Гитлердің КСРО-ға шабуылы әр елдің мектеп оқулықтарында қалай жазылып жүр?

1057
Қазір ІІ Дүниежүзілік Соғыстың Шығыс майданын жаһан тарихында «Ұлы Отан Соғысы» емес, орыс-неміс соғысы, кейде екі фашистік идеология жайлаған елдердегі таптық фашист Сталин мен ұлтышыл фашист Гитлер (Hitler) соғысы деп атайтынын енді біле бастадық. Сол кездегі неміс мемлекетін тек большевиктер ғана Фашистік Германия деп атаса, әлем жұртшылығы Веймарлық Германия деп танығандығын отандық тарихшылар да жаза бастады.
Даудың басы посткеңестік заманалық тарихты жазуда ІІ Дүниежүзілік Соғыстағы Шығыс майданның жаһан тарихындағы орнын кеңестік-ресейлік қалыпта «Ұлы Отан Соғысы» деп атауға емес. Латынша жазуында «Adolf Hitler», кириллицада орысша мәнерде «Адольф Гитлер» деп айтылып әм жазылып келген ұлтышыл фашисттің «Хитлер» деп жазылуына жатса керек.
КСРО шекпенінен шыққан түркі елдерінің баршасында және Қытай мен Ветьнамдық тарих оқулықтарында 1939-1945 жылғы ІІ Дүниежүзілік Соғысқа арналған тараулар әлі күнге кеңестік қалыпта, коммунистік идеология сарынында жазылып келе жатқандығын аңғарамыз.
Біз «Abai.kz» оқырмандарын өзге әлем халықтарының мектеп бағдарламасы оқулықтарында Веймарлық Германияның КСРО-ға шабуыл жасауы мен Шығыс майданы туралы қалай жазылғанымен таныс еткелі отырмыз.
McGrawHill-Glencoe баспасынан шыққан Калифорния штатының 10 сыныпқа арналған World History: Modern Times оқулығында:
«Hitler Кеңес Одағына шабуыл жасауды 1941 жылдың көктемінде ойға алғанымен Балқанда орын алған проблемаларға байланысты кейінге қалдырылды. Hitler Венгрия, Болгария мен Румыния саяси әріптестігіне қол жеткізгенімен, Муссолинидің Грециядағы (1940 жыл) сәтсіз науқаны  немістердің оңтүстік шебін грек базасындағы британ әуе күштерінің шабуылынан қорғауға дәрменсіз күйде қалдырды. Осы қауіптің алдын алу үшін Hitler сәуір айында Греция мен Югославияны жаулап алды. Қалыптасқан жағдайға мүлдем сенімді күйде болған Hitler КСРО-ға 1941 жылдың 22 маусымында басып кіріп, қыс түспей жеңіп шығам деген үмітте болды.
Майдан шебі шамамен 2900 шақырымға созылды. Жылдам алға жылжыған неміс әскері екі миллион орыс солдатын тұтқынға алды. Қарашада бір неміс армиясы бүкіл Украинаны басып алса, екіншісі Ленинградты қоршады, үшіншісі КСРО астанасы Мәскеуге қатер төндірді. Бірақ ерте түскен қыс пен кеңес әскерінің қарсылығы шабуылды тоқтаты. Әу баста соғыс науқаны көктемге жобаланғандықтан немістердің қыстық киімі болмады. Соғыс тарихында бірінші рет неміс армиясы тоқтатылды».
АҚШ McGrawHill баспасынан 2014-2015 жылдары шыққан тарихты жоғары сыныптарға тереңдетіп оқытатын Advanced Placement World History оқулығында:
«Соғыстың алғашқы жылдары Қағанаттар Одағы («Рим-Берлин-Токио» — Abai.kz) өз күшін таныта білді. 1941 жылы Hitler-дің Ресейге сәтсіз қысқы жорығынан кейін басымдық бірте-бірте одақтастар жағына ауысып, АҚШ соғысқа араласты».
Ұлыбританияда Аттестациялау мен біліктілікті арттыру Кеңесі мақұлдаған AQA GCSE History: Understanding The Modern World (Dynamic Learning) қосымша білім беретін тарих оқулығындағы «Ресей 1894-1945: Қағандық пен коммунизм» бөлімінде:
«Hitler 1939 жылы екі ел арасында қол қойылған келісімге байланысты КСРО-ға шабуыл жасаған жоқ. Бірақ 1941 жыл 22 маусыда таңсәріде екі миллионнан аса неміс солдаты Ресейге басып кірді. Hitler Британия әлі тізе бүкпесе де «Барбаросса» операциясын бастап кетті. Кейбір әріптестері осылай боларын бұрын болжап айтса, оған құлақ аспаған Сталин әрі-сәрі күйде дағдарып қалды. Бірінші күні-ақ аэродромдардағы 1200 ұшақ жойылды.
Немістердің Мәскеуге қарай жылдам жылжуы барысында, соғысушы екі жақта өздерін қатігез ретінде танытты. Қазанда немістерге жеңіс жақын қалғандай болып көрінді. Бірақ әскерлер мен азаматтық тұлғалардың кейін шегуіне орай Сталин «өртенген жер» саясатын қолдана бастады. Мыңнан аса зауыттар немістердің қолы жетпейтін жерге Орал туынан ары көшірілді. Малдар мен азық-түлік не тасымалданды не жойылды. Немістер алға қарай жылжыған сайын Германиядан азық-түлік жеткізу қиындай түсті. Екіншіден, орыс суығы немістерге қарсы шықты. Қазан бойы толастамай құйған жаңбырдан кейін жер мибатпаққа айналып, неміс шабуылы кідіріс тапты. Одан соң қарашада күн райы нөлге дейін төмендеді. Неміс солдаттары қысқы киіммен қамтамасыз етілмеген еді. Көліктер қатып, адамдар тоңа бастады».
Францияда 2013 шыққан үш басқыштық сыныптың соңғы сыныбына тарих бойынша мектепке арналған Manuel d’histoire, La Librarie des Ecoles  оқулығында:
«Өз табыстарына масаттанған Hitler ақыр аяғы Ресейдің аса зор аумағын иелену үшін КСРО-ға шабуыл жасау керек деп шешті. Ол аталған жерлердің барлығы немістердің «өмірлік кеңістігі» болғанын қалады. «Барбаросса» деп аталатын басып кіру операциясы 1941 жылдың маусымында төрт миллиондай солдаттың (бұл адамзат тарихындағы ең ірі әскери іс-қимыл болатын) қатысуымен басталды. Басында орыстар жеңіліс тапты. Немістер Украинаны жаулап алды, одан кейін Санкт-Петербург (ол кезде Ленинград, «Ленин қаласы» деп аталған болатын) және Мәскеуді қоршауға алмақшы болды».
Францияның жоғары сыныптық Histoire-Géographie 3e Manuel de l’élève тарихы бойынша мектеп оқулығында:
«1941 жыл соғыс Балқанды шарпып, одан кейін немістер лап қойған КСРО аумағына ауысты. Үшінші рейх армиясы тез арада Мәскеу мен Ленинградтың қасына жете алды»
Осы елдің 2016 жылы коллеждерге арнап жазылған Histoire Géographie Enseignement moral et civique 3-ème, Lelivrescolaire.fr,  атты оқулығында:
«Нацистік Германия өзіне «өмірлік кеңістік» жаулап алып, әм Еуропадағы жөйіттерді жоймақ болды. Жапония Шығыс Азияда үстем болуға жанын салды. Еуропа мен Азиядағы одақтастар демократиялық құндылықтарды қорғап қалу үшін бірікті. КСРО  коммунистік жүйенің билігін орнатуға тырысты».
Үндістанның мектепке арналған тарих оқулықтарында (Arjun Dev, History Textbook for class X. National Council of Educational Research and Training, 1989):
«Фашистік елдер агрессиялық актілерін қолға алған шақта оларға тек кеңес үкіметі ғана қарсы тұрды. Батыс кеңестік ұсыныстарды қабыл алмады. Олар КСРО-ны қауіпті ел санап, фашистік елдер оны құртып тынады деген үмітте болды. Ұлыбританиядан басқа Еуропаның бәрін жаулап алған Германия шабуыл жасаспау туралы актіге қарамай, 1941 жылдың 22 маусымында КСРО-ға баса көктеп кірді. Hitler КСРО-ның аса зор аумағы мен ресурстарына қол жеткізуді қатты қалады.
Ол КСРО-ны сегізі аптаның ішінде тас-талқан қылам деп ойлады. Бірақ Hitler КСРО-ның әлеуетін еш қапіріне алмай қатты қателесті. Германия соғыстың алғашқы кезеңінде тамаша жеңістерге қол жеткізді. КСРО-ның  орасан зор аймағын тып-типыл қылды. Ленинград қоршауда қалып, неміс әскерлері Мәскеуге шабуылдады. Қанша айтқанмен алғашқы табыстарға масаттанған неміс әскері тоқтатылды. Кеңес Одағы әскери әм өндірістік күшін өрістетіп, қаһармандықпен күресе алуы Германияның жылдам жеңіске жетемін деген үмітін тас-талқан етті».
Түрікия елінің 2016-2017 жылғы білім министрлігі бекіткен «Заманалық түрік және әлем тарихы» атты 2015 жылы Эргюн Акгюн, Эрсун Балджилар, Мурат Кылычтардың авторлығымен жазылған 5 сыныпқа арналған оқулықта:
«Қандайда бір әскери іс-әрекеттің табыстылығының өлшемі жайында сөз қозғайтын болсақ, онда «Барбароссаны» қоспағанда неміс армиясының Ресейдегі қимылы тым табысты болды. Осыған дейін ең тиімді әскери күш саналатын осы бір идеалды аппарат (әскери машина) соғыс тарихындағы ең ірі жеңістерге жетті. Заманалық соғыс жүргізуді жақтайтын немістер өз қарсыластарынан тым жоғары тұрды. Бұл Ресейді жеңіп, Ресейдің еуропалық бөлігін жаулап алу үшін тым жеткіліксіз болатын. Бұл жорық күйреуге әкеп соғатын жортуыл еді.  Екінші Дүние жүзілік соғыстан кейін орныққан тәртіпке Кеңес Одағының азат болуы үлкен әсер етті. Шындығында, қарсы тұрушылық ондаған жылдарға созылып кетсе де, бірнеше жылдың ішінде (Кеңес Одағының қасарыса қарсылық көрсетуі себепті) Hitler-дің құлдырауына негіз болған орыс армиясының жеңісі ағылшын-америка коалициясының құрылуына түрткі болды».
Өз басым қазақ-орыс тілінде бірлесіп шығатын аудандық газетті жаздырып алсам, орыс тілінде шығатын Семей қалалық және облыстық газеттерді кітапханадан оқып отырам. Бәрінде Ұлы Отан Соғысының аяқталғанына 75 жыл деп жазылады. Тура бір КСРО дәуірінде жүргендейміз.
Орыс тілді қазақ БАҚ жариялайтын әм жариялап келе жатқан материалдарда 1939 жылы 1 қыркүйекте басталып, 1945 жылдың 2 қыркүйегінде аяқталған ІІ жаһан соғысының тек 1941-1945 жылғы орыс-неміс және орыс-жапон соғысы ғана қамтылып, Польша-КСРО, Румыния-КСРО, Балтық бойын жаулап алу аннекциясы мен 1940 жылғы қысқы Фин-КСРО соғыстарына қытысқан әм қаза тапқан ҚазКСР және Орталық Азия (қырғыз, өзбек, түркімен және тәжік елдерінде тұратын этникалық қазақтардан шыққан майдангерлер) жауынгерлері мен офицерлері жайлы мүлдем сөз етілмейді.
Дұрысы Тәуелсіз Ел ретінде солтүстік көршіміз Ресейге жалтақтамай 9 мамырды 1939-1940 жылдардағы Польша-КСРО, Румыния-КСРО, Балтық бойын жаулап алу аннекциясы мен Фин-КСРО соғыстарында және 1941-1945 жылғы орыс-неміс және орыс-жапон соғысында қаза тапқан Орталық Азия жауынгерлері мен офицерлерін еске алу күні ретінде, ал ұлы жеңісті 2 қыркүйекте атап өтуді жолға қоятын кез келген сияқты.
Енді бес жылдан кейін елімізде бірде-бір ІІ жаһан соғысының ардагері қалмайды. Олардың орнын КСРО кезіндегі және Тәуелсіздік кезіндегі түрлі аймақтық әскери-соғыс конфликтілеріне қатысқан ардагерлеріміз басады. Олардың қатысуымен 2025 жылдан бастап өтетін ұлы жеңісті ұлықтауда: 9 мамырды Ұлттық еске алу күні және 2 қыркүйекті жалпыбұқаралық Жеңіс мерекесіне айналдыруымыз керек.  Осы қадамға жалтақ Парламентіміз бара қояр ма екен!?
Сіздер бұған қалай қарайсыздар!?
Әбіл-Серік Әліәкбар
Abai.kz