Сот Нұржан Әлтаевты 10 жылға бостандығынан айырды

856

Астана соты 21 қарашада мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаевты 10 жылға бостандығынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салу туралы үкім шығарды. Сот Әлтаев «аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін айыпты» деп тапты. Бұған дейін өзіне тағылған айыпты теріске шығарған Әлтаев қылмыстық іс пен үкімнің «саяси астары бар» деп мәлімдеген. Ол үкімге келіспеді.

«Мен саясаткермін, саяси қызметпен айналысамын. Мені билікті сынағаным үшін қамады», — деді Әлтаев.

Үкімге сәйкес, Әлтаев жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде (жалпы режимдегі колония) өтеуге тиіс. Сот жаза мерзімін Әлтаев қамауға алынған күннен, яғни 7 маусымнан бастап, тергеу абақтысында қамауда болған әр күнін 1,5 тәулікке есептеді.

Сот Әлтаевтан «заңсыз алынған мүлік ретінде» 50 миллион 116 мың 20 теңге, сараптамаға тағы 840 теңге өндіріп алуға үкім кескен. Одан бөлек Әлтаев «жәбірленушілерге өтемақы қорына» 83 340 теңге төлеуі керек.

Нұржан Әлтаев «Атамекен» ұлттық палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтің ісі бойынша күдікке ілінген. Тергеу орындарының дерегінше, Әлтаев «Мырзахметовтің мемлекеттік тапсырыстар алуына септескен».

2003 жылы мамырда сот Абылай Мырзахметовке «мемлекет мүлкін жымқырды» деген айыппен бес жыл шартты жаза кесіп, мүлкін тәркілеуге үкім еткен. Абылай Мырзахметов – Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған Асқар Мырзахметовтің туған бауыры.

Бұған дейін прокурор Олжас Хайруллаев соттан тіркелмеген «Ел тірегі» ұйымының жетекшісі Нұржан Әлтаевты 12 жылға бостандығынан айыруды және белгілі бір лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыруды сұраған.

Қазан айында басталған Әлтаевтың соты жабық өтті. Істі судья Айжан Құлбаева қарады.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

45 жастағы Нұржан Әлтаев «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясынан алтыншы шақырылымдағы Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болған. 2020 жылы Қазақстанда мерзімінен бұрын мәжіліс сайлауы өтер алдында оппозициялық партия құратынын мәлімдеген. Осыдан кейін «Нұр Отан» партиясынан шығарылып, депутат мандатынан айрылған. Кейін ол «партия құруға билік кедергі келтірді» деп бірнеше рет мәлімдеген.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Нұржан Әлтаевты «саяси тұтқын» деп таныған.