«Қаза табатындар азаяр емес». Жүргізуші куәлігін сататындар мен «жабайы» жүргізушілерді тексеру ұсынылды

688

Елімізде көлік апатынан қаза табатын қазақстандықтарың саны азаяр емес. Сондықтан жүргізуші куәлігін сататындар мен «жабайы» такси қызметін көрсететін жүргізушілерді тексеру керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттық сауал Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Бас прокурор Берік Асыловқа жолданды.

Ерболат Саурықовтың айтуынша, Қазақстанда жол-көлік оқиғасынан көз жұматын тұрғындардың саны азаяр емес.

«Күніне қаншама адамның тағдыры жол үстінде шешіліп жатыр. Жол мұраты жету дейді. Дегенмен, діттеген межесіне жете алмай, мұрат жолында майып болған адам саны азаяр емес. Ranking.kz мәліметінше, биыл 10 айда елімізде 11 мың 618 көлік апаты болды. Оның ішінде 1942 адамның – 1 мың 386 ер, 556 әйел, 246 кәмелетке толмаған жасөспірім жол үстінде жан тапсырды, 14 мың 456 адам жарақат алды», — деді депутат.

Ерболат Саурықов өзекті мәселені шешу үшін Үкімет пен Бас прокуратураға ұсыныстарын айтты:

Жүргізуші куәлігінің сатылуы, сыйлық ретінде таратылуынан тәжірибесіз жүргізушілердің көбеюі, қысқасы осының маңайындағы коррупция қашан шешіледі?
Қазақстандағы техникалық тексеру орталықтарының басым бөлігінің берген сараптамалары жалған. Олардың қолына ақша қыстырсаң болғаны қалаған құжатыңды аласың. Көлік ол жерге көз қылып кіреді де шығады. Сондықтан да ескі көліктер техникалық жағынан сын көтермесе де трассада жүр;
Оң рульді көліктердің көбеюі немесе оң рульді көлікпен адам тасымалдау бизнесінің артуы белең алып барады;
Оң рульді көліктердің еш техникалық қауіпсіздікті сақтамастан, заңсыз жолмен сол бетке ауыстырылуы, салдарынан техникалық ақаудың кейін жол апатының болуына алып келеді.
Индрайвер, Яндекс, арнайы жарнамалау арқылы заңсыз адам, жүк таситын «жабайы» таксидің көбеюі, қалааралық такси бизнесінің көлеңкелі экономиканы күшейтуі салдары жолға қойылмай отыр.
40-50 адамды тасымалдауға арналған қалааралық жолаушылар автобустарының техникалық қауіпсіздігі мәселесінің қадағаланбауы, жылдамдықты мөлшерден тыс арттыруы және автобус жүргізушілерінің тәжірибесінің жеткіліксіздігі.
Ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артуы, салдарынан жолда дөңгелектерінің жарылуы, жүктерінің құлауы немесе жол ережесін сақтамауы.
Үлкен жолда ерсілі-қарсылы ағылып жатқан жеңіл көліктің жартысына жуығы Қырғызстан, Армения, Грузия, Ресей сынды шетелдік тіркеудегі жеңіл машиналардың көбеюі, заңсыз жасалған көлік техпаспорттары, тіркеуге алынбаған машиналар мен жылдамдықтың шамадан тыс артуы;
Жол сапасына да ерекше тоқталу керек. Облыстық маңызы бар және ауыларалақ жолдар көп жерде сын көтермейді, бір жолақты, енсіз, одан қала берді шұрқ тесік. Бұл да көлік апатының бірден бір себебі болып саналады.
«Статистика бойынша Алматыға күніне кіретін 700 мыңға тарта көліктің жартысына жуығы қалаға ақша табу үшін келеді. Олар такси қызметін көрсетеді. Салдарынан елімізде көлік апаты көп болатын аймақтар басында Алматы қаласы тұр. Биыл 8 айда қалада 826 көлік апаты тіркелді. Үштікті Алматы және Жамбыл облыстары тұйықтайды», — деп түйіндеді сөзін депутат.

Аяз Есен