ОҚ ЖҮНІС АТА ӘУЛИЕ ӘПСАНАЛАРЫ

2254
1. Жүнісханның дүниеге келген баяны
Ертеде Омар уәли Бағыстани деген әулие кісі болыпты. Өзі тақыр кедей екен. Жасы едәуір ұлғайғанға дейін перзент көрмепті. Ол зайыбын жанына серік етіп алып, екеуі бір әулие орынға зиярат жасап, Құдайдан бала сұрапты. Сонда әулиеге түнеген уақытта көзі ілініп кетсе, түсінде екі көк кептерді көріпті. Ояна сала:
– Тұр, кемпір, болды. Бізге Құдай берді, – депті.
Содан көп ұзамай-ақ жұбайы жүкті болыпты. Түсінде аян бергендей, шынымен-ақ екі перзент бірінің соңынан бірі дүниеге келіпті. Екеуі де әулие болып шығыпты. Біреуі – Ташкенттегі төрт тарапқа әйгілі Шайхан Тәуір болса, екіншісінің аты – Жүнісхан екен.
Жүнісхан алғаш ел билеген патша болып, кейін әулие болып кетіпті.
2. Жүнісханның Ысмайыл Атаға шәкірт болған баяны
Һәзірет Ысмайыл Ата мен шәкірттері диханшылық қылып, қауын егіпті. Алайда олардың қауын еккен алқабына су бармапты. Содан Һәзіреттің өзі суға тоған болып жатып алады екен. Сонда ғана су арнасынан бұрылып шығып, қауын алқабына барыпты. Сол кезде шәкірттері дереу қамданып, қауындарын суғарып алатын көрінеді. Суғарып болды-ау деген уақытта:
– Суғарып біттіңдер ме, болдыңдар ма? – деп сұрағанда:
– Суғарып біттік, болдық, – десе, Ысмайыл Ата судан тұрады екен.
Бірде осылайша қауын алқабын суғарып біткен мезеттің үстіне ел патшасы Жүнісхан нөкерлерімен келіп қалыпты. Һәзірет судан:
– Ауп, – деп тұрып келе жатқанда, одан патша мен нөкерлерінің аттары үркіп кетіпті. Лезде Жүнісхан оған:
– Сен қандай адамсың? Байқамайсың ба? – деп тіл тигізіпті. Ысмайыл Ата:
– Тақсыр, кешіріңіз, байқамай қалдық, кешіріңіз, – деп судан тұрған бойда үсті-басын қағыпты. Су мүлдем жоқ, үсті-басы құп-құрғақ екен. Сол қаққан сәтте оның үстінен су орнына шаң шығыпты.
Жүнісхан патша ішінен: «Е-е, бұл тегін адам емес екен ғой, судан шыққан адамнан қалай шаң шығады?» – деп қайран қалып, өз жөніне кетіпті. Алайда күні бойы сол бір кереметті адам ойынан шықпай: «Бұл кісіге бекер қатты айтып қойдым-ау», – деп опыныпты. Елден:
– Бұл кісі кім? – деп сұрапты. Оған үлкен кісілер:
– Бұл – Һәзірет Ысмайыл Ата, өзі әулие кісі. Осы арада шәкірттерімен қауын егеді, – деп жауап беріпті.
Ертеңінде Жүнісхан патша Һәзіреттің алдына келіп:
– Кеше мен сізге қатты айтып, тіл тигізіп қойдым. Сізден ғафу өтінемін, – деп кешірім сұрапты. Ысмайыл Ата сыр білдірмей ізет сақтап:
– Оқа емес, өзім де байқамай қалдым, – депті.
Екеуі көп сұхбат құрыпты. Һәзірет Ысмайыл Атаның әңгімелері Жүнісхан патшаға ұнапты. Содан оған ықылас етіп:
– Мені өзіңізге мүрид-шәкірт етіп алыңыз, – деп өтініпті. Ысмайыл Ата:
– Біздің жолымыз бен сіздің жолыңыз бөлекше. Не патшалықпен, не ақыреттің тірлігімен болуыңыз керек. Екеуін бірдей алып жүре алмайсыз, – депті.
– Онда мен патшалықты біржола қоямын, – деп Жүнісхан патшалықты тастап, Һәзіретке ізбасар мүрид-шәкірт болып кеткен екен.
Оның арқасынан уәзірлері мен перзенттері келіп:
– Ел басшысыз, халық патшасыз болмайды. Патшалықты тастамаңыз, – дегенде, оларға:
– Жоқ, мен енді патша болмаймын. Ақыретке дайындық жасаймын, – деп шешімін өзгертпей қалыпты.
3. Әулиелік мақамға жетіп, От Жүніс атанған баяны
Жүнісхан патшалығын тәрік етіп, Һәзірет Ысмайыл Атаға ізбасар мүрид-шәкірт болған соң, ұлық ұстазынан жан-жақты ілім-білім алыпты. Үлкен ғұлама болып, әулиелік мақамға жетіпті. Енді ол ұстазына ұқсап судың басына тоған болып жатыпты. Сөйтіп, суды басқа арнаға бұрып, егілген қауын алқабына су шығарып беріпті. Һәзіреттің өзге шәкірттері қауынды суғарып болғанын хабарлап айтса, ол судан тұрыпты. Жүнісхан таза әулиелік дәрежеге жеткені соншалықты, ол судан тұрып, үсті-басын қаққан уақытта от шығады екен. Оған Ысмайыл Ата:
– Сен от Жүніс екенсің ғой, – депті. Содан От Жүніс атанып кетіпті.
4. Дәрежесі артып, Оқ Жүніс атанған баяны
От Жүністің дәрежесі бірте-бірте арта беріпті. Оның ата-анасының азан шақырып қойған шын әсілі аты – Жүнісхан мүлдем ұмытылыпты. Барлығы да оны құрмет етіп, От Жүніс деп атайды екен. Өзінің ділі (жүрегі) өте таза болыпты. Оның айналасындағы адамдар да таза жүріпті. Егерде ол бір лас тірлікті байқаса, сол істің иесін оқтай атады екен. Бірде сондай күнәһар адам атта келе жатқанда: «Аттым сені», – дегенде, атқан оғынан ол мұрттай ұшып құлапты. Сол күйінде жан тәсілім болыпты.
Содан әулие баба Оқ Жүніс атанып кетіпті.
Айтушысы: Мұхидинхан Әсламханұлы. Ол кісі бұл аңыз әңгімелерді атасы Сейдуалыхан Мұхидинханұлынан есітіп, ұғып алыпты.
Аңыз әңгімелерді жазып алған: Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.