Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 19 қарашада брифинг өткізіп, журналистердің сауалына жауап берді. Мұнымен тоқтамай, «Айқын» газетіне «Жаңарған Түркістан: даму, өсу, өркендеу» атты мақала жазып, жарық көрді. Әкімнің мақаласына, брифингтегі сөзіне қарағанда, Түркістан облысының есебі түгел секілді: облыста ауылшаруашылығы дамып, инвестиция құйылып, білім және денсаулық саласы да қарқын алған. Тұрғын үйлер салынып, ауыл өркендеп өсіп жатқанын әкімнің мақаласының әр жолынан көруге болады.

Ауызсу

Мәселен, Шөкеев мақаласында: «2021 жылдың 1 қаңтардағы жағ­дай бойынша облыста 697 елді ме­кені (7 қала, 690 ауыл) орталық­тан­дырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Оның ішінде қамту деңгейі қалаларда – 98,9 пайыз (413,2 мың адам), ал ауылдық елді мекендер 92,1 пайыз (1 497,7 мың адам)» деп жазады.

Алайда, есеп комитетінің Түркістан облысына жүргізген аудит қортындысында: «Облыстың 697 елді мекенінің 151-інде (21,7%) су графикпен беріледі, бұл өңір халқының өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді«.

Әкімге сенеміз бе, есеп комитетіне сенеміз бе? Әкім ауызсу мәселесіне қатысты жоспарында айтқан: «Бүгінде облыста ауызсумен қам­ту бойынша 60 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оған 12,7 млрд теңге қаралған. 30 нысан биыл пай­далануға беріліп, 20 елді мекен жаңа ауызсу жүйелерімен қамтылады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. Нәтижесінде, орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 717-ге же­теді. Осы арқылы таза сумен қам­ту деңгейі қалаларда – 99,4 пайызға (415,1 мың адам), ауылдық елді мекендерде 93,3 пайызға жететін болады. Алдағы 5 жылда 144 елді мекенді орталықтандырылған ауыз­сумен қамтамасыз ету, 209 елді ме­кендегі тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартып, 100 пайызға жет­кізу жоспарланып отыр», – дейді. Бұл – жоспар. Істелмеген. Ел игілігіне берілмеген. Тек әдемі есеп үшін жасалған жоспар ғана. Ал жоспардың неше түрін қағазда жасап тастауға болады, әрине. Хош, ауызсу солай болды. Ендігісін салыстырып берейік.

Газдандыру

Шөкеев: «Табиғи газбен қамту бойынша 2021 жылы 89 нысанның (83 елді мекен) құрылысына бюджеттен 14,4 млрд теңге бөлінді. Биыл 24 нысан­ның құрылысы аяқталады. (25 елді мекен, 65 683 адам). Табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 448-ге жетіп, қамту деңгейі 53,2 пайызды құрайды (1340 мың адам). Алдағы 5 жылда қосымша 299 елді мекенге табиғи газ беріліп, қамту деңгейі 85,6 пайызға жеткізіледі».

Есеп комитеті: «Сапасыз жоспарлау, сондай-ақ 2018-2020 жылдары пайдаланушы ұйымның талаптарына сәйкес келмейтін газбен жабдықтау объектілерін пайдалануға қабылдау нәтижесінде, 111 объектінің 7-уі ғана орталықтандырылған газбен жабдықтауға уақытында қосылды. Бұған қоса, салынған 43 объект аудит жүргізу сәтінде жұмыс істеп тұрған жоқ. Нәтижесінде шамамен 168 мың тұрғын көптен күткен газға қол жеткізе алмады және тиісінше жұмсалған бюджет қаражатын пайдаланудың әсеріне қол жеткізілмеді».

Энергия

Шөкеев: «Облыста жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында қуаты 215,1 МВт болатын 19 жоба іске асырылды. 6 шағын су электр стан­сасы, 13 күн электр стансасы салын­ды. 2021 электрмен жабдықтауға арналған 54 нысанның құрылысына қаржы қаралды. Биыл 7 нысан пайдалануға беріледі».

Есеп комитеті: «Сонымен қатар, 172 елді мекенде электроэнергия қуатының тапшылығы байқалады, нәтижесінде 250 мың адам (12,3%) сапалы электр жабдықтаумен қамтамасыз етілмеген».

Білім

Шөкеев: «Түркістан облысында білім са­ла­сына баса мән беріліп отыр. Жол картасына сәйкес 2021 жылы 78 білім нысанының құрылыс жұ­мыстарын жүргізуге 18,9 млрд теңге қаржы қаралды.
Жыл соңына дейін 47 білім ұя­сын пайдалануға тапсыру жоспар­ланса, қазір 22-сі тапсырылып үлгерді. Нәтижесінде, 21 ауыл мен 1 қалалық елді мекеннің мектеп мәселесі шешілді. Тұрғындар Жол картасының игілігін көріп отыр. Биыл жеке инвесторлар есебінен жекеменшік 21 мектеп беріліп, 6 250 оқушы біліммен қамтылды».

Есеп комитеті: «2018-2020 жылдары мектеп салуды біркелкі емес жоспарлау Түркістан қаласында, Сайрам  және Сарыағаш аудандарында оқушы орындары тапшылығының өсуіне алып келген. Өңір мектептерінің техникалық жабдықталуында бір қатар жүйелі проблемалар байқалады».

Денсаулық

Шөкеев: «Жедел жәрдем қызметі 122 авто­көлікпен қамтамасыз етіліп, авто­парк 96%-ға жаңарды. Жол картасы шеңберінде Түркістан қаласында қуаты 200 төсек-орынға арналған аурухана пайдалануға тапсырылды».

