«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: МЕКТЕПТЕРДІҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

157

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев бастаған жұмысшы топ жаңа оқу жылы қарсаңында бірқатар білім беру мекемелерінде болып, олардың дайындығымен танысты.

Жұмысшы топ құрамында қалалық филиал атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Еңбекші аудандық филиал төрағасы Таймас Қамбатыров және Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова болды.

Зерделеу жұмыстары №141 және №60 жалпы орта мектептерінде жүргізілді. Тексеру барысында жұмысшы топ білім ұжымдарының дайындық жұмыстарымен жан-жақты танысып, мектептегі балалардың қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударды.

Атап айтқанда, мектептердегі ғимараттардың техникалық жағдайы, оқу кабинеттерінің жабдықталуы, санитарлық-гигиеналық талаптардың орындалуы да тексерілді. Мектептердің ауласында балалардың ойын алаңдары мен спорттық құрал-жабдықтардың қауіпсіздігі ерекше назарға алынды.

Жұмысшы топтың назарында жедел көмек шақыру жүйесінің тиімділігі мен техникалық дайындығы болды. Жүйелердің тексерілетіндігі және олардың нақты жұмыс істеп тұрғаны маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, оқушылардың қауіпсіздігі үшін күзет жүйелерінің жұмысын жетілдіру, дабыл түймелерінің орналасуы және өрт қауіпсіздігі де басты тақырыптар болды.

– «Жалпы өмірде түрлі оқыс оқиғаларды көріп, біліп жүрміз. Кейбір елдерде мектептерге шабуыл жасау оқиғалары тіркеліп жатады. Сондықтан алдын алу шараларын бейбіт күнде, тыныш уақытта дұрыс ұйымдастырып қойған жөн. Бұл – балаларымыздың амандығы мен қоғам тыныштығы үшін маңызды,» – деді Мұрат Жолдыхожаев.

Білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығы бойынша осындай тексеру, зерделеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Партия өкілдері осы тексерістер арқылы білім беру мекемелерінің қызметін жақсарту, мектептерде оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлы білім алуына қажетті барлық жағдайларды жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді көздейді.