Атаулы әлеуметтік көмек жағдайы ең нашар отбасыларға ғана беріледі

1384
Үкімет басшысының орынбасары атаулы әлеуметтік көмек пен көбейтілген жәрдемақы көпбалалы отбасылардың барлығына бірдей берілмейтінін айтты.
Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова атаулы әлеуметтік көмек жағдайы ең төмен отбасыларға ғана берілетінін айтты.
Атаулы әлеуметтік көмек оны ең қажет ететін, ең төмен жағдайлы азаматтарға, отбасыларға беріледі. Елімізде 4 миллионнан астам отбасы бар. Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Сондықтан алдын ала берілген есеп бойынша – ол Президент сөзінде де айтылды – 830 мың тұрғынға көмек жәрдемақы ретінде беріледі, –  деді вице-премьер.
Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік органға арызданып, көмек сұрап жатқан басқа да отбасылар көп.
Ол отбасылар жеке-жеке қаралады. Бірінші орынға жұмыспен қамту мәселесі қойылады. Жұмысын бастауы немесе ары қарай жалғастыруы үшін әртүрлі деңгейде несие беру мәселесі қаралады. Жастарға грант беру, көпбалалы аналарға үйде жұмыс істеу үшін жағдай жасау мәселесін кең пайдалануымыз керек. Бұл үшін жұмыс атқарылады, – деді ол.
Үкімет басшысының орынбасары бұл бағытта БАҚ өкілдерімен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін де айтты.
Өзім де сіздерге қай кезде де ашық жұмыс істеуге уәде беремін. Барлығымыз бірігіп, әсіресе, мұқтаж жандарға, аз қамтылған отбасыларға көмектесуіміз керек, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Дереккөз:baribar.kz