясының фильміне барған қазақстандықтарды сынап тастады.

«Моанаға» барып масқара болып отырмайық. Бөтен елге ақшаны жіберіп, оларды байытуды қойғанымыз дұрыс. Ашығын айтамын. 27 қарашада Моанаға барған қазақтар болды. Бірақ оларды сөкпеймін. Тек қандай қазақ екенін түсінбеймін. Сондықтан байыса қазақ байысын. Ештеңе жоқ, — дейді Дариға Бадықова.

Актриса өзге халықтардың отандық туындыны қалай қолдайтынын үлгі еткен.

Кавказ халқын алсақ, олар өздерінің шығарған дүниесіне барады. Түріктер де өздерін қолдайды. Енді біз қазақтардың сыналатын уақытына келіп тұрмыз. Себебі осы жолы Голливуд пен Қазақстанның текетіресі болады. Біздің аудитория, көрермендер үлкен қаржыны көтере алатын деңгейде ғой. Сондықтан да, бір Құдай біледі. Мен Құдай емеспін ғой. Ештеңені былай болады деп алдын ала болжап айта алмаймын. Бір миллиард жинаймын, екі миллиард жинаймын деп айта алмаймын. Құдай абырой берсін. Әрине, қорқыныш бар. Бұл менталды комедия. Әр отбасында болып жатқан жағдайды картиналадық. Өзімнің арманым — осы. Ұшақ ұшырып, парашют құлатқым келмейді. Қазақтың менталды комедияларын түсіргім келеді, — деді ол.