Түлкібаста халықаралық деңгейдегі әдеби басқосу өтті

727
Түркістан облысының Түлкібас ауданында халықаралық деңгейдегі әдеби басқосу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Таупістелі тағылымы — 2019: Шерхан мен Насыр бауында» атты жиынға ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, Қазақстан, Түркия, Өзбекстанның қаламгерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және шығармашыл жастары қатысты.
Әрбір үш жыл сайын өтетін басқосу түбі бір түркілер туыстығы мен әдебиет пен журналистика, жас ұрпақ тәрбиесі туралы ой қозғау мен рухани байланысты тереңдету мақсатында ұйымдастырылды.
Түлкібаста халықаралық деңгейдегі әдеби басқосу өтті
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген биылғы басқосу қазақ және өзбек халқының Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл сынды сөз зергерлерінің шығармашылығына арналды. «Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры мен Түлкібас ауданы әкімдігі қолға алған бастамаға Түркістан облысы әкімдігі қолдау көрсетті.
Жиынға қатысушылар алдымен аудан орталығындағы Тұрар Рысқұлов ескерткішіне гүл шоғын қойып, Түркібасы әулие кесенесіне аялдады. Одан соң Таупістелідегі Шерхан мен Насыр бауына жиналды. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары әрі әдебиет саласының өкілі Мәлік Отарбаев жиынға арнайы қатысып, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің құттықтау хатын тапсырды. Әдебиет пен руханият саласына қолдау көрсетілетінін, мұндай басқосулардың жас ұрпақ үшін берері мол екенін жеткізді.
Түлкібаста халықаралық деңгейдегі әдеби басқосу өтті
Сондай-ақ, аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков табиғаты сөз сойлеп, тамылжыған Түлкібасқа әдебиетшілерге ризашылығын білдірді. Тағылымды кездесуде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов пен Өзбекстан Жазушылар одағы қазақ әдебиеті кеңесінің хатшысы, жазушы, аудармашы Мехманқұл Исламқұлов, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек пен Түркия Республикасының өкілі, белгілі ғалым Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың түрік филологиясы кафедрасының меңгерушісі Асыл Шенгүн баяндама жасады.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, К.Симонов медалінің иегері Нармахан Бегалыұлы мен Несіпбек Дәуітайұлы және өзге де ақын-жазушылар қос қаламгер жайлы толғаныстарын, қоғам, әдебиет, руханият туралы келелі ойларын айтып өтті.
Әдебиет, журналистика жайлы ұсыныстарын, жас таланттар туралы ой-пікірлерін білдірді. Әсерлі жүздесуде қаламгерлер әдебиетке қадам басқан жастарға бата беріп, ақ жол тіледі. Басқосу барысында Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазылдың шығармаларынан үзінділер ұсынылып, жиын соңы концерттік бағдарламамен жалғасты. Басқосу соңында қаламгерлер Бозторғай асуына саяхат жасады.
Түлкібаста халықаралық деңгейдегі әдеби басқосу өтті
Түлкібаста халықаралық деңгейдегі әдеби басқосу өтті