Жамбыл нұсқасы дастанның бірнеше нұсқасының ішіндегі ең көркемі саналады.
ХVI халықаралық Анкара кітап жәрмеңкесі аясында «Көрұғлы» дастанының Жамбыл Жабаев жырлаған нұсқасы түрік тіліне аударылып, Анкарада таныстырылды. Түркияның 400-ден астам ірі баспа үйі, баспаханалар мен жарнама агенттіктері бас қосқан жәрмеңкеге биыл Қазақстан «қонақ мемлекет» мәртебесінде шақырылған болатын.
«Қазақ университеті» баспа үйі ұсынған топтамалар қатарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының дипломатиясы», «Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты», әл-Фараби еңбектері, Абайтану, Сүйінбайтану сериялары, Жамбыл Жабаевтың 2 томдық шығармалар жинағы және университет оқытушыларының ғылыми еңбектері бар.
Сондай-ақ, жәрмеңке аясында «Қазақ университеті» баспа үйінің редакторы, жазушы-журналист Нұрғали Ораздың түрік тіліне аударылған «Қазығұрт оқиғалары» кітабының тұсаукесері өтті. Жинақтың алғысөзін ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев жазып, ҚазҰУ түлегі әрі қызметкері Нұрғали Ораздың қазақ әдебиетіне қосқан үлесі мен қаламгерлік қуатына тоқталған. Мұхтар Әуезов, Зейнолла Қабдолов, Мұхамеджан Қаратаев сияқты әдебиет алыптары қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағында оқып, қызмет етіп, өзіндік мектеп қалыптастырғанын баяндай келе, осы мектептен тәлім алған жазушының шығармашылық жолын сараптайды. Сондай-ақ қарымды қаламгердің сүбелі туындары ел егемендігін алғаннан кейін дүниеге келіп, қандай қиын-қыстау заман болмасын өз шығармашылығына адалдық танытқанын жеткізеді. Жазушының қайталанбас қолтаңбасына, кейіпкерлерінің сан алуандығына, ойының тереңдігіне, кемелдігіне маңыз береді. Түрік тіліне тәржімаланған «Қазығұрт оқиғалары» әңгімелер жинағының туыс халықтарды әдебиет арқылы жақындастыра түсеріне үміт артады.
Жаңа жинақтың Анкара төріндегі таныстырылымында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы топтаманың Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Түркия Республикасының 100 жылдығы қарсаңында оқырман қолына тигенін, жинаққа енген «Бақыт құсы», «Жалғыз арал», «Түрік аспанындағы қазақ жұлдызы», «Ақ тырналар ұясы», «Қазығұрт оқиғасы» туындыларының түрік ағайындардың көңілінен шығарына сенім білдірді.
Көрме бір аптаға созылады. Оны 350 мыңнан астам кітапсүйер қауым тамашалайды деп күтіліп отыр.