Шымкенттегі Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қалалық департаментінің мәліметінше, әкімге қызметтік міндеттерді толық орындамағаны үшін ескерту жасалды. Бұл шешім этика комиссиясының ұсынысы негізінде қала әкімінің бұйрығымен қабылданды.
Тергеу лауазымды тұлғаның әрекеттеріне қатысты БАҚ-та жарияланған хабарламадан туындады. Кейіннен аудан әкіміне қатысты тәртіптік іс қозғалып, ішкі тергеу жүргізілді.
Материалдар мемлекеттік қызмет істері агенттігінің этика комиссиясына ұсынылды. Комиссия Алмас Абаевтың әрекеттері қызметтік этика стандарттарын бұзды деген қорытындыға келді.
Қала әкімінің кеңсесі тәртіптік шаралар қолданылғанын растады. Тиісті бұйрыққа 6 сәуірде қол қойылды. Департамент бұл оқиға бойынша қосымша тергеу жүргізілмегенін нақтылады.
Сонымен қатар қалалық мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызметкерлердің этика кодексін сақтау және болашақта осындай заңбұзушылықтардың алдын алу үшін шаралар қабылдау қажеттілігі туралы хат жолданды.
Еске сала кетейік, желіде Шымкенттің аудан әкімінің төбелескен видеосы тарап кеткен еді. Бейнежазбаны Facebook парақшасында адвокат Айгүл Орынбек жариялаған. Кадрларда Шымкенттің Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевқа ұқсас адам белгісіз ер адамға шабуыл жасап жатқан көрінеді.
Видео жарияланғаннан кейін Шымкент қаласының әкімдігі қызметтік тексеру басталғанын хабарлап, оның қорытындысы шыққанға дейін асығыс тұжырым жасамауға шақырған еді.















