БОЛАШАҚТЫҢ ЖАЗУЫНА БЕЙҒАМ ҚАРАМАЙЫҚ!

1698
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ халқы қазіргі таңға дейін түрлі жазу үлгілерін қолданғаны белгілі. Араб әрпімен төте жазу, латын әрпімен жазу, орыс әрпімен (кириллица) жазу — солардың санатында. Соңғы жылдары егемен елімізде қазақ әліпбиін латын нұсқасына ауыстыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Осы орайда бұл жүйеге бізден бұрын өткен түбі бір туысқан — Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің тәжірибесі қатаң ескерілуде.
2025 жылға дейін елімізде кезең-кезеңімен латын әліпбиіне өту жоспарланған. Бастапқы екі жыл тұрғын халықты жаңа әліпбидің ережелерімен таныстырып, оқыту сабақтарын ұйымдастыру болған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бекіткен латын әліпбиінің нұсқасы халықтан қолдау тауып, қолданысқа ене бастады. Осылайша жаңа әліпби — баршамыздың күнделікті өміріміздегі үйреншікті жағдайға айналып отыр. Облыс, қала, аудан, көше, мекеме, ұйым, кәсіпорын атаулары латын әліпбиімен жазыла бастады.
Өкінішке орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2018 жылы ақпан айында бекітілген латын әліпбиінің нұсқасында әлі де кемшіліктердің бар екенін айтып, оны жетілдіру жолында арнайы тапсырма бергені белгілі. Содан бері жаңа әліпби және оның емле ережелері төңірегінде талқылау жұмыстары қыза түскен. Атап айтқанда, былтыр Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық, әдістемелік, ақпараттық және техникалық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтары 12 рет ауқымды отырыс ұйымдастырған. Соның нәтижесінде жаңа әліпбидегі кейбір дыбыстардың таңбалануында, жазылым мен оқылымында қолайсыздық тудыратын таңбалардың бар екені анықталып отыр. Болашақтың жазуына айналатын жаңа әліпби саналы ой таразысынан өтіп барып қабылдануы қажет. Бұрын қабылданған әліпбиде қоғамның пікірталасын туғызған бірқатар жайттар орын алған болатын. Мәселен, Асхана/Ашана, Асхат/Ашат, Схема/Шема, Эсхил/Эшил сөздерінің жазу үлгілері түсініксіз жағдайларға алып келген. Осындай олқылықтарды ескерген Орфографиялық, әдістемелік, ақпараттық және техникалық сүйемелдеу жөніндегі
жұмыс топтары ересек тұрғындар, оқытушылар мен мұғалімдер, студенттер мен мектеп оқушылары арасында арнайы сауалнама жүргізіп, жаңа әліпбиге әлі де өзгертулер мен толықтырулар енгізу керек деген тоқтамға келген. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қоғам тарапынан жаңа әліпби жайлы айтылған ой-пікірлерге мониторинг жұмыстары жүргізіліп, сараптама жасалды. Осылайша министрлікке қоғам тарапынан жолданған жаңа әліпби жобалары ғылыми талқылаудан өтіп отыр.
Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс топтарының мүшелері орын алған кемшіліктерді саралап, мынадай қорытындыға келген:
Біріншіден, барлық түркі тілдерінің табиғатына ортақ «Бір әріп — бір дыбыс» принципінің сақталмауы;
Екіншіден, қазақ әліпбиіндегі реттіліктіктің сақталмауы;
Үшіншіден, латын әліпбиіндегі кейбір әріптердің өзге дыбыстарды таңбалауы;
Төртіншіден, жаңа әліпбидегі кейбір әріптердің Халықаралық Unicode стандарттарына сай болмау салдарынан компьютерде танылу, оқылу және конверторлау барысында кедергілер келтіруі.
Міне, осындай олқылықтардың салдарынан жаңа әліпбиге ішінара өзгертулер, толықтырулар мен түзетулер енгізу қажеттігін айқындаған. Қалың жұртшылықтың ұсыныс, талап, тілегін негізге алған ғалымдар 31 әріптен тұратын жаңа әліпбидегі кейбір таңбаларды алмастыру керектігін алға тартып отыр. Мәселен, й, и, у, ұ, ш, ч әріптерінің жазу үлгісі біршама өзгеріске ұшыраған. Әліпбидің бұл жаңа нұсқалары көпшіліктің көкейінен шығады деген ойдамыз. Сол себепті де біздің болашақ жазуымызды айқындайтын жаңа әліпбиге бейғам қарамастан оған барынша қолдау көрсетейік, ағайын, демекшіміз.
Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, филолог (бакалавр), педагогика және психология ғылымдарының магистрі.
Шымкент қаласы,