ҚАЗАҚТЫҢ ТОЙЫ…

3836
Асыра айтқандық емес, дәл қазір қазақта не көп, той көп. «Той-Құдайдың қазынасы» дейтұғын қазекем ағайын-туысты шақырып, қызық-думан өткізуге келгенде, алдына жан салмайды. Өзі Құдайдың қазынасы болса, құда-жекжаттың басы бірігіп, сағыныса қауышып жатса, олар қызықшылығыңызға ортақтасса, несі бар, тойдың бола түскені жақсы. Бірақ, бізді алаңдататыны тойдың көптігі де емес, оған бала-шағаның аузынан жырып апаратын «тойана» да емес, қызықшылықтың тағатыңды тауысып, сабырыңды сарқып барып өте кеш басталатыны. Кейде тойдың басталар кезін тосудан жалыққан азаматтар атағанын тезірек беріп, үйіне қайтқанша асығады.
Расы керек, тойдың кеш басталуына той иесі емес, белгіленген уақыттан келетін тойшыл қакымның, яғни қонақтардың өзі кінәлі. Көбінде солай.
«Той иесі қандай көңіл-күйде жүр?», «Соның орнында өзім болсам қайтер едім?» деген ой ешкімнің басына кіріп-шықпайды. Кіріп-шықпаған соң да той мәдениеті сақтала бермейді. Түптеп келгенде той мәдениеті дегеңіздің өзі не? Біздіңше, ең алдымен, тойға шақырылған мерзімнен 15-20 минут ерте келу. Осы аралықта той иесіне көңілқостығыңызды шынайы жеткізу. Тойда отырған жалғыз сіз ғана емессіз. Сондықтан даурықпай, даңғазалыққа бармай, айналаңызға жылы шуағыңызды шашып, мейірленіп отыру. Тойға шын ықыласпен келгеніңізді танытып, қабағыңызды ашып, әрбір қойылымға, әншіге ықыласпен зейін салсаңыз, бұл-сіздің шынайы тілектестігіңізді көрсетеді. Алдыңыздағыны сыпыра соғып, түкірігіңізді шашыратып алыпқашты әңгіме жетегіне ерсеңіз, мұны ешкім қоштай қоймасы анық. Тағы бір айтарымыз, тойға кешіктіңіз екен, мархабат, жолыңыз ашық, жұрттың да мазасын алмай, өзіңіз де орын іздеп әуреленбей, қайта бергеніңіз абзал. Той иесі қысылып-қымтырылмай-ақ той басталатын уақыт келіп жеткенде есікті іштен іліп алуына неге болмасын? Сізді сыйламады екен, сіз неге оны сыйлауыңыз керек? Әрине, қатты айтып отырғанымызды өзіміз де сезіп отырмыз. Бірақ соңғы уақыттардағы тойлар осылай айтуға мәжбүрлейді.
«Қыз бергеннің назы бар». Таласпаймыз. Бірақ, құдалар да тойға кешікпей келу жағын ойластырғаны жөн. Той алдында «гулянкаға» кеткен жастардың кешікпей келуін қадағалау жағы да бізде кемшін түсіп жатады. Осы жағын ойластыратын кез әлдеқашан жетті. Қалай болғанда да тойға уақтылы келген қонақтарды сыйлау керек қой.
Адамдар онсыз да санаулы уақыттарын неге ұрлатады? Біз тегі уақыттың бағасын білеміз бе? Тойды уақтылы бастаудың тәртібін ретке келтіретін тетік бар ма?
Бұл ретте Түркістан қаласының тәжірибесін неге енгізбеске?! Бүгінде мұнда тойды ерте бастап, ерте аяқтау үрдіске айналып келеді. Тәсілдері де өте қарапайым. Сағат түнгі он бірде тойхананың жарығы сөнеді. Осындағы тойханалар қауымдастығының қабылдаған ортақ шешімі осы. Сондықтан он бірге дейін қонақтарыңызға сөз беріп үлгеру керек десеңіз, тойды шақыру қағазында көрсетілген «Тойдың басталуы-19:00» деген мерзімде бастауыңыз керек. Осы уақытта бастай алмай, ескі құдаларыңыз, ұжымыңыз, жиен-бөлелеріңізге кезек тимей қалса, кімге ренжисіз? Бұдан кейін қонақтарыңыз да тойға кешікпей келуді үйренеді. Үйренбей, қайда барады?
Той! Бұл ұлттық идеологияны қалыптастыратын, адамдарды топтастыра түсетін, қуанышты еселейтін қасиетті, жақсылықтың жиыны. Құдайдың қазынасы болатыны сондықтан. Ендеше, оған немқұрайлы қарауға болмайды!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстанның құрметті журналисі