Екі түйе сүйкенсе…

1088
«Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деген тәмсіл бар. Ал Есеп комитеті мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының арасындағы текетірестен кім қандай зардап шегеді? Бұл текетірестің нүктесі қашан қойылады?
Әзірге екі тарап та  өзінікін дұрыс санап отыр.  Кімге сенеріңді біл­мейсің. Өйткені біреуі ел экономикасының маңызды салала­рының басын біріктірген үлкен Қор, екіншісі – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылайтын құзырлы мекеме. Бұлардың айтысы ауыл ішіндегі айтыс-тартыстан әлдеқайда ауқымды. Миллиардтар туралы әңгіме айтылатын жерде абайламаса, абыройға нұқсан келеді. Осы тұрғыдан келгенде қос құрылымның табан­дылығы кәдімгідей ойландырады екен. Өзі бұл айтысқа не себеп болып еді,  шегініс жасап көрейікші. Есте болса, Президент был­тырғы  Жолдауында  Ұлттық әл-ауқат қоры құрылған 14 жыл­дың ішінде халықтың әл-ауқатын арттыруға  нақты қандай үлес қосқанын білгісі келетінін айтты.
Ол үшін Үкіметке Есеп коми­тетімен бірлесіп, үш айдың ішінде мемлекеттік холдингтер мен ұлт­тық компаниялардың тиімділігін анықтау үшін талдау жүргізуді тап­сырды. Есеп комитеті іске кірісті. Сөйтіп, ақпан айының ортасында комитет басшысы Наталья Году­нова Ақордада есеп берді, Қордың қордаланған мәселелерін жайып салды. Ұзын-ырғасы экономи­ка­дағы квазимемлекеттік сектордың үлесі азаймай тұр, компаниялар республикалық бюджеттің қол­дауына тәуелді, сатып алулар ке­зіндегі рәсімдерде әлі күнге ашық­тық жоқ. Шарттардың дені бәсе­келес жолмен жасалмайды. Есеп комитеті мұнымен тоқтап қалмады, Президент қарауына квазимем­лекеттік сектордың кейбір ком­панияларын жабу мақсатында оңтайландыру туралы ұсынысын енгізді. Қызықтың көкесі осы тұста басталды. Ақордадағы қабылдау туралы аз-маз ақпаратқа тоймай қалған БАҚ құралдары Есеп коми­тетіне сауал жолдап, ұлттық хол­дингтердің экономикадағы үлесі, яғни жиынтық активтері 32 трил­лион теңгеден асатыны, ал мем­лекетке төлейтін дивидендтері мен таза кірістері арасында айырма­шылық жер мен көктей екені туралы ақпаратқа қол жеткізді. Бұл мәліметтер ақпарат құралдарын шарлап кетті.
«Самұрық-Қазына» бұл сынға жауап беру құқын пайдаланып, Есеп комитетінің мәліметтерін жоққа шығарды. Комитеттің ква­зи­мемлекеттік сектордың кейбір компанияларын таратуға қатысты мәлімдемесіне Қордың 167 ком­па­ниясының 141-і бәсекелес ортаға шығарылғанын және таратыл­ғанын, қалған 26-ның 23-і бо­йын­ша биыл жекешелен­ді­ретінін жеткізді. «Самұрық-Қа­зынаның» сатып алулары мен Үкіметке төле­ген дивидендтеріне қатысты та мә­ліметтерді жайып салды. Сөйтіп, өзіне айтылған сынды «Шындыққа жанаспайды» деп мәлімдеді. Бұл – шындап кел­генде, ауыр айып. Есеп комите­тінің білікті­лігіне нұқсан келті­ретін мәлімдеме.
Жалпы, Қорға қатысты сын биыл ғана айтылып жүрген жоқ. Алысқа бармай, 2017 жылдың ақпанын еске алсақ. Сол кезде де Есеп комитеті «Самұрық-Қазы­наның» жұмысынан қаржылық және процедуралық бұзушылық­тарды анықтадық деген. Қорға тиесілі компаниялардың акция­ларын халықтық ІРО-ға шығару бағдарламасының орындал­ма­ға­нын, яғни жоспардағы 6 компания­ның ІРО-ға екеуі ғана шығарыл­ғанын айтқан. Сол жылдың маусы­мында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі «Самұ­рық-Қазынадағы» тендердің 94 па­йызын жыл бойы жалғыз ком­пания ұтып отырғанын мәлімдеген. Сондықтан жемқорлыққа қарсы агенттік квазимемлекеттік сек­тордың қазына қаржысын қалай және қайда жұмсағанын жіті тексеруді және тендерді элек­трон­ды жүйге көшіруді, сонымен қатар байқау өткізетін қызметкерлерді екі жыл сайын ауыстыруды ұсын­ған. Бұл ұсыныстардың қайсысы жүзеге асқаны белгісіз. Себебі екі жыл бұрынғы айыптаулар әлі жалғасып келеді.
Экономикалық саясат инсти­тутының директоры Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, бұл екі құрылымның арасындағы ай­тыс-тартыс тоқтауы үшін жауапты экономикалық саясат жүргізілуі керек деп санайды.
«Квазисекторды қысқарту ту­ра­лы жиі айтамыз, алайда кей мәселелерге жіті назар аударуымыз керек. Мысалы, төлем балансына оң сальдоны қамтамасыз ететін және теріс сальдоны азайтатын ком­панияларды қысқартпау керек. Ұлттық қауіпсіздік, экономиканың стратегиялық маңызды салалары туралы заңдар бар, осы заңдарда көзделген ұлттық қауіпсіздікке қыз­мет ететін кәсіпорындарға да тиіспеу керек, ықшамдауға болады. Ал нарықтық экономикада жеке секторға кедергі келтіретін ква­зикомпанияларды реформалау керек, қысқартса да болады», – дейді ол.
Экономистің пікірінше, кейбір қарызы бар квазимемлекеттік компанияларды жауып тастауға асықпау керек. Себебі оның қары­зы мемлекеттің мойнынан ілінеді, сондықтан оларды қысқартпай, сыртқы міндеттемесін орындауға мерзім беріп, жұмысын қадағалау керек. Осыған назар аударылса, жауапты экономикалық саясат жүргізіле бастайды.
Біз өз тарапымыздан Есеп комитетінің баспасөз қызметіне хабарласып, Қор мәлімдемесіне қатысты комитеттің ұстанымын сұрадық.
«Қазіргі кезде «Самұрық-Қа­зына» ұлттық әл-ауқат қорына аудит жүргізіліп жатыр. Ақпан айындағы Президентке баяндалған мәлімет мерзімаралық аудиттің қорытындысы ғана болатын. Сә­уірдің соңында аудиторлық тексеру толық аяқталады. Сол кезде аудит қорытындысы Президентке баян­далады. БАҚ-та да ашық жария­лаймыз. Комитет заң шеңберінде жұмыс істейді. Біздің әр мәлімде­меге сай фактіміз бар», – деді бас­пасөз қызметі.
Сөз басында қойған сұрақтың жауабын сәуірде білетін сияқты­мыз. Себебі Есеп комитеті де, Қор да «семіз сөйлеп, арық шыққан­ды» ұнатпасы анық. Қысқасы, қызық­тың көкесі әлі алда…
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Дереккөз:aikyn.kz