Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің маңында көлік қоюға тыйым салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ресми түрде мәлімдеп, қоғамда тараған қауесеттерге түсініктеме берді, деп хабарлайды Orda.kz.
Соңғы уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілерде «жаңа ережелер бойынша үйдің жанында көлік қоюға болмайды» деген ақпарат кеңінен тарады. Бұл пікірлер абаттандыру қағидаларының жаңартылған нұсқасына байланысты пайда болған.
Негізгі өзгерістердің бірі – бұрын «өзге де жылжымалы заттар» деп жалпылама көрсетілген тізім нақтылап жазылған. Енді оған: автокөліктер, тіркемелер, арбалар жеке-жеке енгізілген.
Бұл жүргізушілер үшін нені білдіреді? Министрлік өкілдері бұл жерде әңгіме көліктерді пайдалану туралы емес, оларды ұзақ уақыт бойы қоғамдық аумақта қараусыз қалдыру немесе «қойма» ретінде сақтау жайлы екенін түсіндірді.
Еске салсақ, 2026 жылдың басында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Құрылыс кодексіне қол қойған болатын. Бұл құжатқа сәйкес, Астана және Алматы қалаларында жол бойындағы жер учаскелерін жеке компанияларға ақылы тұрақ ұйымдастыру үшін беруге тыйым салынды.
Ал 2025 жылдың ақпанында Астана әкімдігі « Астананың тұрақ кеңістігі» компаниясымен келісімді бұзып, ақылы тұрақтарды қаланың меншігіне қайтарған еді. Бұған дейін депутаттар тұрақтан түсетін табыстың едәуір бөлігі жеке серіктеске кететінін сынаған болатын.
Жаңа ережелер көлік иелеріне қосымша шектеу енгізбейді. Негізгі мақсат – аулалар мен қоғамдық кеңістікті ретке келтіру, сондай-ақ оларды бей-берекет заттардан тазарту. Министрлік азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге және жалған түсіндірмелерді таратпауға шақырды.














