ҚАРМЫС БАТЫР

3175

Үнемі айтып жүрмін, біздің көпшілігімізде өткен ғасырларда жасаған қазақ батырларының барлығы қалмақ заманының қаһарманы болған деген теріс сенім бар. Бұған қазақ тарихын жете оқытпаған кезең кінәлі. Сонымен қатар бұрынғы дәуірлер тарихнамасын пайымдап, терең түсінуге өресі жетпейтін базбір жазбагерлердің бір заманның тұлғасын екінші заманға апарып жапсыра беретін жалған жазбалары айыпты. ХV ғасырдың ортасынан ауған кезде құрылған Қазақ Ордасына ХІХ ғасырдың аяғына дейін жан-жақтан анталаған жау бір сәт те тыныштық берген емес. Ал екі жүз жылға жалғасқан қазақ-қалмақ шайқасы – Қазақ Ордасының жатжерліктермен айқасқан дүрбелеңге толы дәуірінің бір парасы ғана. ХVІ-ХVІІІ ғасырлар аралығында бізге қалмақпен қатар Моғолстан хандары да, Бұқар әмірлігі де, Хиуа басқыншылары да, орыс отаршылдарының қолшоқпарлары казактар да жау болды. Өзінің төрт жүз жылға таяу тарихында Қазақ хандығы еш болмаса 20-30 жыл мамыражай күн кешкен емес. Осы сыртқы басқыншылармен айқаста өткен төрт жүз жылдың ішінде қазақтан неше мыңдаған батырлар, қолбасшылар, сардарлар шықты. Әлбетте, осы мыңдаған қаһармандардың барлығы тек қазақ-қалмақ соғысында ғана аты шықпаған. Ел аузында батыр деген аты қалған олардың көпшілігі одан бұрынғы һәм одан кейінгі шапқыншылықтардың баһадүрлері.

Осы күндері ел мен жер үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей, ғұмыры тас төсеніп, мұз жастанып өткен қаһармандардың ілгергі замандардың шаңына көміліп, бізге ғасырлар саңылауынан сығалап, еміс-еміс әңгімелер арқылы жеткен ерліктерін жұртқа паш етуге талпынып жүрген тарихшы-жазбагерлердің еңбектеріне кейбіреулер «бұ қазақта неліктен батырлар көбейіп кетті?» деп сенімсіздікпен қарайды. Салыстырмалы түрде мынаны айтайын: төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысында кеңестер одағының бірнеше мыңдаған адамдары батыр атанды. Соған керісінше, төрт жүз жылға жуық ұдайы соғыс көрген қазақ халқында неліктен батырлар аз болуы керек?! Осыншама ұланғайыр даланы аузы дуалы билері бастаған, қаһарман батырлары қоштаған ерлікке толы күреспен күн өткізген ел ғана сақтап қалады емес пе. Сол үшін де халық аузында қалған тұлғалардың шын болмысын, атқарған еңбектерін шынайы түрде көпшілікке жеткізем деп талаптанған жазбагердің ісіне оң көзбен қарау ләзім-ақ.

Екі жүз жылға ұласқан қазақ-қалмақ жауласуы (1771 жылғы «Шаңды жорықты» есептемегенде) – 1756 жылы түпкілікті аяқталды. Ал оңтүстік өңірінен қалмақтар 1747 жылы сүрілген. Одан кейін оңтүстік қазақтарына қырғыздар жау болды. Әлі күнге дейін толық зерттелінбей келе жатқан қазақ-қырғыз қақтығысы 1740 жылдары Ташкент төңірегінде басталып, 1779 жылғы Абылай ханның тарихта «Жайыл қырғыны» деген атпен қалған атақты жорығына дейін үздіксіз жалғасқан. Бұл қақтығыс одан кейін де көп жылға созылды, тіпті, Қоқан хандығы қазақ-қырғызды қатар жаулап алған кезеңдерден соң да жалғасын тапқан. Қырғызбен қатар Тәшкент билеушісі

Жүнісқожа да қазаққа жау шығып, 1798 жылы алты Алаш баласын шаһар маңында қырып, қалғандарын сол өлкеден бездіріп жіберген. Бұл кезең қазақтар үшін өте ауыр еді. Халыққа ортақ хан мен би жоқты, күллі оңтүстік жұрты бытыраңқы күйде күн кешіп жатқан. Осыны пайдаланған әрі Ташкентті Жүнісқожа билігінен оп-оңай тартып алған Қоқан хандығы 1808-1814 жылдар аралығында Ташкенттен Ұзынағашқа, Алатаудан Ақмешіт, Сарысуға дейінгі қазақ даласын, яғни қазіргі Қазақстанның шартты түрде оңтүсік деп аталатын аймағын түгелдей басып алды. Міне, осы кезеңдерде, яғни қазақ-қырғыз, қазақ-қоқан арпалысы кезінде қазақ арасынан ел қамын ойлап, қол бастап атқа қонған, басқыншыға қарсы күресте ел қаһарманы атанған қаншама би-батырлар шықты. Біздің бүгінгі мақаламыздың бас кейіпкері болғалы отырған Қармыс атамыз да дәл сол замандарда атойлап атқа қонған белгілі батырлардың бірі.

Алдымен мынаны айтайық: біздің тарихта қазақ-қалмақ соғысынан кейінгі кезеңдердің шынайы болмысы мен сол кезеңдерде шыққан қазақ батырлары туралы зерттеулер әлі күнге дейін жоқтың қасы. Расын мойындасақ, бұл – тарихшылар мен өлкетанушылардың үлкен кемшілігі. Сондықтан да, кейбір шалағай тарихшылар мен жазушылар ертеректе өткен батырлардың барлығын ешбір дәлел-дәйексіз қазақ-қалмақ соғысының қаһарманы етіп қөрсетіп жүр. Сол үшін де, біз ел аузындағы қара әңгіме мен көне естеліктер бойынша батыр деген намымен есімізде қалған Қармыс атамыздың қандай заманның және кімдермен соғысып қаһарман атанғанын анықтауымыз керек. Ал оны білуіміз үшін алдымен Қармыс атаның өмір сүрген кезеңнің тарихына үңілгеніміз жөн. Әйтпесе, жоғарыда айтқанымыздай, қазақ батырларының бәрі тек қалмақ соғысының кезінде ғана өмір сүрген деген жаттанды әрі қалыпты сенімнен шыға алмай, оны да болымсыз қиялмен арғы ғасырлардың қаһарманы етіп қоюмыз бек қайыл.

Тағы бір айтарым, мен осы кезең туралы һәм сол уақытта өмір сүріп, ел үшін атқа қонған, от кешіп, алысқа түскен талай батырлар жайында мақала жаздым. Сол мақалаладардағы заман көрінісі мен ондағы сөйлем тіркестері кейде бір-біріне тым ұқсас келеді. Мәселен, он сегізінші ғасырдың аяғы мен он тоғызыншы ғасырдың басында өмір сүріп, бір жағы – қырғыз шапқыншыларымен, бір жағы – Қоқан басқыншыларымен айқасқа түскен – Ақпан, Баба, Оратан, Шымырбай, Бекберді, Қонай сияқты батырлар туралы жазған мақалаларымның бәрі бір-бірімен үндес, жазылу стилі де өзара сарындас. Өйткені олардың барлығы бір кезеңде ғұмыр кешіп, белгілі бір басқыншылармен шайқасқа түскен. Әрі бір-бірін жақсы білген, жорықтарда үзеңгілес болған…

Біздің тарихта өткен ғасырларда өмір сүрген бабаларымыз жайында нақты жазбалар қалмаған ғой. Осыған орай қай атамыздың дәл қай жылдары өмір сүргенін нақтылай алмай жатамыз. Дегенмен олардың жуық түрде болса да, қай заманда ғұмыр кешкенін анықтау үшін біз кәдімгі қара шежіреге мән бергеніміз абзал. Әлбетте, қазақтың рулар шежіресі адамзаттың таралу-тармақталу һәм өсіп-өну жолдарын нақты айшықтаған жазба деп қарауға болмайды. Дегенмен қазіргі алпыс-жетпісті жағалаған әрбір кісі өз руының шежіресінде көрсетілген жеті атасының аттары мен буындық жүйесіне дейін толық сенуіне болады.

Және сол шежіреге қарап отырып, қайсы атамыздың қай жылдары өмір сүргенін есептеп шығаруға да мүмкіндігіміз бар.

Қармыс батырдың шыққан тегі – Ұлы жүз ішіндегі Дулаттан тарайтын Жанысқа жататын Шегір руы. Негізі, Жанысты жеке бір ру дегеннен гөрі оны құрамына бірнеше руларды біріктірген рулар бірлестігі деп атағанымыз жөн. Өйткені қазақы шежіре бойынша, Жаныстан ондаған аталықтар мен бірнеше рулар бөлініп шығады. Мысалы, Жаныстың бірінші әйелінен Жанту, Жантан, Жарылқамыс, екінші әйелінен Қара, Қапал, үшінші әйелінен Шегір, төртінші әйелінен Оймауыт. Бөгежілі, Бөдік.

Шегірден – Кедей, Көбек, Тілек, Бекет, Есет деген бес бала. Көбек пен Тілектен және Есеттен ұрпақ қалмаған дейді шежіре. Ал Кедейден Шегір руынының басым бөлігін құрайтын аталықтар тарайды да, Бекеттен – Бақтыбай деген жалғыз бала туылады. Бақтыбайдан – Құдайберді, Жебеке. Құдайбердіден – Қоңқа.

Бұл Қоңқа өз кезінде аты шыққан би болған. Көне әңгіме оны жүз жасаған абыз қария ретінде тәмсіл қылады. Міне, сол Қоңқадан – Ырыскелді, Тастемір, Тоған, Қармыс деген төрт бала өмірге келген.

Міне, біз бүгінгі мақалымызда осы төрт ұлдың кенжесі Қармыс атамыздың өмірі мен ел үшін атқарған еңбектерін кеңінен әңгімелемекпіз. Реті келгенде айта кетейін, қазіргі күндері Қармыстың алтыншы-жетінші ұрпақтарының алды алпыс пен елудің ар жақ-бер жағында. Осы аралықтағы аталардың буындық сандарын санамалап, жастарын шамамен есептеп көрсек, Қармыс атамыз 1770-75 жылдары өмірге келген болады.

Бұл болжамымызға ел аузында қалған мына әңгіме де тұздық боларлықтай: Қоңқа бабамыз үш әйел алған адам екен. Алдыңғы екі әйелінен туылған балалар жігіт шақтарында соғыста опат кетіп, кейін егде тартқан шағында алған әйелден жаңағы төрт бала өмірге келіпті. Оның үстіне ілгергі қариялар Қармыс Қоңқаның сексен жасында туған дегенді айтатын. Бұл сөздің анық жаны бар. Себебі Қоңқа бабамыз атақты Төле бимен үзеңгілес жүріп, қиын шақтарда оған сенімді серік, жақын дос болған.

Қармыстың ес біліп, етек жапқан уақытында өлкемізден қалмақ ысырылған, бірақ онымен болған соғыстың елесі мен естелігі әлі жұрт көкейінен кетпеген кез болатын. Және де оңтүстік тарихын жете білмейтіндер үшін ол кезде елде тыныштық орнап қалған сияқты болып көрінеді. Бірақ қазақ жазғанның маңдайына Құдай мамыражай кезеңді аз жазыпты. Қалмақтан кейін оңтүстік қазақтары көп жыл көрші қырғызбен қырқысқан. Ақиқат тарихта қазақ-қырғыз қақтығысы оңтүстік өлкесінде, атап айтқанда, Ташкент пен Шымкент маңынан қалмақ кетпей тұрып-ақ басталған.

Қармыс бала кезден-ақ қырғыз шапқыншыларының қазақтарға жасаған қысымын көріп өседі. Содан ес біліп, етек жапқаннан олардың қазаққа көрсеткен зәбірі мен қиянатын көрген оның басқыншыға деген ашу-ызасы кеудесін от, жүрегі шоқ болып қариды. Алайда, 1771 жылы Абылай хан бастаған қазақ қолы Меркі жерінде қырғыз әскерін, біріккен қолын талқандайды. Осыдан кейін қырғыз біржолата тынышталуы керек еді. Бірақ Меркідегі соғыстан кейін де қос елдің арасындағы жанжал тоқтамай, екі арада

майда-шүйде шайқастар жүре береді. Есейе келе, оларға қарсы қалай күресуге болатыны һәм олардан құтылу керектігі жайында көп ойланып, жаратылысынан бойына қонған тектілік қасиет – оны өз ұлтын сүюге, өз жұртының бөгденің талапайына түсуіне жол бермейтін талпыныстарға жетелейді. Басқыншылардың іс-әрекеттеріне қаны қайнап, көңілі қараяды, тіпті, өле-өлгенше осы пиғылынан таймауға өз-өзіне серт береді.

1784 Ташкентте Төленің кіші ұлы, шаһардың Көкше орамының билеушісі Қожамжар мен Шайхантәуір орамының қожайыны Жүнісқожаның арасында қала үшін үлкен соғыс басталады. Бір жылдан кейін Жүнісқожа жеңіске жетіп, қазақтар шаһардан ысырылады. Жүнісқожа бұл жеңісін місе тұтпай, 1785-86 жылдары Ташкенттен бастап, сонау Қаратау, Түркістан, Түлкібас өңіріндегі қазақтарды жаулайды. Аталған өңірлердегі қазақтарды өзіне қаратқан соң, жергілікті руларға аямай салық салады. Міне, осы кезде жер-жердегі қазақтар оған қарсы бас көтере бастайды.

Ташкенттің соңғы қазақ билеушісі Қожамжар би бастаған қазақтар мен Жүнісқожа арасындағы шешуші соғыс 1798 жылы Шыршық жағасында өтеді. Мыңдаған қазақ қырылған һәм қазақтар Ташкенттен айырылған осынау соғысқа Қармыс та қатысып, ерен ерлік көрсетеді. Бірақ саптағы қолдың аздығы, сарбаздардағы қарудың осалдығы ұлы мұратқа кедергі болған. Қазақтар осы жолы қанша өлермендікпен соғысса да, жеңіліс табады. Сөйтіп, Ташкент маңындағы Дулат руларының көпшілігі Қазығұрт тауының маңына келіп орналасады. Алайда Қармыстың жұрты бұл маңға осы оқиғадан қырық жылдай бұрын Шыршық бойынан келіп орныққан еді.

Бірақ бұл жерде де қазақтарға тыныштық болмайды. Бір кездері Алаш баласына есесі кеткен әрі қатты өштескен қырғыздар ойда-жоқта тау асып келіп, қамсыз отырған қазақ ауылдарын жиі-жиі қан қақсатып отырады. Өз кезегінде қазақ батырлары да қол топтап, қырғыз айылдарын шабады. Малдарын барымталайды, дүние-мүліктерін тонайды.

Ел ішінде Қармыс атамыздың қырғыздармен соғысқаны туралы мынадай бір оқиға жақсы сақталған. Бірде қырғыздың Табын деген батыры жиырма шақты сарбазымен осы күні Қоңқа ұрпақтары отырған Әңгірата ауылына шабуылдап, өздеріне қарсы келген талай жігітті мертіктіріп, бірнеше мал айдап кетеді. Бұл кезде Қармыс Ақпан батырмен бірігіп, Келес жақта жүр екен. Жаңағындай суыт хабарды естіген соң дереу кері қайтып, Табын батырдың соңына түседі. Бұл кезде Табын тау етегіндегі басқа да қазақ ауылдарынан мал-мүліктен бірталай олжа алып, осы күнгі Дарбаза асуына жетіп қалған екен. Табын артынан қуып келген Қармысты бірден танып, қасындағыларға: «Мына Қармыс деген батырсынған қазақ анада бір мәрте қолымнан сытылып кетіп еді. Бүгін Құдай айдап, алдыма келді. Сендер ешқайсың қимылдамай тұрыңдар! Мен қазір алдымен Қармыстың, одан соң серіктерінің бастарын бір-бірлеп шауып, анау Көкірек суына ағызып жіберейін» депті де, қазақтар тобына қарай тіке шауыпты. Шауып келе жатып: «Ей, қазақтар, осы күнге дейін жалғыз-жарым қазақ маған тең келген емес. Жекпе-жек ұрыста мен өзіме бес-алты қазақты бірдей тең көрсемін. Батыр болсаңдар, жабылыңдар, жан-жағымнан!

Сонда ғана шайқасқа түскендей боламын. Ал бірлі-жарым қазақпен ұрыссам, соғысқа түскендей болмай, айызым қанбай қалады!» деп айқайлапты тағы.

Оны естіген Қармыс та жанындағыларда айқайлапты: «Осы жерде қалыңдар! Табынмен жалғыз өзім жекпе-жекке шығам!» деп. Содан арқаланған екі батыр Дарбаза шатқалы алдындағы тура Көкірек суының бас жағындағы жазықта бетпе-бет келеді де, қатты екпінмен келілген бойда бірден сойылдасуға кіріседі. Батырлар екі-үш мәрте сойылдасқанда, қатты кәтіреңке мен қарағаштан жасалған мықты сойылдар тақ-тақ етіп бір-біріне тигенде, сұмдық соққыға шыдай алмай сынып кетеді. Енді екеуі сынған сойылдарын тастай салып, қылыштасуға кіріседі. Өткір алдаспандардың жүздері де төрт-бес қылыштасқаннан соң майырылып кетеді. Содан қылыштарын да тастай салып, ат үстінде күресе кетеді. Ұзақ күресіпті. Бір кезде Қармыс жауының тура белінен шап беріп, ерден жұлып алады да, жерге бір-ақ ұрады. Бірақ оңайлықпен жеңілуді білмейтін һәм осы алыста да оны ойламаған Табын Қармыстың білегінен жібермей, оны да өзімен бірге жерге құлатады.

Енді қолма-қол ұрыс пен алысқа түседі екеуі. Айтушылардың сөзіне сенсек, сонда екі батыр бие сауымдай мезгіл алысыпты. Ақыры Қармыс Табынның екі қолын бірдей сындырып, өзін Көкірек суына тұншықтырып өлтіріпті…

Аталмыш оқиғадан кейін Қармыс батыр деген атағы одан бетер шығып, сардар атанады. Оның нағыз ерлігі 1808 жылы қоқандықтар Шымкент қаласын жаулаған кезде қатты танылады. Тарихтан белгілі, Қоқан ханы Әлім Шымкентке бірнеше зеңбірегі мен төрт мыңға жуық мылтығы бар он жеті мың әскерімен шабуылдайды. Ішінара шиті мылтармен және көбіне садақ-найзалармен қаруланған жеті мыңдай жасағы бар қазақтар Бадам бойындағы алғашқы қақтығыста оларға қатты қарсылық көрсетеді. Тіпті, мықты қарулары бар әрі саны көп қоқандықтарды екі апта бойы Бадамнан өткізбей, аса жанкештілікпен қорғанады. Осы соғыста қазақтар жақтан Елек төре, Ақпан, Шымырбай, Шойбек батырлар қол бастайды, Олардың арасында Қармыс та болады. Кейін қоқандықтар Шымкентті жаулағанда бұл батырлардың барлығы тау қуыстары мен жота-қыраттардың арасына тығылып, көп жыл олармен партизандық соғыс жүргізеді. Осы себепті Қоқанның Әлімнен кейінгі ханы болған Омар қазақтың Ақпан, Қармыс, Құнан, тағы басқа да батырларын ұстап берген адамға ат басындай алтын беремін деп жар салады. Олардың ішінде Қармыстың басына ерекше сыйақы тағайындайды. Міне, осыдан-ақ Қармыс батырдың қоқандықтар үшін қандай қатерлі жау болғанын аңғаруға болады.

