«Парламенттен қуу керек»: жерді шетелдіктерге жалға беруді қолдаған депутаттар кімдер?

1314

Мәжіліс қабылдаған заң жобасында «орман шаруашылығы жерлері шетелдіктерге 25 жылға жалға беріледі» деген бап бар екен!

«Нұр Отан» партиясының Мәжіліс депутаттары Самат Мұсабаев, Ғани Ташқараев, Мейрамбек Төлепберген және Асқарбек Үйсімбаев шетелдіктерге жерді иелену құқығын қолдап дауыс берген, деп хабарлайды КазТАГ.

«Төрт Депутат Тоқаевты тындамай, жерді шетелдіктерге жекеге беруді ұсынды. ХАЛЫҚҚА ҚАРСЫ ШЫҚҚАНДАРДЫ ПАРЛАМЕНТТЕН ҚУУ КЕРЕК» деп жазды қоғам белсендісі Мұрат Әбенов.

«Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатпаймыз, жалға бермейміз» деп жұртты алдаусыратып отыр деп бірден айтқан болатынбыз. Енді қараңыздар: мәжіліс қабылдаған заң жобасында «орман шаруашылығы жерлері шетелдіктерге 25 жылға жалға беріледі» деген бап бар екен!» деп жазды Жанболат Мамай.

«Яғни, билік жұртты «ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге берілмейді» деп тыныштандырып, өздері «орман шаруашылығы жерлерін жалға беріп», арамза ойларын жүзеге асырмақ! Тоқаевтың айтып отырған сөзі далада қалды деген міне, осы! Бұл бапты ұсынып, заң жобасына кіргізген «Нұр Отан» мен «Ақ жол» партияларының депутаттары болып шықты. Ұлт сатқындары кімдер екенін біле жүріңіздер! Демек, билік қазір тып-тыныш осы заңды қабылдатып, жерді оңды-солды Қытай компаниялары мен азаматтарына үлестіруге жол ашып алмақ. Қара орман жерімізді берсе, қазақтың елдігінен не қалмақ? Тәуелсіздік деген жай аты бар да, заты жоқ нәрсе болып қалмай ма?! Бастысы, қазір митинг болмай, халық алаңға шықпаса болды билікке. Комиссия құрып, елді алдаусыратып отырғаны да сол» дейді қоғам белсендісі.

«Міне, осы себепті біз ашық талап қоямыз билікке: Ауыл шаруашылығы ғана емес, жалпы қазақтың жері шетелдіктерге жалға берілмесін әрі сатылмасын! Ауыл шаруашылығы жерлері Қазақстан азаматтарына да сатылмасын! Ағайын, осы талапты орындатпасақ, Отанымыздан, жерімізден айрыламыз! Ата-бабамыз жер үшін жанын беріп, құрбан болуға даяр болды. Ал біз қалайша үндемей отырамыз? Жер асты байлықтарын сатып, бәрін меншіктеп алған билікке соңғы қалған дүниеміз — жеріміз бен Отанымызды саудаға салдырамыз ба? Намысы бар қазақ мұндайда тыныш отыра алмас!» деді Ж.Мамай.