«ТЫНЫҚ ДОН» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫНЫҢ АВТОРЛЫҒЫНА ТАЛАСУШЫЛАР КӨП

1431
немесе Шолохов туралы шындық
Биылғы 24 мамырда орыс кеңес жазушысы, КСРО Ғылым Академиясының академигі (1939), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1941), Социалистік Еңбек Ері (1967), Нобель сыйлығының иегері (1965) Михаил Александрович Шолоховтың дүниеге келгеніне 115 жыл толған болатын. Өкінішке орай, қаламгердің ең басты шығармасы — «Тынық Дон» роман-эпопеясының төңірегіндегі әңгіме әдебиет зерттеушілерін әлі күнге дейін әрі-сәрі күйге салып келеді. Олардың кейбірі бұл романды М. А. Шолохов жазбаған деген пікірде. Биографтардың бірі тіпті, «Тынық Донның» авторлығына үміткерлердің жалпы санын 48-ге дейін жеткізген көрінеді. Жазушының зайыбы Мария Петровна екеуі Светлана, Александр, Мария, Михаил есімді перзенттер сүйген.
Ресейлік журналист Валентина Оберемко жақында қаламгердің қызы Мария Михайловна Шолоховамен кездесіп, әңгіме-дүкен құрған. «Аргументы и факты» Казахстан» газетінің 20-26 мамырдағы № 21 (2062/1407) санында жарияланған «А ты, Миша, контрик!» Шолохова критиковали и за любовь к белым, и за поклонение советскому строю» деп аталатын сұхбатты оқып, көптеген жағдаяттарға қанықтық. Сөйтіп, оны оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
Мария Михайловнаның айтуынша, әкесінің өзі де: «Бұл романды қазір жазатын болсам, басқаша жазар едім», — дегені бар көрінеді. М.А. Шолоховты кітаптың авторлығынан шеттетуге талай рет әрекет жасалған екен. Көпшілікке оның ақгвардияшыларды жағымды кейіпкер ретінде көрсеткісі келгені ұнамаған. Кітапты ақтардың офицері жазған деген сөз де тараған. Бұл өткір де өзекті мәселеге Иосиф Виссарионович Сталиннің өзі де тікелей араласып, арнайы комиссия құруға дейін барған. Сөйтіп, Мария Ильинична Ульянова жетекшілік еткен комиссия мүшелерінің зерттеуінен кейін: «Тынық Донды» М.А. Шолохов жазған», — деген қаулы қабылданған.
Әдебиетшілер де алыпқашпа әңгімені өрбіткен. Бұдан жазушы, қоғам қайраткері Александр Александрович Фадеев те шет қалмаған. М. А. Шолохов зайыбының: «Сен онымен қалайша қол алысып амандасып, сұхбаттасып жүрсің?» — деген сауалына: «Оның да өзіндік ой-пікірі бар шығар. Соған бола неге өкпелеуім керек», — дейтін де қоятын екен. Қарсыластарының бірі Григорий Мелеховты романның соңында большевик етуді талап еткен. Әрине, қаламгер ондай қадамға бармаған. Әдеби ортада оның жақтастары көп болмаған сыңайлы. Ал өзі кезінде А.М.Горькийдің хатшысы Илья Шкапқа, Платоновқа, Гумилевтің ұлына, Ахматоваға, Ольга Берггольцке қолдау көрсеткен екен.
М.А.Шолоховтың авторлығына күдіктенгендердің арасында Александр Солженицын де болған. Ол өзі кездескен бір қарт казактың кітаптың нағыз авторы кім екені жайлы айтқан ойын келтіреді. Алайда, оны дәлелдейтін нақты айқын айғақ таппаған. Сол А. Солженицын М.А.Шолоховтың талантына тәнті болып, оған хатпен қоса-қабат сыйлаған кітапшасы қаламгердің музейінде сақтаулы. Әлгі хатта Никита Сергеевич Хрущёвпен жүздескен жазушының жанына баруға жүрексінгенін жеткізген. Кейіннен оны плагиаттықта айыптаған. Сонда Михаил Александрович: «Түрмеге тоғытылғандардан түзу әңгіме шығатын ба еді?!» — деген де қойған.
Александр Солженицын мен өзге де антогонистер М.А. Шолоховты билік басындағылардың нақсүйеріне балаған. Алайда, жазушы кез келген көсем жайлы өзінің сыни пікірін білдіруден еш жасқанбаған. И.В.Сталин сауатты адам ретінде әдебиетті сүйген, дерлік барлық қаламгерлерді білген. М.А. Шолоховпен жеке жүздесіп, әңгіме- дүкен құрған. Қаламгер көсемге жазған хатында бай-кулактарды кәмпескелеу науқанының деревнялардың құлдырап, жоқшылыққа ұшырауына әкеп соқтырғанын байыпты баяндаған. Ұлы Отан соғысы кезінде маршал Конев жетекшілік жасайтын майданда ұрыс әрекеттеріне қатысқан.
Сөз орайы келгенде И.В.Сталиннің М.А. Шолоховқа, тағы басқа да ақын-жазушыларға қаламгерлер қалашығын салуға арнайы қаржы қарастырып, қолұшын бергенін тілге тиек ете кетейік. Алайда, Михаил Сергеевич Горбачевтің тұсында қаламгердің ұрпақтары әлгі үйді мемлекеттің есебіне өткізіп жіберген көрінеді.
Н.С. Хрущёв Вёшенск селосына жазушыны іздеп келген. Қаламгер оның әзіл-қалжың мен анекдот айтатын
қарабайырлығымен астасқан белсенді қызметін жасандылық деп білген.
Леонид Ильич Брежневпен бірге жауға қарсы соғысқан. Оның екеуінің де әскери шені полковник болатын. Алайда, көсемнің кейбір тұрпайы қылықтары жазушыны жиіркендірген.
Қаламгер өзінің отбасын өмірлік құндылығына балаған. Ол Швеция, Дания, Норвегия, Финляндия, Франция, Жапонияда болған кезінде зайыбы мен перзенттерін өзімен бірге алып жүрген. Сөйтіп, ел көрсін, жер көрсін, адам танысын деген.
1998 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында: «Ұлы Отан соғысы кезінде жоғалып кеткен «Тынық Дон» роман-эпопеясының қолжазбасы табылды. Оны Михаил Александрович Шолоховтың жақын туыстары Батысқа сатпақшы екен», — деген сенсациялық хабар тараған. Қолжазбаны жазушы Лев Колодный тапқан. Майданға аттанар кезде қаламгер «Тынық Донның» қолжазбасын өзінің достарына, Кудашёвтерге сақтауға берген. Оның жан досы Василий Кудашёв соғыста қаза тапқан. Қолжазба оның зайыбы Матильда Емельяновнада қалған. Ал Моти тәтей бұл жайлы ешкімге айтпаған. Ол қайтыс болғаннан кейін пәтердегі барлық дүние-мүлік Кудашёвтердің иелігіне өткен. Олар қолжазбаны шетелге 500 мың долларға сатпақшы болған. Ақыр-аяғында мұрагер Кудашёвтерден 50 мың долларға сатып алынған қолжазба Әлем әдебиеті институтына табыс етілген. Владимир Владимирович Путин қаржы көзін табуға Жарлық берген. Осылайша М.А. Шолохов жазған «Тынық Дон» роман-эпопеясының қолжазбасы Ресейде қалған көрінеді.
Әбдісаттар ӘЛІП,
журналист, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.
Шымкент қаласы.