Біздің тарихи әдебиеттерде оңтүстік өлкесінің тарихы өте аз зерттелген. Зерттелгенінің өзі тым марждымсыз. Әсіресе, жоғарыда біз жазған қазақ-қарғыз қақтығысы мен осы Қоқан басқыншылығының тарихы әлі күнге дейін тым көмескі күйінде қалуда. Тарих жөнді зерттелмеген соң ол заманда өмір сүрген батыр-билердің де өмірбаяндары зерттеу жазбаларынан тыс қалып келеді. Мысалы, қоқандықтардың Шымкентті жаулауы туралы жазба деректер мен ауызекі әңгімелер көп болса да, ол жайында осыған дейін арнайы бір ғылыми еңбек жазылмапты. Одан соң өткен ғасырдың аяғына таман көздері кеткен, бұрынғы қазақы әңгімешілдік дәстүрмен өткен ғасырлардағы би-батырлар,

датқа болыстар жайында азаннан кешке дейін тынбай естелік айтатын қариялар кеткен соң кейінгі ұрпақ арғы ата-бабаларының ерлік жолдарынан тым мақұрым қалды.

Әлім хан 1811 жылы Алаш даласына салықтың бір түрі ретінде кіргізген, бірақ төрт жылдан кейін қазақ датқаларының наразылығымен Омар хан оны 1814 жылы алып тастайды. Бірақ 1820 жылы Омар хан қыз салығын қайта көтеріп, дала-даладағы ел билеушілерінен оны орындауды қатаң талап етеді. Және зекет пен хараж салықтарының баптарын көбейтіп, оған шөп, қамыс, сексеуіл, көмір, тұз, сондай-ақ киіз, кілем, алаша сияқты үй жасауларын да қосады. Ол аз болғандай, әрбір қазақ руынан әр жылы төрт жігітті хандық әскерінің сапына алынып, үш жыл бойы қызмет етуі тиіс деген пәрмен шығарады.

Қазақ мүддесін ойлаған батыр-билер бұған бірден наразылық танытып, арты кіші-гірім көтерілістерге ұласа бастайды. Ал 1821 жыл бастала салысымен Қаратау етегін жайлаған Тентек төре жергілікті рулардың батырлары бастаған алты мың жігітті атқа қондырып, көктемге салым, Қоқан хандығы мықты әрі маңызды бекініс-шаһар етіп алған Сайрам мен Шымқалаға шабады. Мұны естіген тау етегін жайлаған рулардың батырлары дереу қол жиып Тентек төреге қосылады. Қармыс атамыз да жасының ұлғайып қалғанына қарамай, Қазығұрт төңірегіндегі Қоқанға іштей қарсы болып жүрген біраз жігіттерді жинап, Шымқалаға келеді.

Тентек төре қария жасқа жетсе де, Қармыстың қайсарлығы мен өжеттігіне разы болып, тау жақтан келген қазақ жасақтарына сардар тағайындайды. Бір айдан соң Тентек төренің қолы он екі мыңға жетеді. Сол жылдың мамыр айының ортасында көтерілшілер Сайрам мен Шымқаланы толық басып алады. Қармыс осы шайқаста ерен ерлік көрсетеді. Шымқала қамалының үстіне өрмелеп шығып, қорғаныста тұрған он шақты қоқандықты жер жастандырады.

