ЖОЛДАУДАҒЫ БАСЫМ БАҒЫТТАР ТҮСІНДІРІЛДІ

474

Шымкент қаласының кәсіпкерлік палатасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауын жүзеге асыру мәселелері бойынша жиын өтті.

Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Біржан Әзімбердиев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Қайрат Анарбаев шағын және орта бизнес өкілдеріне Жолдаудағы негізгі басым бағыттарды жан-жақты түсіндірді.

Мемлекет басшысы Жолдауда жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарын атап берді. Жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде нақты қадамдар жасалады. Жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мүмкіндіктері – жеңілдетілген несие берілмек.
Қайрат Анарбаев жаңа экономикалық саясат бағдарын іске асыру тетіктеріне тоқталып, барлық азаматқа теңдей мүмкіндік берілетінін атап өтті. Ендігі ретте кәсіпкерлерді өндірісті әртараптандырып, бірлесе, ынтымақта еңбек етуге шақырды.
Біржан  Әзімбердиев шаhарда «Іскер қала» бағдарламасын жүзеге асыру барысынан хабардар етіп, индустриялық аймақтарды одан әрі кеңейтуде нақты жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді.
Жиында кәсіпкерлер бизнесті дамыту мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жеңілдетілген несие беру, қайта өңдеу секторын дамытудағы бірқатар өзекті мәселелер бойынша сауалдарын қойды.
Еске сала кетейік, 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жолдады. Президенттің бұл Жолдауында жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы айтылды.