Дүкенде чек бермесе арнайы органдарға хабарласып, сыйақы алуға болады

1310
ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті бақылау-кассалық машина фискалдық чегін бермеу фактілерін анықтауға арналған «Қоғамдық бақылау – түбіртекті талап ет» акциясын бүгіннен қайта бастады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Аталған ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қоғамдық бақылау – түбіртекті талап ет» акциясына кез-келген үміткер қатыса алады. Барлық жолданған өтініштер мемлекеттік кірістер органдарында қаралады. App Store немесе Play market-тен «Wipon» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алып, фискалды чекті бермеу бұзушылық фактілері туралы хабарлауға болады. Фискалды чекті бермеу фактісі расталған жағдайда, телефонның теңгеріміне (1000 теңге) сыйақы беріледі.
2019 жылы азаматтардың хабарлауы бойынша акция жүргізу барысында 940 дерек расталды, оларға 940 мың теңге сомасында сыйақы төленді.
Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының барлық азаматтарын өздерінің азаматтық ұстанымын, заң бұзушылыққа төзбеуге және «Қоғамдық бақылау – түбіртекті талап ет» акциясына белсенді түрде қатысуға шақырады.