Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялаудың ұзақ мерзімді жаңа тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.
Кәсіпкерлерге жерді жедел әрі ашық бөлудің тиімді әдістерін тұжырымдау жөнінде Үкімет алдына міндеттер қойған еді.
Президент тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттік қолдауды жетілдіру мақсатында Шымкент қаласында жұмыс тобы құрылған.
Бүгінде жұмыс тобы осы салада сыбайлас жемқорлық тәуекелін болдырмау үшін арнайы талдау жүргізіп, агроөнеркәсіптік кешенді ұзақ мерзімді субсидиялауға қатысты ұсынысын енгізген.
Жылдан-жылға халық саны өсіп отырған Шымкент қаласында егістік алқаптар қысқарып келеді.
Сала мамандары алдағы уақытта жылыжай кешенімен бірге мал шаруашылығына басымдық беріледі дегенді алға тартады.
Қазір қала аумағында 204 гектар жылыжай кешені бар. Соңғы үш жылда арнайы агроиндустриалды аймақ құрылып, 36 гектарға жылыжай салынды.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында жылыжай шаруашылығына қызығушылық танытқан кәсіпкерлер де көбейген.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы салынып жатқан жылыжай шығынының 25 пайызын мемлекет өтейді.
Одан бөлек, «КазАгро» корпорациясының төмен пайызды несиелеу бағдарламасы да кәсіпкерлерге жақсы демеу болып отыр.
Қазіргі таңда қала аумағында 73,9 мың бас ірі қара, 15,4 мың бас жылқы, 82,5 мың бас ұсақ мал, 3,1 мың бас шошқа және 877,1 мың үй құсы тіркелген.
Осының ішінде мыңнан аса асыл тұқымды ірі қара мал бар. Мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдау ретінде 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Оның ішінде 185,1 млн теңгесі малдың жем-шөбіне беріледі. Мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып, биыл 9,1 мың тонна ет, 52,3 мың тонна сүт және 154,0 млн дана жұмыртқа өндіру жоспарланған.
«Шымкент келбеті»