ТҮРКІСТАН: ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ОБЛЫС ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ

842
Сайрам ауданы, Ақсукент елді мекенінде үстел теннисінен 2008 жылы туылған одан кіші жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты жоғары деңгейде өтті.
Бұл жарысқа Келес, Жетісай, Мақтаарал, Отырар, Сауран, Созақ, Бәйдібек Төлеби және Түлкібас аудандарынан, сонымен қатар, Түркістан, Кентау қалаларынан жалпы 200-ден астам спортшылар қатысып, шеберліктерін шыңдады.
Ұлдар арасында топ жарған Сауран ауданынан келген Санжар Ибахан жеңімпаз атанса, жекелей сында қыздар арасында сайрамдық дарынды спортшы қыз Шахруза Шавкатова алтын медалді қанжығасына байлады. Ұлдар арасында өткен сында Түркістан қаласының үмітін ақтаған Марлен Жұмағұл күміс жүлде, ал, жетісайлық Есімхан Орынбасар қола жүлдені еншіледі.
Жұптық сында бас жүлде Сайрам ауданының таланттылары Ш.Шавкатова мен Н.Ханиязоваға бұйырды. Күміс жүлдені Жетісай ауданы мен Сайрам ауданынан келген А.Нұржанқызы мен М.Ханиязова иеленсе, қола медальді Түркістан қаласы мен Келес ауданының үміттерін ақтаған Г.Үсен мен Ұ.Байболат еншіледі.
Ұлдар арасында жұптық сайыста Сауран ауданы мен Жетісай аудандарының мақтаныштары О.Есімхан мен С.Ибахан бірінші орынды қанжығаларына байлады. Сайрамдық және жетісайлық Н.Бимахан мен М.Хамракулова екінші орынды иеленді.
Сонымен, командалық есепте ұлдар арасында бас жүлдені Сауран ауданының спортшылары жеңіп алса, күміс жүлдені Жетісай ауданы құрамасы, қола алқаны Түркістан қаласының жас спортшылары иеленді.
Ал қыздар арасында бірінші орынды Сайрам ауданының теннисшілері иеленсе, күміс жүлдеге Жетісай ауданы қол жеткізді. Қола жүлдені Түркістан қаласының командасы еншіледі.