Екпе төңірегіндегі дау: Қазақстанда вакцина тапшы ма?

1651

Ресейдің «Спутник-V» вакцинасы төңірегіндегі дау басылмай тұр. Бастапқыда екпенің бірінші және екінші дозасын салу интервалы 21 күн деп бекітілген. Бірақ жақында шыққан жаңа қаулыда ол 45 күнге дейін ұзартылды.

Медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев вакцинаның бірінші және екінші компоненті арасындағы үзілісті ұзарту дұрыс емес деп есептейді. Оның сөзінше, бұл вакцина алған адамның иммунитетінің тұрақсыз болып қалуына алып келуі мүмкін.

«Вакцина шығарушының нұсқаулығында 21 күн деп жазылып тұр. Сол себепті осы уақыт интервалын сақтау қажет. Өйтпеген жағдайда (вакцина – ред) адамның денсаулығына кері әсерін тигізеді және иммунитет тұрақсыз болып қалуы мүмкін», — дейді Көнеев.

Қайырғали Көнеев пікірінше, денсаулық сақтау министрлігі «Спутник-V» екпесінің жетіспеуінен бірінші және екінші доза арасындағы үзілісті ұзартуға мәжбүр болған.

«Қазір халық негізінен Қарағандыда өндіріліп жатқан «Спутник-V» вакцинасын алып жатыр. Менің ойымша, олар екпе шығарып үлгермей жатыр. Сондықтан осындай мәселе туындап жатыр», — дейді ол.

Ресейдің «Спутник-V» вакцинасын Қазақстанда (экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы) бизнесмен Қайрат Боранбаевқа тиесілі  Қарағанды фармацефтикалық кешені өндіреді.  Оған бюджеттен 15 миллиард 170 миллион теңге қаржы бөлінген.

Бұған дейін Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов жаңа қаулыны түсіндірген кезде «елде вакцина тапшылығы жоқ» деп мәлімдеген.

Қазақстанда жаппай вакцинация науқаны ақпан айында басталған. Осы уақытқа дейін екпені халықтың небәрі 2,1 пайызы (400,7 мың адам) алған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы екпе салу баяу жүріп жатқанын айтып, денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды сынаған. Кейіннен Цой «сәуір айында 2 миллион адам вакцина алады» деп мәлімдеген. Бірақ ол уәдесінде тұра алмады. 4 мамырдағы дерек бойынша, вакцинаның бірінші компонентін 1 422 204 адам алса, екінші дозасын тек 347 774 адам алған. Вакцинаның екі компонентін алған адам ғана егілген деп саналады.

Есдәулет Қызырбекұлы