Әл -Фараби атындағы қалалық ғылыми — әмбебап кітапханасында Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған «Жұлдызды 30 күн» мерекелік іс-шаралар аясында, «Алтын күз 2021» шығармашылық байқауы өтті. Байқауға мектептен тыс қосымша білім беру мекемелерінің және жалпы орта білім беретін мектептердің 6 мен 17 жас аралығындағы білім алушылары қатысты.

Байқауда дарынды жас суретшілеріміздің бүкіл әлемнің түрлі түске боялған, күз мезгілінің ерекше сұлулығын сезініп, әр түрлі әдісте орындған жұмыстарынан көрме қойылды. Көрмеге оқушылар байқаудың бірнеше номинациялары бойынша «Күзгі симфония» бейнелеу өнері номинациясы, «Күз сыйы» жеміс-жидектер композициясы мен «Күз образы» атты сән үлгісін, «Күзгі икебано» түрлі табиғи материалдардан және «Жапырақтар жауыны» атты күзгі жапырақтардан жасалған жұмыстар дайындады. Ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсаттарының бірі,білім алушыларға эстетикалық тәрбие беру. Табиғатқа деген қамқорлық дағдылары мен сүйіспеншілігін арттырып, құрметтей білуге үйрету және жан-жақты дүниетанымын қалыптастыру. Дарынды балалардың шығармашылығын шыңдау және республика деңгейінде жарыққа шығарып, халықаралық байқауларға жіберу. Іс-шара барысында Балалар көркемсурет мектебі ЮНЕСКО Клубының шебер ұстаздары Вody art және Мехенди өнері бойынша балалармен жұмыс жасады. Ал концерттік бағдарламаны дайындаған Шымкент қалалық Оқушылар сарайының «Айгөлек» би тобы мен Балалар көркемсурет мектебі ЮНЕСКО Клубына қарасты «Арт Шайн», «Шұғыла» аула клубтарының «Қуаныш», «Айнәзік» би топтарының бишілері өнер көрсетті. Байқаудың жеңімпаздарына Шымкент қаласы білім басқармасының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар мен сыйлықтары берілді.
Іс-шараны ұйымдастырып отырған Шымкент қаласының білім басқармасы, Балалар көркемсурет мектебі ЮНЕСКО Клубы, Әл -Фараби атындағы қалалық ғылыми — әмбебап кітапханасы және Шымкент қаласының Оқушылар сарайы ЮНЕСКО Клубы.