ШЫМКЕНТТЕ 30 ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП АШЫЛАДЫ

1100
Шымкент қаласында жыл соңына дейін жеке инвесторлардың есебінен жаңадан 30 мектеп ашылады. Сондай-ақ, 4 мектепте қосалқы оқу ғимараттары салынды. Осының арқасында үш ауысымды мектептердің саны 9-дан 5-ке азайғалы отыр.
Бұл туралы Шымкент қалалық мәслихатының кезекті жиырмасыншы сессиясында жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы есеп берген қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.
Сессияны мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов ашып, жүргізіп отырды. Сессияға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
Қалалық білім басқармасы басшысының айтуынша, жергілікті бюджет есебінен Шымкенттегі 3 орта мектеп пен 1 балалар үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық бітеді деп жоспарланған. Сондай-ақ, шаһардағы барлық білім беру ұйымдарында ағымдағы жөндеу және қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары толығымен аяқталған.
Сонымен қатар сессияның күн тәртібінде Шымкент қаласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалардың орындалу барысы мен қысқы жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды.
Мәслихат депутаттары өткен сессияда Шымкент қаласында жаңадан құрылған бесінші ауданға Тұран атауын беруді бірауыздан қолдап, Үкіметтің жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның қарауына тиісті ұсыныс жолданған болатын. Аталған комиссияның 1 тамыз күні өткен отырысында бұл ұсыныс бірауыздан мақұлданды. Енді заңнама талаптарына сәйкес, жаңа ауданның атауы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы және қалалық мәслихаттың бірлескен шешімімен ресми түрде бекітілуі тиіс.
Сессияда депутаттар корпусы осы және өзге де бірқатар мәселелер бойынша дауыс беріп, тиісті шешімдер қабылдады.
Жиынның соңында қала әкімі М.Әйтенов мәслихат депутаттарына шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететін шешімдер қабылдағаны үшін алғысын білдірді.