ТҮРКІСТАН: Қазығұртта үш бидің ескерткіші орнатылды

1950
Шамамен 100 млн теңгеге тұрғызылған ескерткіштер Қазығұрт ауданы арқылы өтетін Шымкент — Ташкент халықаралық күре жолының бойында, «Бабалар рухына тағзым» кешенінде бой көтерді.
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы «Бабалар рухына тағзым» кешенінде қазақтың үш биінің еңселі ескерткіші ашылды, деп хабаралайды ERNUR.KZ.
Шарапхана ауылында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен ҚР Мемлекеттік сыйлығының игері Асанәлі Әшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов пен мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов сынды азаматтар қатысты. Еңселі ескерткіш мемлекет қайраткері, «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қорының төрағасы Бекет Тұрғараевтың бастамасымен және «Түгейболат баба» қорының есебінен орнатылды. Ұлы дала даналарының бірі — Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдық мерей тойына орай ұлттың ұлы билері Төле, Қазыбек және Әйтеке биге орнатылған тас мүсіндердің ашылу салтанатында аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, айтулы шараның маңызына тоқталып өтті.
«Бүгінгі өткізіліп жатқан шараның маңызы орасан зор. Өйткені, тарих қойнауындағы атақты билердің есімін қайта жаңғыртып, өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі етудің өзі үлкен тәрбие екенін ұмытпауымыз керек. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы қажырлы еңбегі — «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары қазақстандықтар арасында зор серпіліс туғызып, ауқымды жұмыстардың жүргізілуіне жол ашты. Мәдениет, білім, өнер салаларында бұрын-соңды болмаған бастамалар жүзеге асты. Қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш биді бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Олардың басты мақсаты — ел тәуелсіздігіне қол жеткізу, қазақ халқының ынтымағы мен бірлігін нығайту еді. «Бабалар рухына тағзым» кешені тоғыз жолдың тоғысында орналасқандықтан, бұл нысандар осында келуші туристердің де назарын аударатынына сенімдімін»,- деді Өмірзақ Шөкеев.
Шамамен 100 млн теңгеге тұрғызылған ескерткіштер Қазығұрт ауданы арқылы өтетін Шымкент — Ташкент халықаралық күре жолының бойында, «Бабалар рухына тағзым» кешенінде бой көтерді. Осыған орай ұйымдастырылған шарада қазақтың бетке ұстар ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері үш бидің тарихымыздағы алар орны ерекше екенін атап өтті.
«Үш бидің ескерткішін саябақтың қақ ортасына, күншығысқа қаратып орнаттық. Шымкент-Ташкент жолының бойында алыстан менмұндалап тұрады. Ескерткіштің маңдайына «Ұлы дала даналары», «Ұлттың ұлы билері» деп жазып қойдық. Әрине, қазақта билер көп болған. Бірақ осы үш биді бүкіл қазақ мойындаған. Бұл орнатылған ескеркіш елдігіміз бен бірлігімізді айқындап тұрады деп сенемін»,- дейді мемлекет қайраткері, «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қорының төрағасы Бекет Тұрғараев. Жиын соңы республикаға еңбегі сіңген танымал әншілердің концерттік бағдарламасымен және ұлттық спорт ойындарымен жалғасты. Ұлы билерге арнап құран бағышталып, ас берілді.