Есеп комитеті: «Денсаулық сақтау саласында республикалық бюджеттен жыл сайын бөлінетін нысаналы трансферттер күтілетін өмір сүру ұзақтығының өсу көрсеткіштеріне әсер етпеген, ол Түркістан облысында Республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда  соңғы орында тұр».

Ауылшаруашылығы

Шөкеев: «Жол картасында ауыспалы егіс­тің көлемін 179,9 мың гектарға арт­тырып, жылыжай алаңын 1 300 гек­тарға кеңейту көзделген бола­тын. Жұмыстар атқарылып, бағ­дар­лама 100 пайыз орындалды. Ауыс­палы егістің көлемі 179,9 мың гек­тарға жетіп, жаңадан 105,3 гек­тарға жылыжай салынып, жалпы алаңы 1 440 гектарға кеңейді. Рес­пуб­ли­кадағы жылыжайлардың 71 пайызы Түркістан өңірінде орналасқан.

Бүгінде Түркістан қаласы айна­ласында азық-түлік белдеуін құру жобасы шеңберінде 11 мың гектар аумақта өнімділігі жоғары жаңбыр­латып суғару технологиясы ендірі­ліп жатыр. Өңірде 163 шағын ша­руа­шылықтардан тұратын 2 коопе­ратив құру есебінен 2 мың гектарға 47 бірлік жаңбырлатып суару қон­дырғылары орнатылды. «Бір алқап­тан жылына 2-3 өнім алу» жобасы аясында 8,9 мың га 2878 жоба іске асырылып, 280 мың тонна көкөніс өнімі жиналды.

Республикада суармалы жер­лердің 3/1 бөлігі облысқа тиесілі (548,2 мың га). Суармалы жерді тиімді пайдалану мақсатында Түр­кістан облысын әлеуметтік-эконо­микалық дамытудың кешенді жос­пары аясында маңызды су нысан­дарының құрылыс-жөндеу жұмыс­тары қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде «Түркістан магистралды ка­налын күрделі жөндеу» жобасы­ның маңызы зор. Бұрын ағын су 43 пайызға фильтрациялық шығынға ұшыраса, бүгінде 43 шақырым ка­налда бетондау жұмыстарының нә­тижесінде 22 млн текше метр су үнемделіп, 1,5 шақырым канал бо­йы абаттандырылды. Жоба толық іске асқанда 60 млн текше метр су үнемделеді. «Кеңсай – Қосқорған – 2» су қоймасы жобасы биыл пай­далануға беріледі. Ол арқылы 34 млн текше метр ағын су жеткізілмек. Жалпы, өңірді суландыру бағытын­да ауқымды жобалар жүзеге асырыла береді.

Мал шаруашылығында мал ба­сы мен өнімділік 4-5 пайызға артып, 291,4 млрд теңгеге өнім өндірілді. Өсім 103,5 пайызға жетті. Ет экс­порты бойынша облыс республикада 1-орында. Елімізде экспортқа шы­ға­рылатын ірі қара мал етінің 75 па­йызы, қой етінің 40 пайызы Түр­кістан облысына тиесілі. Биылдың өзінде 24 мың тонна ірі қара мал, 2,3 мың тонна қой еттері экспортталды. 4,1 млн тонна мал азығы жиналып, жос­пар 8 пайызға артығымен орын­далды.

Егін жинау науқаны үшін және мал шаруашылығын дамытуға мем­лекет тарапынан қолдау көрсетілу­де. Биыл барлығы 32,2 млрд теңге субсидия берілді».

Есеп комитеті: «Ауыл шаруашылығы өндірушілерін негізсіз субсидиялау, сондай-ақ субсидияланған малды қайта сатуға, суару жабдығын пайдаланбау, инвестициылық объектілерді пайдалануға беруді созуға алып келген субсидияларды пайдалануды тиісінше мониторинг жүргізбеу фактілері анықталды, бұл 1,3 млрд. теңге сомасына ауыл шаруашылығы өндірушілерін дамытуға арналған мемлекеттік қолдаудың әсерін азайтады. Бұдан басқа, 8 ауыл шаруашылығы өндірушісі пайдаланған жалпы сомасы 0,2 млрд.теңге субсидияларды алуды растауға  электрондық шот-фактурларды қайтарып алу фактілеріне жол берілген, бұл негізсіз субсидия алуға арналған схемалардың болуын көрсетеді».

Тиімсіз жұмсалған қаржы

Есеп комитеті: «Сонымен қатар БЖК 2020 шеңберінде Ордабасы ауданының Бадам станциясында 2020 жылы салынған мұнай-химия зауытының вагондарын тұрақпен қамтамасыз етуге арналған  кірме темір жолдар пайдаланылмайды, осыған байланысты 1 млрд. теңге сомасына бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған».

Сондай-ақ есеп комитеті Түркістан облысында қаражатты игеру мен нақты нәтижеге қол жеткізу арақатынасы төмен екенін анықтаған. Яғни, бюджет қаржысы 99,0% игерілген болса, нақты индикаторлардың орындалуы 80,1%. Алшақтық анық көрініп тұр.

Есеп комитетінің тексеру қортындысы 11 қарашада яғни Шөкеевтің есебінен бір апта бұрын шықты. Бірақ әкім есеп комитетінің есебін ескеруді қажет деп таппай, өзі айтқандай «даму, өсу, өркендеу» жолымен Астананы «таңқалдырған».

arasha.kz