«Қасиетті шаһар — балалар көзімен» онлайн көрмесі өтті.

4106
Барша қазақтың тұлғалары елімізге ақ баталарын беріп тұрған сәтін сезінгім келді — жас суретші.
Бүгін Түркістан қаласындағы жаңа Арбат алаңында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Қасиетті шаһар  — балалар көзімен» атты  фото көрме өтті.
1 маусым  — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған онлайн-көрмеге қорық-музей қорында сақталған жас қылқалам шеберлерінің және 2018 жылы өткен «Астана және Түркістан» жас суретшілер байқауы жеңімпаздарының туындылары, қасиетті қалаға деген сүйіспеншілігін қылқаламмен суреттеген дарынды жастардың тартуы қойылды.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесін түрлі-түсті бояулармен кескіндеп, туған жерге деген ыстық ықыласын өз өнерімен білдірген жас суретшінің бірі Есіркеп Жамалладин Сәбитұлы өз туындысы жайлы айтып берді.
-«Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында тұрған қазақтың хандары мен билерін, игі жақсыларын суреттеп шықтым. Адам бейнесін жасау ауыр әрі үлкен жауапкершілік. Менің арманым суретші болу. Сондықтан өз туған жерімдегі барша қазақтың тұлғалары елімізге ақ баталарын беріп тұрған сәтін сезінгім келді. Күні-түні осы көріністі армандап, суреттеп шықтым»,-деді Жамалладин Есіркеп.

Сонымен қатар Түркістан қаласының жас дарындары сурет салудан шеберлік сабақтарын жүргізіп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі достарына онлайн түрде таныстырып шықты.
Мереке күні балғын балаларын демалыс алаңшасында серуендетіп жүрген ата-аналар мен қала қонақтары да көрмеге қойылған 50-ге жуық туындымен танысып, алғыстарын білдірді.

Айта кетсек, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі жыл сайын дәстүрлі түрде балаларға арналған мерекені назардан тыс қалдырмай, тиісінше түрлі іс-шаралармен атап өтіп келеді. Музей ісіне, тарихи орындарға балалардың қызығушылығын арттыра отырып танымын кеңейту, шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытында суретшілер сайысы, балалар көрмесі, балабақша және мектеп оқушыларына арналған экскурсиялар ұйымдастырылып, тәттілер мен кітап түріндегі сыйлықтар таратылатын. Биылғы жылы еліміздегі пандемияға орай жарияланған сақтық шараларына сәйкес көптеген балалар арнайы келе алмаса да онлайн түрінде байланысын үзбеді.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі