Шымкент: Құрсайдың жаңақұрылыс аумағы табиғи газбен қамтылады

667

2024 жылы Шымкент қаласы Құрсай елді мекенінің жаңақұрылыс аумағы табиғи газбен қамтылатын болады, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі.

Аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 24 елді мекені (73,5%) табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 10 елді мекен қатты отынды пайдалануда. 2021 жылы Алтынтөбе елді мекені табиғи газбен қамтылды. 2022 жылы 5,3 миллиард теңге қаралып, 7 елді мекенде (Көкбұлақ, Батыс, Арғымақ, Ақжар, Ақтас-2, Ақтас, Нұршуақ-2023 жылға өтпелі) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы Ынтымақ-2, Айкөл, Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекенінде құрылыс жұмыстары жоспарлануда. Шаһар басшысының тапсырмасына сай, Әл-Фараби ауданына қарасты Бадам -195 орамды газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталған еді.

Былтыр жалпы ұзындығы 19,9 шақырымды құрайтын ішкі газ жүйелері тартылып, жұмыстар 100 %-ға аяқталған. Құжаттары дайын болған тұрғындар газды үйді-үйлеріне кіргізіп алуда. Сонымен қоса, Тассай елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы жалғасуда. Мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС тарапынан құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған. Бүгінгі күнге дейін 36 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыстардың 50 пайызға жуығы аяқталды. Ішкі орамдық газ құбырын тарту жұмысы толығымен 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Айта кетейік, биыл табиғи газбен қамту бойынша 1 магистралды желі, 15 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

Нәтижесінде табиғи газбен қамту көрсеткіші 93%-дан, 94,7%-ға дейін көтеріледі. «2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, жартылай қамтылған 17 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқада нысандар 100% табиғи газбен қамтылады. Қазіргі таңда шаһардағы 81 елді мекеннің 42-сі толық, ал 31 елді мекен жартылай қамтылған.