Арман Оспановтың UFC-дегі жекпе-жегі жайлы ақпарат шықты

1376

Қазақстандық үздік файтер Арман Оспанов (11-3) UFC-дегі дебютін жақында өткізуі мүмкін, деп жазады Prosports.kz сайты.

Ресейлік ММА инсайдері Игорь Лазорин Instagram-парақшасында Арман Оспановтың жекп-жегі жайлы ақпаратты жариялады. «Арман Оспанов жайлы сұрақ көп келіп жатыр. Жақында жекпе-жек жайлы жаңалық болуы мүмкін», — деп жазды журналист.

Арман өткен жылдың желтоқсан айында АҚШ-қа аттанған. Онда отандасымыз UFC-мен келіссөз жүргізіп, Американың жұмыс визасын күтіп жүрді. Сол аралықта ол Лас-Вегаста (Невада штаты) аты аңызға айналған файтер Рэнди Кутюр негізін қалаған әйгілі Xtreme Couture MMA спортзалында оқу-жаттығу жиынын өткізген. Желтоқсан айының соңында Оспанов Қазақстанға оралды.

Осыдан бірнеше күн бұрын «Сұңқардың» АҚШ-қа жұмыс визасын алғаны және енді америкалық промошенмен келісімшартқа отыра алатыны белгілі болды. Арман Оспанов өзінің соңғы сұхбатында  АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқанын, жекпе-жек өткізу үшін тек визаны күтіп жүргенін айтқан еді

Айта кетейік, «Сұңқар» сегізбұрышқа соңғы рет 2020 жылы наурызда, ACA 105 турнирі аясында шықты. Алматыда өткен кеште ол ресейлік Расул Мирзаевты бірінші раундта нокаутқа жіберген болатын.