МАУСЫМ АЙЫНДА 17 МЫҢҒА ЖУЫҚ АРЫЗ-ШАҒЫМ ШЕШІМІН ТАПҚАН

1129

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте тұрғындармен кері байланыс, арыз-шағымдардың орындалу барысы талқыланды, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі. «i-Shymkent 109» орталығының басшысы А.Әміртаев өз баяндамасында Шымкент қаласының ситуациялық орталығына маусым айында тұрғындардан 17 197 арыз-шағым келіп түскенін, оның ішінде 16 915-і орындалған, 282 арыз орындалу барысында екенін атап өтті.

Тұрғындар көбіне «Tolem» картасында орын алған ақаулар, жарықтың ескертусіз сөнуі, Нұрсат шағын ауданындағы электр желісінің жиі істен шығуы, Қошқар ата өзені аумағының тазалығы, қоғамдық көліктер жүру кестесі нормаларының сақталмауы, сызбасының (маршрут) өзгеруі секілді мәселелерді көптеп көтерген. Жиында жауапты мекемелердің рейтингісі жарияланып, сапасыз жұмыстар үшін қала әкімі тарапынан кейбір басшыларға қатаң ескертулер берілді. Қоғамдық көліктерге қатысты жүйелі тексеру шараларын ұйымдастыруды, сонымен бірге, электр қуаты бойынша Энергетика басқармасына нақты тапсырмалар жүктеді. 6 айлық есептегі кемшіліктер бойынша сала басшыларының тікелей жауаптылығын атап өтті.

Айта кетейік, «i-Shymkent 109» ситуациялық орталығынан 2021 жылы 165 536 тұрғын кеңес алған. Мамандар тарапынан қоғамдық көлік бойынша 54 553, жарық мәселелері 53 818, «Төлем» жүйесіне қатысты 42 728, байланыс нөмірлерді анықтау 26 100, Атаулы әлеуметтік көмек (АСП) сұрақтары 20 338 және су мәселелері бойынша 15 675 кеңес берілген. Сонымен қатар, орталық қызметкерлеріне арыз-шағымдарын уақытылы орындап, мәселелерін шешуге көмектескені үшін тұрғындардан 2 393 алғыс та келіп түскен. Мекеме басшысының сөзінше, қаланың дамуы мен көркеюіне, білім, жол, медицина және басқа салаларда атқарылып жатқан қызметтің сапасын көтеру, мәселелерді тез әрі оңтайлы шешілуі бойынша 1 205 ұсыныс тіркелген.