Денсаулық сақтау министрлігі өңірлерде коронавирус өршіп келе жатқанын мәлімдеді

1086
Нұр-Сұлтан мен Алматыда күшейтілген карантин енгізудің арқасында инфекцияға шалдығу көрсеткіші айтарлықтай төмендеді

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясының таралуына қатысты болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрліктің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекованың айтуынша, соңғы төрт күннің ішінде коронавирустың таралуы бәсеңдеген. Індетті жұқтырғандардың саны 3-7 процент болды.

«Алайда біз індеттің өршу шегіне әлі жеткен жоқпыз. Нұр-Сұлтан мен Алматыда күшейтілген карантин енгізудің арқасында инфекцияға шалдығу көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Ал басқа аймақтарда эпидемия күшейіп келеді. Жалпы, бір-екі аптаның ішінде өршу шегіне жетеді», — деді Жақселекова.

Оның сөзіне қарағанда, биыл басқа аурулар бойынша өлім-жітімнің азайғаны байқалып отыр. Мәселен, өткен жылы қаңтар-ақпан айларында 23 700 адам қайтыс болса, биыл осы уақыт аралығында 22 700 адам көз жұмған. Осылайша адам өлімі 5 процентке төмендеді.

«Аурулардың түріне келер болсақ, бірінші орында – жүрек қан тамыр аурулары, одан кейін тыныс алу органдары, қатерлік ісіктер, жазатайым оқиғалар мен ас қорыту органдарының аурулары келеді», — деп атап өтті Жақселекова.