«Ақша тасып бара жатса, елге 42 500 емес, 142 500 теңгеден берсін!»: Қазақстан PR-ға 65 млн теңге бөлмек

1438
«Қазір дүниежүзі PR жасауда. Америкадан бастап, Қытайға дейін барлығы да коронавирустан қорғанып жатыр. Олардың қасында біз үшін PR-дың мағынасы жоқ деп есептеймін», — дейді саясаттанушы.
Ақ халаттылардың өздері маскасыз әрі қорғаныс құралдарынсыз жүргенде, Денсаулық сақтау министрлігі үгіт-насихат жұмыстарына 65 миллион теңге бөлмек. Тіпті, саламатты өмір салтын дәріптеу мақсатында тендер жариялапты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат тпорталы, Atameken Business арнасына сілтеме жасап.
Ал бұған дейін аталған ведомство PR-ға деп 2,5 миллион доллар жұмсағаны хабарланды. Саясаттанушылар бұны «ақылға қонымсыз дүние» деп есептейді. Солардың бірі – Самат Нұртаза арна тілшісімен үйінен скайп арқылы байланысқа шыққан.
«Ауыр айтсам, айып етпеңіздер, мен бұны абсурд деп есептеймін. Себебі, маскаға, дезинфекцияға ақша жетпей жатқанда, 65 миллион теңгені PR-ға бөлу деген – ысырап. Бәрі бітіп, сол PR-ға ғана ақша қалса, онда оны дәрігер мамандардың емделуіне, қорғаныс киімдеріне бөлсін.
Қазір дүниежүзі PR жасауда. Америкадан бастап, Қытайға дейін барлығы да коронавирустан қорғанып жатыр. Олардың қасында біз үшін PR-дың мағынасы жоқ деп есептеймін.
Мысалы, Қытай мемлекеті коронавируспен әскер күші арқылы күресіп жатыр. Үйлердің әр кіреберісіне 1-2 әскерден күзетке қойған. Сондықтан әлгі 65 миллион теңгені сондай әскерлерге адамдардың қауіпсіздігін, тәртібін сақтау үшін жалақы етіп төлеуге болар еді.
Ал АҚШ-та үлкен, кіші, иммигрант, иммигрант емес деп қарамай, адамдардың барлығына бірдей 1200 доллардан беріп жатыр деген хабар естідім. Егер біздің бюджетте ақша тасып бара жатса, азаматтарға 42 500 емес, 142 500 теңгеден беруге болар еді», — дейді саясаттанушы.