«ШЫН НИЕТПЕН» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

815

Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Балалар жылы» аясында «Шын ниетпен» қайырымдылық акциясы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ardak.kz ақпараттық агенттігі. Іс-шараның мақсаты — аудан аумағындағы ерекше күтімді қажет ететін балаларға қолдау көрсету, мерекелік көңіл күй сыйлау.

Қаратау ауданы әкімі Рахымберді Жанысбекұлы Мүлкеманов қайырымдылық акциясының аясында, аудан орталығында орналасқан «Асыл-ай» мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестігі орталығына барып, бүлдіршіндерді құттықтап, сый-сыяпаттарын табыстады.

— Бүгінгі акцияның мақсаты — ерекше балаларға өз қамқорлығымызды көретіп, олардың өмірге деген құштарлығын ояту. Жалпы ауданда 2000-ға жуық әр түрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі бала бар. Бүгін мыңға жуық балаға мерекелік көңіл-күй сыйлап, өз сыйлығымызды табыстаймыз. Сондай-ақ балаларды қорғау күнінде 150 мүмкіндігі шектеулі балаға арнайы мерекелік дастархан жайып, ойын-сауықтық бағдарлама ұйымдастырған болатынбыз. Ал, 500 әлеуметтік жағдайы аз қамтылған балаларға аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен сыйлықтар таратылды,- деді Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Жанысбекұлы Мүлкеманов.

Орталықта 30-ға жуық балаға әлеуметтік, психологиялық қызмет көрсетіледі. Бүгінгі болған іс-шараға аудандық Жастар ресурстық орталығының ерікті жастары, «Ізгілікке жарысайық» қоғамдық бірлестігі және «Мейірім» қайырымдылық қоры да атсалысып, өз көмегін көрсетті.

— «Асыл-ай» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалу орталығы 2019 жылы ашылды. Осы уақытқа дейін көптеген жүйке ауруына шалдыққан балалар емделіп, оң нәтижесін беріп, бізді қуантып жатыр. Қазіргі таңда орталығымызда 8 тәрбиеші және олардың көмекшісі, массаж, логопед, психолог мамандары жұмыс істейді, — деді «Асыл-ай» оңалу орталығының басшысы Күнсұлу Зейілбекқызы.