Әкімдіктер берген тұрғын үйлерге мұқият тексеру жүргізу керек – депутаттар

1507

«Ақ жол» партиясы әкімдіктер берген әлеуметтік тұрғын үйлерге мұқият тексеру жүргізуді талап етеді. Бұл туралы бүгін фракция депутаты Ерлік Өмірғали депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Премьер-Министрі
А.Ұ.Маминге

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, тұрғын үй мәселесімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Табысы тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу үшін жеткіліксіз азаматтарға тиімді әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады. Кезекте тұрғандардың тұрғын үй проблемаларын неғұрлым жедел шешу қажет.

Халықтың әлеуметтік осал топтарын, көп балалы отбасыларды, мемлекеттік қызметкерлерді және басқа да санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі бірнеше бағыт бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеп, бекітті.

Алайда, біз көріп отырғанымыздай, шенеуніктер өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға «өз адамдарын» заңсыз кезекке қояды. Сондай-ақ жалға берілетін тұрғын үйге мұқтаж емес адамдарға басымдық бере отырып, мемлекеттік тұрғын үйді бөледі. Осындай іс-әрекеттердің нәтижесінде үш мыңнан астам азамат мұқтаж адамдар тізіміне енгізілді, осылайша мүгедектер, көпбалалы отбасылар және жұмыс істейтін жастар сияқты шынымен мұқтаж адамдардың құқықтарына нұқсан келтірді.

Мәселен, соңғы үш жылдың ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының өңірлерінде шенеуніктердің тұрғын үйді заңсыз берген 400-ден астам факті анықталды, атап айтқанда Қарағанды (128), Маңғыстау (53), Батыс Қазақстан (38), Түркістан (35), Павлодар (30) облыстарында, Алматы қаласында (23), Шығыс Қазақстан (21), Жамбыл (14), Ақмола (11), Солтүстік (2), Қостанай облыстарында (11), Шымкент (11), Нұр-Сұлтан (1), Алматы (15) қалаларында.

​»Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 71-бабының 5-тармағына сәйкес аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының тізімдеріне, оның ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қоюдың және кезектіліктің электрондық базасын пайдалана отырып, жыл сайын түгендеу жүргізеді.

Алайда, қалалар мен облыстардың әкімдіктері Заңның бұл талабын орындамайды, үйге мұқтаж 13 000-нан астам азамат әлі күнге тізімде тұр: Шығыс Қазақстан — 4091, Қарағанды — 2540, Батыс Қазақстан — 1781, Маңғыстау — 1606, Павлодар — 1294, Нұр-Сұлтан қаласы – 351, Қызылорда — 348, Алматы қаласы — 254, Ақмола — 244, Солтүстік Қазақстан-64, Қостанай — 51, Алматы — 18, Шымкент қаласы — 7.

Сондай-ақ, 13 өңірдің әкімдіктері Заңның 74-бабының ережелерінде белгіленген тұрғын үй беру кезектілігін, оның ішінде жетім балаларға тұрғын үй беру санының нормативі бойынша бұзушылықтарға жол берді.

Нәтижесінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан 2320 адамның, оның ішінде 1206 жетім баланың (Алматы — 766, Алматы қ. — 619, Нұр-Сұлтан қ.- 314, Қостанай — 223, Шымкент қ. — 156, Батыс Қазақстан — 136, Ақмола — 34, Жамбыл — 19, Түркістан — 18, Солтүстік Қазақстан — 15, Қарағанды — 11, Қызылорда-5, Атырау — 4) тұрғын үй алу құқығына өрескел нұқсан келтірілген.

Тұрғын үй қатынастары саласындағы келтірілген жаппай бұзушылықтар тек анықталған фактілер ғана, ал Қазақстан Республикасында мұндай анықталмаған қанша факт бар екенін тек елестетеі аламыз.
​»Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік тұрғын үйді әділ бөлу мәселесі көрініс тапқанын атап өткіміз келеді. Өйткені фракцияға тұрақты негізде азаматтардан тұрғын үйді әділетсіз бөлуге, сондай-ақ тұрғын үй алуда кезектіліктің ақырын келуі бойынша шағымдар келіп түсуде.
​Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан осындай фактілерге жол бермеу үшін мынадай шаралар қабылдау қажет деп санаймыз:

​- осындай фактілерді анықтау үшін соңғы 5 жылда жергілікті атқарушы органдар берген әлеуметтік тұрғын үйге мұқият тексеру жүргізу, заңсыз берілгені анықталған жағдайда тұрғын үйге шынымен мұқтаж азаматтарға тұрғын үйді беру бойынша шұғыл шаралар қабылдау;
​- мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алу үшін кезекке заңсыз тұру фактілерін анықтау бойынша тексеру жүргізу, бұзушылықтар анықталған жағдайда мұндай тұлғаларды алып тастау бойынша шаралар қабылдау.

Сондай-ақ, тұрғын үй саясатын жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы банкке» беру туралы шешімді «Ақ жол» депутаттық фракциясы толық қолдайтынын және құптайтынын атап өткіміз келеді.

Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары