Қазақстан президентінің көмекшісі тағайындалды

1414

Тағайындауға дейін Жамаубаев Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісін тағайындау туралы Өкімге қол қойды.

Бұл қызметке 44 жастағы Жамаубаев Ерұлан Кенжебекұлы тағайындалды. Ал Тимур Жақсылықов басқа қызметке ауысуына байланысты президент көмекшісі қызметінен босатылды.

Ерұлан Жамаубаев 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдады, сондай-ақ 2009 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетіне қарасты халықаралық бизнес мектепте стратегиялық менеджмент мамандығы бойынша білім алды.
Бұдан өзге ол батыс елдердің орталық банкінде және халықаралық қаржы ұйымдарында тәжірибе жинақтап қайтты.

Еңбек жолын 1996 жылы Қазақ мемлекеттік академиясында ұстаз, ұстаз-тағылымгер ретінде бастады. 1998-2006 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы ұлттық банкінің статистика және зерттеу департаментінде әртүрлі қызметте болды.

2006-2014 жылдары ҚР ұлттық банкте координация департаментінің жетекшісі болды. Әрі қарай «Қазақстанның құрылыс тұрғын үй банкінде» басқарушы директор болып жұмыс істеді.

2015 жылы президент әкімшілігінде әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі жетекшісінің орынбасары болды. Осы жылдың қараша айынан бастап бүгінге дейін Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Sputnik.kz