Ө.Шөкеев: Түркістан Елбасының жобасы екенін естен шығармауымыз керек

959
Облыс орталығы Түркістанды дамытуда өзекті мәселелердің бірі – қала халқын 100 пайыз табиғи газбен және сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету. Табиғи газбен толық қамту қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға, суландыру мен көгалдандыру жаздың аптап ыстығында қолайлы климат қалыптастыруға мүмкіндік береді. Облыс әкімі Ө. Шөкеев Түркістан  қаласының әкімі Р. Аюповтың халыққа есеп беру кездесуінде осылай деді.
«Біз, Түркістан қаласына тарихи мәртебе беру – Елбасының жобасы екенін естен шығармауымыз керек. Сол себепті, тарихи қаланың ерекшелігін сақтай отыра, оны заманауи бағытта дамытудың негізгі үш бағытын жүзеге асырып келеміз. Ол үш бағыттың бірі – тарихи-мәдени аймақ. Екіншісі – әкімшілік-іскерлік орталық, үшіншісі – ескі қаланы жаңғырту», – деді  облыс әкімі. Қала тұрғындары мен жаңадан қоныстанушылар тарапынан бүгінде тұрғын үйге деген сұраныс артуда. Бұл орайда, салынатын тұрғын үйлердің санын арттыру және сыртқы келбеті мен сапасына мән беру маңызды. «Басты мақсат – Түркістан қаласын тұрғындары мен қонақтарына жайлы, қауіпсіз, таза, көрікті де әсем қалаға айналдыру», – деді Ө. Шөкеев.
Бүгінде әкімшілік — іскерлік орталығында жалпы ауданы 575,8 мың шаршы метр немесе 7459 пәтерді құрайтын 156 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Өткен жылдың қорытындысымен 32 үйдің құрылысы аяқталып, 1701 пәтер пайдалануға берілген. Сондай-ақ 2019 жылы қала бойынша 100 көше асфальтталса, биыл тағы да 100 көшеге асфальт төселетін болады.