«Қарындасымды қасқырлар жеп кетті, шашынан басқа ештеңе қалмапты» — Мекемтас Мырзахметұлы

1269
Сондай-ақ ол ашаршылық жайын қазақ тарихшылары әлі де зерттеуі қажет екенін айтты.
Ашаршылық куәгері филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Egemen Qazaqstan» газетінің ұйымдастыруымен өткен қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Ғасыр зұлматы» атты онлайн дөңгелек үстелінде анасы бала кезінде оны аман сақтап қалу үшін қарындасын қасқырларға қалдырып кеткені жайында айтып берді.
«1932-1933 жылдары ашаршылық болды. Аштықтан қиналған соң, түс кезінде жездеміздің үйіне қарай жолға шықтық. Анам сонда қарындасымды бауырына алып, мені қолымнан жетелеп, аштықтан бұралып әрең жүрді. Жол өнбей, ауылға жақындаған шақта қас қарайып кетті. Бір кезде бізді 3 қасқыр қамап, топырақ шаша бастады. Мен қорыққанымнан анамның етегіне тығыла бастадым. Анам таяғын көтеріп, айғайласа да қасқырлар қаймықпады. Содан анам қарындасымды жерге қойып, мені арқалай жөнелді. Қасқырлар қарындасыма қарай бас салған болу керек, шар еткен  даусы естілді. Біз сол уақытта аман-есен құтылып үлгердік. Кейін барып қарасақ, шашынан басқа ештеңе қалмапты. Бұл қасірет. Ашаршылық кезінде әр жерде осындай оқиғалар көп болды. Мен оны өз көзіммен көрдім», — деді М. Мырзахметұлы.
Сондай-ақ ол ашаршылық жайын қазақ тарихшылары әлі де зерттеуі қажет екенін айтты.
Бүгін «Egemen Qazaqstan» газетінің ұйымдастыруымен қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Ғасыр зұлматы» атты онлайн дөңгелек үстел өтті.