Коронавирус: Қазақстан неге қара тізімде?

994
Сауд Арабиясының туризм министрлігі 28 ақпанда Қытай, Италия, Оңтүстік Корея, Жапония, Малайзия, Сингапур және Қазақстан азаматтарына электронды түрде туристік виза беруді тоқтатты. Қазақстаннан басқа алты мемлекетте коронавирус табылған. Қара тізімге еліміз қалайша еніп кетті?
Негізі, Сауд Арабиясына арналған визаның екі түрі бар. Біреуі – умра қажылық үшін жа­салған виза. Міне, осы визаны Сауд Арабиясы ешбір елдің аза­маттарына бермейтін болды. Бұл тыйым қажыларға ғана қатысты. Екіншісі – электронды түрдегі туристік виза. Биыл бұл виза да­мыған 49 мемлекетке, оның ішін­де Қазақстанға да ашылған. Осы 49 елдің 22-іне (Қытай, Иран, Италия, Оңтүстік Корея, Жапония, Таиланд, Малайзия, Индонезия, Пәкістан, Ауғанстан, Ирак, Филиппин, Сингапур, Үн­дістан, Ливан, Сирия, Йемен, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбек­стан, Сомали, Вьетнам) тыйым салынды.
Көпшілік бұл тізімге еліміздің енуін сан-саққа жүгіртті. «Бізде коронавирус жұқтырғандар бар екен, билік әдейі жасырып отыр екен» деп отқа май құйғандар да та­былды. Кей сарапшылар Қа­­зақ­стан ауру ошағына жақын орналасқандықтан, Сауд Арабия алдын ала сақтық шараларын қа­рас­­тырған деп санайды. Көңілге қо­нымды нұсқа осы сияқты.
Жаңағы жаңалықтан кейін Сауд Арабиясы корольдігінің Қазақстандағы елшісі Абдулазиз бен Абдулла әл-Дауд Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Елші мырза визалар коронавирус індетіне байланысты тоқтағанын растады. Оның пікірінше, бұл – уа­қытша шектеу және король­дікке баратын әлемнің бар­лық мұсылманын қорғауға бағыт­талған. Сондай-ақ елші ви­за­ның іскерлік және басқа да түр­лері әлі де жұмыс істеп тұрға­нын мә­лімдеді. Сауд елшісі қара тізімге Қазақстан қалай кіргенін ашып айтпады.
Аталмыш мәселеге қатысты ресми позициясын білейік деп мүфтиятқа хабарластық.

– Діни басқарма тек үлкен қажылықты бақылауында ұс­тай­ды. Ал умра – бәсекелес ор­та­­ның, яғни туристік фирма­лардың құзырында. Болашақта умраны да қолға алу жоспарда бар. Сондықтан Сауд Арабиясы туристік фирмаларға шектеу қойса, олар адамдарды король­дікке апара алмайды, – дейді ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов.

Мүфтият жөн сілтеген соң ту­ристік фирмаларға қоңырау шалдық. Неге екенін қайдам, біз сөйлескен Hickmet travel мен Qazaq travel компаниялары қарапайым сауалдарға жауап қатудан бас тартып, ат-тонын ала қашты.
Айтпақшы, ақпанның 26-сы­нан 27-сіне қараған түні Нұр-Сұлтан қаласынан 140 адам кі­ші қа­жы­лыққа аттанып, Стамбұл әуе­жайынан кері қай­тарыл­ған. ҚМДБ қажылық бөлімі­нің меңгерушісі Жанділда Бек­жігітовтің пікірінше, Сауд Арабия­сы­ның бұл тыйымы 10-15 күнге созылуы ықтимал.

– Сауд Арабиясының кли­маты ыстық. Жылы жерде инфек­цияның өсіп-өнуіне қолайлы жағ­дайлар қалыптасып, тез таралуы мүмкін. Сондықтан Мекке және Мәдина әуежайларына жо­лау­шыларды тексеретін меди­ци­­налық құрал-жабдықтар орнатыл­ғанша шектеу созылады. Қа­жылар содан кейін ғана қасиетті қа­ла­ларға кіре алады, – дейді мүфтият өкілі.

Қасиетті қалалар демекші, Иранның мінәжат етушілер көп баратын Кум қаласында да коронавирус табылған. Онда құлшылық жасайтындар әдетте діни орындарды қолмен ұстап, ернін тигізеді. Алайда Иран би­лігі қажыларды, яғни ақша әкеле­тін туристерді үркітпеу үшін ко­р­о­навирус туралы ақпаратты әдейі жасырды деген дерек бар. Рас-өтірігін кім білсін, әйтеуір Иранда жұқпалы ауру күннен-күнге өршуде. Осы орайда, Сауд Арабиясының тыйымына түсі­ністікпен қараған дұрыс.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.

«Құрметті, отандастар! Сізде жөтел пайда болып, бойыңызда дене қызуының жоғарылауы бай­қалса немесе тыныс алу қиын­ға соққан жағдайда, дер кезін­де дәрігерге жүгінуге, сон­дай-ақ қоғамдық орындарға, тіпті ме­шітке келуді тоқтатып, құлшылық­тарыңызды үйлеріңізде орындауға кеңес береміз!» деп жазыл­ған мүфтияттың ресми сайтында.

Рас, шариғатта жұқпалы ау­ру­­лардың көзге көрінбейтін зиян­ды күші, білінбей тарайтыны және аурудың етек алуын тоқ­татуда карантин қажет екені атап айтылған. Өйткені Пайғам­ба­рымыз адам баласының өзіне де, өзгеге де зиян келтіруіне қатаң тыйым салған.
Әзірге біздің білетініміз – осы. Шілде соңындағы үлкен қа­жылықтың қалай өтетіні әлі беймәлім. Токио Олимпиадасы сияқты дүниежүзілік дүбірлі жарыс­тардың болу-болмауы да белгісіз. 2 наурыздағы ақпарат бойынша әлемде коронавирус жұқтырғандардың ұзын саны 90 мыңға таяған. Желтоқсан айынан бері 3 046 адам өліп, 45 113 адам жазылып шыққан. Әйтеуір, қазақты құдай сақтап тұр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирус анықталған жағдайда «В жоспары» әзір дейді. Лайым солай болғай.
Ерсайын БАҒДАТ
Дереккөз:aikyn.kz