Бұдан кейін көтерілісшілер Түркістан мен Созақ тарапқа шеру тартады. Бұдан қатты сескенген Омар хан қазақтарға қарсы Тәшкеннің әмір-ғаскері Исақұл бастаған он алты зеңбірекпен қаруланған он бес мыңдық сыпай аттандырады. Тентек төре бастаған қазақтардың қалың қолы қазіргі Темірлан елді мекенінің тұсына жеткенде, Исақұл әскерінің Шымқалаға қарай шыққанын есітіп, кері қайтады. Келе салып, Шымқала қорғанына бекінеді. Үш күн өткенде қарулары мықты қоқандықтар қалаға таяйды. Ертесіне қиян-кескі шайқас басталып, қазақтар төрт күн бойы жауды шаһарға кіргізбейді. Бірақ әскерлерінің көбісі мылтықпен қаруланған және оттас ататын зеңбіректері бар қоқандықтар бесінші күні қазақтарды қаладан қуып шығады. Аталмыш шайқаста бірнеше мыңдаған қазақ сарбаздары қырылады, бірнеше жүздегені қолға түседі. Бірақ Қармыс бастаған бірақ қазақ сарбаздары Қоқан қоршауынан сытылып, аман кетеді.

Омар хан осы соғысқа қатысқан қазақтардың қолға түскендерін аяусыз жазаға тартқан. Артынша тосыннан келген ажалдан өзі жер жастанып, орнына хан болып Мәделі тағайындалады. Мәделінің кезінде де қазақтар бар тараптан көп зәбір тартады. Күллі оңтүстіктегі Алаш баласын тек зорлықтың күшімен басқаруға көшеді. Басқыншының осындай запысына шыдай алмаған қазақтар

әр-әр жерде бой көтереді. Қармыс қартайса да, өзіне жақтастардан топ құрып, қоқандықтарға талай жыл маза бермейді.

Ел аузында Қармыс атамыз жайында осындай деректер сақталған. Дегенмен оның қай уақытта және қай жасында өмірден өткені туралы нақты дерек жоқ. Ал мұны анықтау келешек күндердің еншісінде.

Біз бұрынғы ата-бабаларымыз жайындағы естеліктердің көпшілігін ұмытқанбыз. Бұған күні кеше өмірден өткен көне естеліктерді жақсы білетін қариялардың әңгімелеріне кезінде өзіміздің құлақ түрмегеніміз кінәлі. Әйткенмен де, текті тұлғаның аты еміс-еміс болса да, халық жадында сақталып тұрады екен. Бүгінде Қармыс атамыз туралы естеліктер де сондай үзік-үзік, еміс-еміс қалыпта жұрт есінде.

Бұл шағын мақала Қармыс атамыз туралы және оның ерліктері мен өмірбаяны жайында алғаш жазылған дүние. Ал оның шын болмысын ашып, кеңінен насихаттау, болмаса тереңірек зерттеу де алдағы күндердің еншісінде. «Ерінбесең іздесең – іздегенің табылады, жоғың алдыңнан шығады» демекші, есімі ел есінде қалып, аты жұрт аузында жүрген қайсыбір тұлға хақында іздене берсең, тың деректердің табылуы бек кәміл. Бұл орайда бүгінде Қармыс атаның ұрпақтары Төлегенұлы Әмірхан мен Құрақбайұлы Алтынбек сияқты азаматтар батыр бабаның ел үшін еткен еңбегі мен қаһармандығын қазіргі жас ұрпаққа насихаттау мақсатында көп ізденіп, тың мәліметтер жинастырып жүр. Алдағы уақыттарда олардың еңбектері ел көзіне ілініп, жұрт назарын өзіне аударатыны кәдік. Ал қазірше Қармыс батыр жайында айтар қысқаша әңгімеміз – осы.

Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ,

жазушы.