Бас мүфти кімдерге ораза ұстамауға рұқсат етілетінін айтты

791
Еліміздің бас мүфтиі тарауық намазы мешіттерде оқылмайтынын айтып, қоғамдық орындарда ауызашар беруді уақытша тоқта тұруға шақырды
Жолаушыларға, науқас адамдар мен жүкті әйелдерге Рамазан айында ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бас мүфти шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау парыз екенін атап өтті.
«Алайда жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды шариғат кейінге қалдыруға рұқсат етеді», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн брифингте.
Биыл қасиетті Рамазан айы 24 cәуірде басталады.
ҚМДБ карантин кезінде тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдеді.
Бас мүфти жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу үшін мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындар мен тағы басқа мекемелерде ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырды.