Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі халықтың орташа табысынан 10 есе жоғары жалақысына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Түркістан облысы ең төменгі жалақы алатын өңірлер рейтингінде – 181 мың теңге. Түркістан облысы да жұмыссыз өңірлер қатарында. Жақында жалақыңыз белгілі болды – 1 миллион 800 мың теңге. Қызылорда облысының әкімінен де көп. Сіздің жалақыңыз облыс тұрғындарының орташа жалақысынан 10 есе көп. Сіздің ойыңызша, әкімнің жалақысы аудан тұрғындарының табыс деңгейіне байланысты болуы керек пе, әлде болмауы керек пе? Әкімдердің жалақысы мен тұрғындары арасында үлкен айырмашылық бар ма?», — деді журналист ОКҚ брифингінде.
Шөкеевтің айтуынша, Түркістан облысын ең кедей деп айту дұрыс емес.
«Бұл статистикалық көрсеткіш – жан басына шаққандағы табыс. Бізде көпбалалы отбасы көп болғандықтан, табыс аз. Барлық көпбалалы отбасылардың үштен бір бөлігі Түркістан облысында тұрады. Ата-ана табысын алғанда олардың тапқанының барлығын бала санына бөледі. Бұл – статистикалық көрсеткіш. Өйткені көпбалалы отбасылардың үштен бірі Түркістан облысында. Сондықтан жан басына шаққандағы орташа табыс төмен болып шығатыны анық», – деп түсіндірді әкім.
Сондай-ақ, ол облыс тұрғындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтінін айтты. Өңірдегі жалпы өңірлік өнімнің 80 пайызын аграрлық өнеркәсіп құрайды. Ал ауыл шаруашылығында, оның айтуынша, экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда табыс әлдеқайда төмен.
«Менің жалақыма келетін болсақ, бұл Үкіметтің қаулысымен реттеледі. Алгоритм бар. Жалақыны жоғары тұрған орган белгілейді және барлық әкім қанша жалақы алатынын шын айтып берді», — деді Шөкеев.