ШЫМКЕНТТЕ ЗАҢСЫЗ АҒАШ БАЗАРЫ КӨШІРІЛЕДІ

690
Шымкент қаласы Абай ауданы аумағында пайда болған заңсыз ағаш базары жабылып, көшіріледі. Сауда орнына кезекті рет келіп, ескерту жасаған арнайы топ осылай деп мәлімдеді.
Төлеметов көшесінің бойындағы сауда орнында құрылыс материалдары сатылып келген. Жалпы аумағы 1 гектарды құрайды. Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов бастаған топта тиісті басқармалардың өкілдері мен полицейлер болды. Жеке кәсіпкерлерге бұл сауданың заңсыз екені түсіндіріліп, тиісті рұқсаты бар ағаш базарына бару керегі айтылды.
– Бұл заңсыз сауда орны жергілікті тұрғындарға кедергі келтіреді. Оның үстіне 8 тоннадан ауыр жүк көліктері Төлеметов көшесінің жол жабынын бүлдіреді. Осының барлығын тиісті басқарма мамандары түсіндіріп, алдында да сатушыларға ескерту жасалған. Құжат бойынша 86 соттық жерге тиісті рұқсат берілген, бірақ, ол – құрылыс жұмыстарын жүргізуге. Ал қасындағы 1 гектар жер – жасыл аймақ, алдағы уақытта абаттандырылуы керек, – дейді Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов.
Арнайы топтың өкілдері заңсыз сауда жасап отырған азаматтарға заттарын көшіріп әкетуге 1 апта уақыт беретінін айтты.
– Қазіргі таңда 86 соттық жер телімі заңды, ал мына жақта ағаш сатып тұрған 1 га жерде заңсыз, рұқсатсыз сауда жүруде. Негізі талап бойынша тез алып кетуге болатын заттарды көшіруге 1 апта уақыт беріледі, ал құрылыс нысаны 1 айда бұзылуы тиіс. Бұл сатушыларға басқа бірнеше сауда орындары ұсынылды. Ендігі мәселе арнайы комиссияда қаралып, шешіледі, – деді Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшының міндетін атқарушы Нұрбол Жүнісбеков.
Сауда орындарындағы сатушыларға бұл жер телімдері мемлекеттің меншігі екені, оны бүгінге дейін заңсыз пайдаланғаны айтылып, белгіленбеген орындарда сауда жасамау туралы ескерту берілді. Сатушыларға басқа сауда орындарына көшу қажеттілігі де ескертілді.