Назарбаевтан мұраға қалған партияны бұдан былай Қошанов басқарады

1147

Президент Тоқаев Amanat партиясының төрағалығынан бас тарту және билік партиясындағы мүшелігін тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Бүгіннен бастап Amanat партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда, Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын”, – деді Мемлекет басшысы.

Президент партия қатарынан шыққанымен, ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейтініне сенім білдіретінін атап өтті.

Сондай-ақ ол мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет екенін айтты.

“Amanat еліміздің саяси өмірінде ерекше орны бар ұйым болып қала беретіні анық. Саясаттағы сабақтастық сақталып, партия ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарын жалғастыра береді”, – деді ол.

Ал Amanat партиясының төрағасы болып Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов сайланды. Оның кандидатурасын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.

Оның кандидатурасын партия мүшелері кезектен тыс XXIII съезде қолдады.

“Amanat партиясы – президенттің қоғамдық тірегі, реформалар партиясы және Жаңа Қазақстан құру партиясы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және менің әріптестеріме сенім білдіргені үшін тағы да алғысымды білдіремін”, – деді Қошанов.

Мемлекет басшысы Ерлан Қошановтың ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат екенін атап өтіп, бұл өзгерістер партияның жаңаруына жол ашатынын айтты.

“Бүгінгі өзгерістер Аmаnаt-тың заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашады. Партия елімізді өркендетуге өз үлесін қоса беретіні сөзсіз”, – деді президент.